Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ауылдағы мүгедектерге кім жанашыр?

Ауылдағы мүгедектерге кім жанашыр?

Айқын-ақпарат
1244
Ауылдағы мүгедектерге кім жанашыр? Қала ішіндегі зәулім ғимараттарға кіру мүмкіндігінен айырылған мүмкіндігі шектеулі азаматтар жалғыз емес екен.

Ақтөбенің аудан, ауылында да дәл осы көрініс алдан шығады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, олардың алдынан шығатын кедергілерді жоюы тиіс әкімдік, аурухана, емхана, жұмыспен қамту орталығы, мектеп секілді мемлекеттік мекемелердің бәрі қолжетімсіз. Яғни, пандус жоқ, болған күннің өзінде талапқа сай емес. Олар үшін арнайы автотұрақ та қарастырылмаған. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Ақтөбе облыстық филиалы рейд ұйымдастырып, Қарғалы ауданына барды. Әр қадам сайын кедергі, кемшілік анықталды.

Аяқ-қолы сау қарапайым адам жолдағы кедергіні сезбейді. Олар үшін жиектастар, жүргіншілер жолына төселген әсем тастар кедергі емес. Ал мұның бәрі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен белес, тіпті, алынбайтын асу. Сондықтан, соңғы жылдары әлеуметтік нысандарды мүгедектерге бейімдеу жұмысы атқарылып жатыр. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында 100-ден астам нысанның кіре берісіне пандус салу, бар пандусты талапқа сай қайта жабдықтау жоспарланған екен. Жұмысын бастауға құқықсыз, кедергіні жоюға салғырт қарағандарға 2 миллион теңге айыппұл салынып та қойды.

Жұмыс әрі қарай жалғасады. «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы қаладағы кедергілерден соң аудан, ауылдың жайын білуге жолға шықты. Себебі, өңірдегі 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың тең жартысы ауылда тұрады. Алғашқы нысан –  Желтау селолық округі, Петропавл ауылындағы Петропавл орта мектебі. Мұнда автотұрақ жоқ, яғни, мүгедектерге  арналған көлік қою орны белгіленбеген. Пандус тым биік, мектептің кіреберіс есігіне мүгедектер арбасы сыймайды. Баспалдақтары да шамадан тыс биік болып шықты. Дәл осындай кедергілер дәрігерлік амбулаториядан анықталды. Мұндағы пандустың аты бар, заты іске жарамайды. Ал осы Қарғалы ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылындағы В.И.Пацаев атындағы орта мектеп жоспар бойынша үш жыл бойы жөнделеді екен. Биыл есігі ауыстырылып, электр желісі жаңартылды. Тек бұл жаңарту мүгедектердің кіріп-шығуына кедергіні жоймаған, тіпті, жаңа есікке арба сыймайды. Мектеп директоры Ботагөз Түрікпеналина сын, ескертулерді естіген соң есікті талапқа сай етіп қайта салып, есік алдындағы автотұраққа арнайы белгі орнатуға уәде берді.

– Туа бітті мүгедектігім бар. Менің омыртқа сүйектеріме зақым келген. Арбамен емес, балдаққа сүйеніп жүремін. Өз еркіммен қозғаламын, бірақ биік кедергілерде адамдардың көмегіне жүгінемін. Мәселен, Пацаев атындағы орта мектептің баспалдақтарында адам сүйенетін темір қоршаулар  бар. Ал селолық округ әкімшілігі ғимаратының екінші қабатына көтеріле алмаймын. Ғимаратта пандус та қарастырылмаған, – деді І-топ мүгедегі Жанат Қойбақова.

Қарғалы ауданының бірнеше ауылын аралап, мүгедектердің мәселелерімен танысқан «Нұр Отан» партиясының облыстық филиал комиссиясы қиындықтар мен кедергілерді жоюға ұсыныс берді. «Тексерілген нысандарға тән ортақ кемшіліктер – есіктер мен пандустардың талапқа сай келмеуі, автатұрақтардың жоқтығы. Ал көз жанарынан айырылған және құлағы естімейтін азаматтар ғимарат ішінде мүлде қозғала алмайды екен,- деді комиссия мүшесі, «Мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рафик Тазтдинов.

Тексеру кезінде Қосестек селолық округі әкімдігінің ғимараты, аудан орталығы Бадамшадағы әкім аппараты орналасқан нысан, білім бөлімі, «Қазпошта» АҚ-ның филиалы мен сауда, демалыс орындарындағы кедергілердің бар екені анықталды. Бұл кемшіліктер екі ай ішінде жойылуы тиіс.

 

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА