Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Астана» – үшінші рет чемпион атанды

«Астана» – үшінші рет чемпион атанды

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
671
«Астана» – үшінші рет чемпион атанды Футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына бір тур ғана қалды. Десек те қазірдің өзінде жеңімпаз команда белгілі.

Сәрсенбі күні Көкшетауға сапар шегіп, жергілікті «Оқжетпеспен» 0:0 есебімен тең ойнаған «Астана» биылғы маусымдағы доп доданың бас жүлдесін қанжығасына байлады. 

Ел чемпионатында 31 кездесу өткізген «Астана» 72 ұпайға қол жеткізді. Олар келесі матчты ертең Павлодарда «Ертіске» қарсы өткізеді. Күміс медальді «Қайрат» иеленді. Алматылық клубтың қоржынында 68 ұпай бар. Енді «Қайрат» өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдайды. Ал қола медальдің иегері әлі анықталған жоқ. Үшінші орын үшін тартыс «Ертіс», «Оқжетпес» және «Ордабасының» арасында өрбуде. Осы орайда павлодарлық футболшылардың мүмкіндігі зор екенін айта кетуге тиіспіз. Айтулы команда қазірдің өзінде 48 ұпайды олжалауда. Басты қарсыластарынан олардың үш ұпайы артық. Соңғы турда «Ертіс» тең ойнаса да жеңіс тұғырына көтеріледі. Ондай жағдайда «Оқжетпес» пен «Ордабасыға» жеңістің өзі жеткіліксіз болып қалады. 32 турда Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері «Ақтөбені» қабылдайды.

Сол секілді көш соңында келе жатқан командаларды да маңызды матчтар күтіп тұр. Қауіпті аймақта үш команда тұр. Олар – «Ақжайық», «Тараз» және «Жетісу». Алғашқы екеуі 32 ұпайды еншілесе, соңғысы небары 31 ұпайды қанағат тұтуда. 29 желтоқсанда Орал мен Талдықорғанның командалары өзара күш сынасса, Тараз өз алаңында Қарағандының «Шахтерімен» шеберлік байқасады.

Сонымен, «Астана» қатарынан үшінші мәрте ел чемпионы атанып отыр. Осылайша олар «Ақтөбенің» жетістігін қайталап отыр. Ақтөбелік футболшылар 2007, 2008 және 2009 жылдары бас жүлдені еш кімге ұстатпаған еді. Ал соңғы кездері елордалық клубтың бақ жұлдызы жануда. Болгариялық маман Станимир Стоилов жаттықтыратын «Астана» клубының сапында биылғы маусымда Ненад Эрич, Джордже Деспотович, Неманья Максимович, Рохер Каньяс, Дмитрий Шомко, Патрик Твумаси, Марин Аничич, Серікжан Мұжықов, Асқат Тағыберген, Юрий Логвиненко, Таңат Нөсербаев, Абзал Бейсебеков, Евгений Постников, Алексей Щеткин, Жуниор Кабананга, Азат Нұрғалиев, Лукман Аруна, Игорь Шитов, Сергей Малый, Агим Ибраими, Марк Гурман, Бесарт Абдурахими, Александр Мокин, Біржан Күлбеков, Мәди Жақипбаев және Абай Жунусов сынды ойыншылардың өнер көрсеткенін де айта кеткен абзал.