Негізгі бет  /  мақалалар  /  Зообақтағы аңдардың өлімі кездейсоқтық па, әлде...

Зообақтағы аңдардың өлімі кездейсоқтық па, әлде...

Айқын-ақпарат
1030
Зообақтағы аңдардың өлімі кездейсоқтық па, әлде... Келер жылы 80 жылдығын атап өтетін Алматы Хайуанаттар бағының жағдайы алаңдатарлық. Күні кеше ғана Чита есімді жалғыз гепард өлген.

Мамандардың айтуынша, жыртқыш аң 3 жылдан бері ауырған. Ветеринарлар осы күнге дейін оның ем-домын жасап келген. Ал қазан айының басында Мелман есімді екі жасар жираф өлген еді. Бұл оқиғадан кейін табиғат қорғаушылары дабыл қағып, жануар өліміне зообақ қызметкерлерлерінің жұмысқа селқостығы мен немқұрайлығының да себеп болу мүмкіндігін жоққа шығармаған.

          Жалпы, Алматы Хайуанаттар бағында жыл басынан бері бірнеше қайғылы оқиға тіркелген. Мамыр айында Құралай есімді жолбарыс, ал өткен жылы бір шимпанзе өлді деген ақпараттар расталды. Сондай-ақ, жыл басында аю, түлкі мен тағы бір жолбарыстың науқастанып қалғаны белгілі болған еді. Кезінде шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген Хайуанаттар бағының қоғамдық бақылаушылар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Райымбек Баталов пен зообақ директоры Қанат Кәрімов ауруға, әсіресе мысықтұқымдас жыртқыш аңдардың шалдыққанын жеткізген болатын. Тіпті, 2009 жылдан бастап ауырған қар қабыландарының өліміне байланысты ақпараттық дау-дамай мен қоғамдық резонанс туындаған соң, Алматы қаласының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы тексеру шараларын бастаған еді. Қанат  Кәрімовтің айтуынша, бүгінде зообақтағы жағдайды сараптай келе соңғы 3-4 жылда мысықтұқымдас аңдардың көбірек дертке шалдыққаны белгілі болған соң, тараған инфекцияны ауыздықтау үшін жабайы аңдар мекендейтін торлардың залалсыздандырылып жатқан екен. Бұл тұста ілбістердің торын жөндеуге 70 млн теңге, аюлар мен қасқырлардың торына – 80 млн теңгені кәсіпкерлер бөлген көрінеді.  

          Дәл сол жиында Хайуанаттар бағын 29 жыл басқарған Көмек Әлменбаев өз алаңдаушылығын білдіре отырып: «2012 жылы 5 ілбіс сатып алынған. Бұл, әрине, бір зообақ үшін тым көп?! Оның үстіне, оның екеуін Қырғызстаннан әкелген. Меніңше, осыншама көп ілбісті бір зообаққа алу дұрыс шешім емес. Ілбіс, яғни қар қабыланы – тауда мекендейтін аң. Ол қарлы, суық аймақтарда өмір сүруі керек. Ал біздің қаламызда экологиялық жағдай қиын. Байқасаңыз, көлік тығырысы, жол бойы кептелістер – экологияның нашарлауына әсер етуде. Ал өлімге ұшыраған қабыландардың бәрінің өкпесі қабынған. Сондықтан демеушілердің қолдауымен қар қабыландары мекендейтін торлы орындарды арнайы жабдықтау керек. Негізі, олар мекендейтін жердің температурасы салқын болуы тиіс. Ал қыста оларды міндетті түрде таза ауаға шығарып, еркін жүгірту қажет», - деген еді.

          Өкінішке қарай, бүгінде Хайуанаттар бағындағы кейбір құс түрлері жұмыртқа баспайтын болған, ал кей аңдар төлдеуді қойған. Тіпті, зообақтан сүйінші хабарлардан гөрі қайғылы оқиғалар туралы хабарлар жиірек келетін болған. Сондықтан табиғат қорғаушылары кеңестік заманнан қалған зообақтардан арылып, жануарлар ерекше қорғалатын сафари-парктерден үлгі алып, адамға емес, аң-құстарға жағдайлы, жайлы жерлерді ойластыру қажеттігін баса айтады. Ал кейбір орыстілді БАҚ-тар Алматыдағы Хайуанаттар бағы орналасқан жер телімдерінің бай-манаптардың көзіне ілігіп отырғанын жазады.

          Жалпы, зообақта қалыптасқан қиын жағдай, жылына бір емес, бірнеше аңның өлуі, бірнеше жан-жануардың ауруға шалдығуы, емнің көмектеспеуі, төлдемеу проблемасы, т.б. қоғамды да, билікті де ойландыратын мәселе. Шындап келгенде, ондағы жағдай терең сараптама мен тексерістерді әлі де қажет ететін сыңайлы.  

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ