Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әділдік орнады

Әділдік орнады

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1149
Әділдік орнады Арада біраз уақыт өткеннен кейін 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында күміс медальді иеленген Ресейдің еркін күрес шебері Бесик Кудуховтың допинг қолданғаны анықталды.

 Алайда осы жайсыз хабарды балуанның өзі естіген жоқ. Себебі, ол 2013 жылдың 29 желтоқсанында жол апатынан қаза тапқан еді.

1986 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Осетияның Цхилон ауылында дүниеге келген Бесик спорттың бұл түрімен жастайынан айналысып, бірден дара талантымен оқшауланды. Өз құрдастарының алды болған ол 2005 жылы Ресей ұлттық құрама командасы сапына қабылданды. 2006 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, Гуанчжоудағы жарысты күміс медальмен қорытындылады. Есесіне, одан кейін Баку, Хернинг, Мәскеу және Ыстамбұлда жалауы желбіреген дүниежүзілік додаларда алдына жан салмады. 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында 55 келі салмақта бақ сынап, қола жүлдені олжалады. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 60 келі салмақ дәре­жесі бойынша ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Әзірбайжанның 20 жастағы жұлдызы Тогрул Әскеровтен ұтылып, күміс медальді мойнына ілді. Одан бөлек, Кудуховтың Еуропа чем­пионы, әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы және сол жарыстың екі дүркін жүлдегері, Ресейдің бес дүркін чемпионы және тағы да басқа толып жатқан атақтары бар. Өкінішке қарай, даңқты балуанның өмірі келте болды. 2014 жылдың табалдырықтан аттауына екі күн қалғанда жол апатынан қайтыс болды. Қайғылы оқиға Краснодар мен Влади­кавказ тас жолындағы Армавир қаласының маңында болды. Атақты балуан тізгіндеген «темір тұлпар» жүк көлігімен соқтығысты. Бесик небәрі 27 жаста еді... 
Көзі тірісінде атақты спортшы бірқатар мемлекеттік наградаларға ие болды. Беслан қаласының құрметті азаматы атанды. Жарық дүниемен қош айтысқаннан кейін Беслан мен Ленингор қалаларында Бесик Кудуховтың атына көше берілді. Краснодарда жыл сайын осы азаматты еске түсіруге арналған турнир ұйымдастырылып тұрады. 2015 жылы даңқты балуанның спорттық жолы жайында біраз мағлұмат беретін «Улыбка чемпиона» деп аталатын деректі фильм түсірілді. 
Допингке қарсы күрес агенттігінің (ВАДА) тексерісінен кейін айтулы спортшы рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді пайдаланғаны анықталып, ол Лондонда жеңіп алған жүлдесінен айырылу қаупі туындады. Тіптен күміс медальді үшінші орынға табан тіреген Үнді­стан спортшысы Йогешвару Дуттуге табыс ету туралы да әңгіме өрбіді. Осы жаңалықты естіген түрлі ұйым жетекшілері мен жанкүйерлердің дені өмірден ерте озған балуанды қорғаштаған еді. Олар Халықаралық Олимпиада комитетінен (ХОК) ондай әрекетке бармауды талап етті. Ал үнді балуаны болса, өзінің сыралғы қарсыласына тиесілі медальді алудан үзілді-кесілді бас тартты. Нәтижесінде бұл мәселе оңды ше­шіл­ді. Күні кеше ғана ХОК Бесик Кудуховты Лондон Олимпиа­дасында олжалаған медалінен айырмайтыны жайында ресми ақпарат таратты.