Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қаржыны алып, Қазақстаннан қашқандар

Қаржыны алып, Қазақстаннан қашқандар

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1409
Қаржыны алып, Қазақстаннан қашқандар Бас прокурор Жақып Асанов шетелге қашып кеткен адамдар мен ақшаны қалтаға басқандар туралы ашық айтты. Олардың қаржыны қалай жымқырғанын да мәлім етті.

Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев 70 миллион долларды қалтасына басқан.

  • «Қазатомөнеркәсіп» оффшордан адам ойына келмейтін бағамен күкірт қышқылын сатып алып отырған. Шын мәнінде 70 миллион доллар көлеміндегі барлық олжаны  компанияның вице-президенті Тұрсынбаев өз қалтасына басқан. Қазіргі кезде ол Канада бой тасалап жүр, - деді Бас прокурор Жақып Асанов. 
    Рүстем Тұрсынбаевтың осыдан жеті жыл бұрын елден шетелге қашып кеткені белгілі. 

Еліміздің Бас прокуроры  бұл хабарламаны «Ұрланған активтерді шетелден қайтару және ұлттық қаржы жүйесін дамыту» тақырыбындағы Астанада өткен дөңгелек үстелде мәлім етті.

 Сонымен қатар, Бас прокурор үлескерлердің ақшасын алып, Біріккен Араб Әмірліктеріне қашып кеткен Мирxат Әлімбековке қатысты істің жай-жапсарынан да журналистерді хабардар етті.

  • Әлімбетов Астанадағы  үлескерлердің  5,5 миллион долларын ұрлап, шетелге қашып кеткен. Қылмыстық іс басталғаннан кейінгі  үш айдың ішінде оның шетелдегі есепшотына  біздің елден тұрақты түрде  қаржы аударылып келген. Тергеу жүріп жатқанымен,  тергеушілер ол жағдайды байқамаған. Әлімбетовтің өзі табылып, Қазақстанға экстрадицияланды. Бірақ ұсталғанымен, қаржыны қайда жасырғаны белгісіз. Ал үлескерлер болса, ақшасын әлі қайтара алмай жүр. - деді Жақып Асанов.

Шетел асқан Қазақстан қаржысы мұнымен таусылмақ емес. Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты  істе де тергеушілер тығырыққа тірелді. Бас прокурор мұнда да сол  баяғы көріністің қайталанғанын алға тартты.

  • Тергеу амалдары жүріп жатқанда, Атырау облысының бұрынғы әкімінің есепшілері, ұрланған жарты миллиард доллар ақшаны шетел асырған. Өздері де бой тасалап, қазір Англияда тып-тыныш өмір сүріп жатыр, - деді Бас прокурор.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиевке  қатысты «мемлекеттің қаржысын жымқырды» деп айып тағылып, оларға осыдан екі жыл бұрын сырттай үкім кесілгені белгілі. Бірақ осы күнге дейін олардың қайда жасырынғаны белгісіз, халықаралық іздеуде жүр.

Бас прокурор дөңгелек үстөл басында  14 млрд теңгені жымқырып, Австрияға қашып кеткен «Азбука жилья» компаниясының басшысы туралы да қайталап айта кетті.  Ерқанат Тайжанов Қазақстаннан жымқырған  ақшаға ол жақтан қымбат үй мен мүлік сатып алған. 

  • Өкінішке қарай, біз осы іспетті қылмыстық істер бойынша дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Себебі көп жағдайда тиын-тебенді ғана қайтарып отырмыз. Біздің тергеушілеріміз адамға қатысты ең қиын істерді шебер орындайды.  Ұрлық-қарлық, адамды өлтіру, алаяқтық сияқты қылмыстарды жақсы тергеп, істің мәнін аша аламыз. Ол жағынан Еуропа елдерінен де озып тұрмыз. Алайда, қаржылық қылмыстарды тергеу жұмысы ақсап жатыр. Неге? Себебі, ол қылмысты жасайтын адамның білімі де, теxникалық мүмкіндігі де жақсы. Біз болсақ, ақшаны бірден тауып, оны бұғаттап алудың орнына сараптама мен шығынның көлемін есептеп жатамыз. Осы уақыттың ішінде қылмыскерлер ұрлаған ақшаларын оффшорға аударып, оп-оңай шетелге тайып тұрады, -деді Жақып Асанов.

Осы орайда Бас прокурор  біздің тергеушілер қылмыстық істерге қатысты халықаралық сауал жолдауды білмейтінін ашық айтты. Аталған сауал көп жағдайда  халықаралық стандартқа сай келмейді.
-  Ал тергеушілер жолдаған сауалдың мәтінін француз немесе неміс тіліне аударған кезде, құжат мағынасыз болып шығады. Шетелдегі әріптестерімнен бірнеше xат алдым. Олар бізге жиі шағымданады. Өйткені, олар біз жазған сауалдың мәтінін де түсінбейді. Сондықтан шетелдік әріптестеріміз біздің тілді оңай түсіну үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл оңай емес. Бірақ, жүзеге асыру қажет, - деді Бас прокурор Жақып Асанов.

Қалыптасқан жағдайға байланысты қазір Бас прокуратура Қазақстанның құқықтық органдарымен бірге арнайы жоба жасап жатқанын мәлім етті.