Негізгі бет  /  мақалалар  /  Лара GGG-мен жұдырықтасқысы келеді

Лара GGG-мен жұдырықтасқысы келеді

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
649
Лара GGG-мен жұдырықтасқысы келеді WBA нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта әлем чемпионы атанып отырған Кубаның атақты боксшысы Эрисланди Лара алдағы күндері Қазақстанның мақтанышы Геннадий Головкинмен күш сынасқысы келетінін мәлімдеді.

33 жастағы Эрисланди Лараның есімі қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Кезінде Бостандық ара­лындағы Гуантанамо қаласының тума­сы әуесқой рингте елеулі табыстарға қол жеткізді. 69 келі салмақта жұды­рықтасқан ол 2005 жылы Қытайдың Миньян қаласында әлем чемпионы атанды. Сол жылы Мәскеуде өткен әлем кубогы жолындағы жарыста күміс медальді мойнына ілді. Басқа да көп­теген байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жарыстарда бұл жігіттің жолы Бақтияр Артаев және Бақыт Сәрсекбаев сынды саңлақтар­-мен бірнеше мәрте қиысты. Көбіне біз­дің жігіттер жеңіс тойын тойлады. Кей кездері Лараның да бағы жанды. 
2007 жылы Бразилияда алауы тұ­танған Пан Америка ойындары бары­сында Куба қабыланы олимпиадалық қалашықтан қашып, дәулеті тасыған мемлекеттерден саяси баспана сұрады. Алайда Бразилияның құзырлы орган­дары оны еліне қайтарды. 2008 жылы Лара екінші мәрте дәл сондай әрекетке барды. Бұл жолы Эрисландидің жолы болып, Германиядан бір-ақ шықты. Неміс жерінде Одланьер Солис пен Юриоркис Гамбоа бастаған Кубаның бір топ даңқты боксшыларымен бірі­гіп, кәсіпқой рингте жұдырықтасуға бел буды. 
–Мен Головкинмен жұдырық­та­суды көптен бері армандап жүрмін. Әрі сол мақсатыма қол жеткізу үшін орта салмақ дәрежесіне көтерілуді көздеп отырмын. Ондай тәуекелге бару мен үшін еш қиындық туғызбайды және сол салмақ дәрежесінде де мықтылы­ғымды мойындатуға күш-жігерімнің жететініне сенімдімін. Ал GGG түлкі­бұланға салмай өз келісімін берсе, мен дәп қазір рингке шығуға әзірмін, – дейді Эрисланди. 
Бұл күндері АҚШ-тың Майами қаласында тұрып жатқан Эрисланди Лара кәсіпқойлар арасында біраз бедел жиып үлгерді. 2008-2016 жылдар аралығында 27 кездесу өткізіп, 23 рет жеңіске жетті. 13 қарсыласын есінен тандырды. Екі жекпе-жекте жеңілсе, тағы екі бәсекені тең аяқтады. Шын мәнінде, Куба боксшысы тек 2014 жылдың 12 шілдесінде мексикалық Сауль Альварестен ұпай санымен ғана ұтылды. Ал 2012 жылдың 9 шілдесінде америкалық Пол Уильямспен болған жекпе-жекте төрешілер бұра тартып, жеңісті қарсыласына ұстатып жіберген болатын.