Негізгі бет  /  мақалалар  /  Елбасының шағын жұмыс кабинеті ашылады

Елбасының шағын жұмыс кабинеті ашылады

Айқын-ақпарат
1031
Елбасының шағын жұмыс кабинеті ашылады 27 қазанда ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде бұған дейін жабық болған залдар, сондай-ақ, музейдің тұрақты экспозициясының жаңартылған залдары бойынша пресс-тур өтеді.

Елбасының шағын жұмыс кабинеті мен 2-қабылдау бөлмесі көпшілік назарына ұсынылады. Аталған залдардың интерьері мен жабдықтары толығымен жаңартылған.

Шағын жұмыс кабинетінде Президент бейнеконференция байланысының көмегімен селекторлық кеңес өткізген. Қабылдау бөлмесіне Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері қойылған және бұл жерде естелікке суретке түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Музей қызметкерлері Мәжіліс залы мен Күмбезді зал фойесіне жасалған реэкспозиция нәтижелерін таныстырады. Бұл жұмысты күрделілігі мен көлемі жағынан сүбелі ғылыми зерттеу және көркем жобалау жұмыстарымен қатар салыстыруға болады.

Мәжіліс залында Мемлекет басшысы 1997-2004 жж. аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлерімен жұмыс кеңестерін өткізген, мұнда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік даму стратегиясының негіздері әзірленді. Залда орналасқан «Қазақстан Республикасы: мемлекеттік даму стратегиясы» экспозициясы қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын материалдарды жаңаша ұсынады.

Дәстүр бойынша Мемлекет басшысына берілген сыйлықтар қойылатын Күмбезді зал фойесіндегі экспозиция түбегейлі жаңартылды. Ағашқа, теріге, шыныға, хрустальға жаңаша көзқарас; алтын және күмісті айрықша жалтырату; сүйекке, нефритке оймышталған және жібек жіппен шебер кестеленген өрнектер - «Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары» экспозициясын тамашалауға келгендерді ерекше сезім мен түрлі әсерге бөлейтініне сенімдіміз, деп хабарлайды ҚР Тұңғыш Президентінің музейі.

https://baq.kz/kk/news/madeniet/kr_tungish_prezidenti_muzeiinde_elbasinin_shagin_zhumis_kabineti_ashiladi20161026_113400