Негізгі бет  /  мақалалар  /  Twitter тығырыққа тірелді

Twitter тығырыққа тірелді

Айқын-ақпарат
927
Twitter тығырыққа тірелді Осы аптада «Твиттер» микроблогтар қызметіне иелік ететін Twitter Inc. компаниясы қаржылық қиындықтарға байланысты тағы қанша адамды жұмыссыз қалдыратынын жариялайды.

Блумберг агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, компания штатының 8 пайызға жуығы немесе шамамен 300 қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін.

Осыдан бір жыл бұрын да компания осынша қызметкерін жұмыстан қысқартқан болатын. Былтыр қиындықтарға тап болған компанияны құлдыраудан құтқару үшін басшылыққа оның негізін қалаушылардың бірі Джек Дорсидің өзі келген еді.

Блумбергтегі дереккөздің айтуынша, қысқартылатын жұмыс орындарының саны әлі нақтыланбаған. Twitter компаниясының баспасөз қызметі бұл санды атаудан бас тартты.

Бейсенбі күні үшінші тоқсандағы табыс жайында жаңа мәліметтер жарияланады деп күтілуде. Алайда онсыз-ақ компанияның қандай ауыр күйде екенін түсіну қиын емес. Былтыр Twitter-дің таза табысы жарты миллиард доллардан астам қаржыны құраған болатын.

Соңғы 12 айдың ішінде компания акцияларының құны 40%-ға түсіп кетті. Осының кесірінен алдыңғы қатарлы қызметкерлерінің жалақысын төлеу Твиттер үшін қиындай түсті. Есесіне, әлдеқайда жоғары жалақымен қызықтыратын компаниялар ІТ-технология саласында күн сайын артып келеді.

Соңғы уақытта Джек Дорси кезінде дүркіреп тұрған жобасын сатуға бел буған еді, алайда қызығушылық танытқан үш компания – Salesforce.com Inc., The Walt Disney Co. мен Alphabet Inс. де оны сатып алудан бас тартты.

2016 жылдың қаңтарында айлық көрсеткіштер бойынша ең төменгі твиттер саны тіркелді – 300 млн. Бұл максималды көрсеткіштен екі есе аз. 2014 жылы тамызда аталмыш қызметтің көмегімен 661 млн твит жарияланған болатын.

Соған қарамастан, әлем бойынша 313 млн адам твиттерді тұрақты пайдаланатын көрінеді.

Baq.kz