Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әбу-Дабиге аттанады

Әбу-Дабиге аттанады

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
727
Әбу-Дабиге аттанады Дзюдошылар үшін алдағы күндердегі ең ірі бәсеке 28-30 қазан аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) Әбу-Даби қаласында өтетін Grand Slam турнирі. Әлемдік рейтингке өзгеріс әкелетін дүбірлі додада Қазақстан құрамасы да күш сынасады.

Рио Олимпиадасына қатысқан ба­луандар арасынан Қазақ елі намысын бұл жарыста Отгонцэцег Галбадрах пен Дидар Хамза қорғайды. Аса жеңіл сал­мақта белдесетін Отгонцэцег Әбу-Дабиде бас жүлде алуды көздеуде. Ал Дидар Хамза болса, алдағы уақытта 81 келі салмақ дәрежесінде күресуді құп көріп отыр. Сонымен қатар Парсы шығанағы жағалауына аттанғалы отыр­ған жерлестерім арасында басқа да белді балуандар бар. Мәселен, 66 келі салмақта Азамат Мұқанов өнер көр­сетеді. Ол – 2013 жылғы әлем чем­пио­наты мен 2014 жылғы Азия ойын­да­рын­да жүлдегерлер санатына қосылған 
сақа спортшы. Дәл сол салмақта құр­лықтық және халықаралық деңгейдегі додаларда сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілген Асхат Тельманов сайысқа түседі. 81 және 100 келі салмақ дәре­желерінде Әділет Миссин мен Айбек Серікбаевқа сенім артылды. Ал аса же­ңіл салмақта жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Мағжан Шамшадин татамиге шығады. 
–Бірқатар мықты дзюдо­шы­лары­мыздың аталмыш жарысқа бармауы­ның өзіндік себептері бар. Кейбірі Рио Олимпиадасынан кейін біраз уақыт демалыс алуды жөн көрсе, кейбірі ескі жарақаттарынан айығуда. Атап айтсақ, Елдос Сметовтің мойын омыртқасына ет өскен. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері қазіргі кезде сол сыр­қаттан емделуде. Елдос тек осы жылдың соңында ғана қатарымызға қайта қо­сылады. Ал қалған жігіттердің барлығы да қараша айының бел ортасында Қызылордада өтетін ел біріншілігінде боз кілемге шығады. Сыр бойында жа­лауы желбірейтін осы жарыс арқылы келесі жылғы халықаралық додаларда кімдердің ел намысын қорғайтыны белгілі болады, – дейді Қазақстан құ­ра­масының бас бапкері Ермек Иманбаев.