Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бір қола алдық

Бір қола алдық

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
714
Бір қола алдық Малайзияның Пенанг қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдердің әлем біріншілігі аяқталды. Бұл жарыстың жалпы командалық есебінде Қытай құрамасы озды.

Аспанасты елінің қыздары өте қарқында екен. Сарапқа салынған жеті бас жүлденің төртеуін солар иеленді. Атап айтсақ, Юнхонг Цао (48 келі), Менгиан Ю (53 келі), Шан Хуанг (63 келі) және Хибин Сонг (+69 келі) алтыннан алқа тағынса, Ксиахонг Су (63 келі) күміс медальді мойнына ілді. Бойжеткендер арасындағы сайыстың қалған бас жүлделері колумбиялық Мануэла Берио (44 келі), түркиялық Айсегүл Сакин (58 келі) және эквадорлық Паоло Паласиосқа (69 келі) бұйырды.

Ұлдар бәсекесінде вьетнамдық Нгуен Бао Ли (50 келі), қытайлық Гаомин Хуанг (56 келі), өзбекстандық Атхомжон Ергашев (62 келі), америкалық Кларенс Сумминг (69 келі), колумбиялық Юссон Лопес (77 келі), венесуэллалық Кейдомар Санчес (85 келі), грузиялық Иракли Шхейдзе (94 келі) және ирандық Әли Довоуди (+94 келі) жеңімпаз атанды.

Қазақстан құрамасы Малайзиядағы әлем біріншілігін бір ғана қола медальмен қорытындылады. Бұл жүлденің иегері – Евгений Ломанов. 77 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз 307 (140+167) келілік зілтемірді еңсерді.