Негізгі бет  /  мақалалар  /  Оның да өмір сүруге құқы бар...

Оның да өмір сүруге құқы бар...

Айқын-ақпарат
1219
Оның да өмір сүруге құқы бар... Тағдыры қиын адамдар туралы ойланып көрдік пе бір сәт. Жоқ. Олардың жазығы неде? Өмірге жарымжан болып келгендігінде ме?

 Мүмкін, біз ондай адамдардың жан дүниесіне ешқашан үңіліп көрмеген де шығармыз. Оның да арман-мақсаты бар. Оның да дені сау адамдар секілді өмір сүргісі келеді.

Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Болгарияның коммерция­-
лық емес Құқық орталығы өткізген көрме осындай тағдыры қиын жан­дардың өмірінен сыр шертеді. Болгарлық авторлар Надежда Георгиева мен Яна Бурер Таваниер өз туындыларын «Мен шешім қабылдаймын – Мен өмір сүремін» деп атапты. Бұл Декарттың атақты «Мен ойлана аламын, демек, мен тіршілік етемін» афоризмімен сәйкестендіріліп отыр. Демек, олардың өмір сүремін деп шешім қабылдауына себеп бар. 
Қараңызшы, мүмкіндігі шектеулі немесе психикалық проблемалары бар адамдардың билігі өз қолында ма? Жоқ, олар үшін өзгелер жауапты. Яғни, оның өмірі үнемі қамқоршысының қолында. Көңіл күйі мен бос­тандығын, мүлкі мен бар қаражатын қамқоршысы бақылауда ұстайды. 
Қамқоршылыққа алынған адамдардың өз өміріне билік жүргізе ал­май­тыны белгілі. Олардың дауыстары, тілектері мен ойларының заң алдында құқы жоқ. Тіпті олар өз өміріне өздері «шешім» қабылдай алмайды.
Ең қызығы, Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына қолайлы мұражайлар мен көрме залдары жоқ екен. Болгарияда тұратын суретші Надежда Георгиева мен журналист Яна Бурер Таваниердің бір­лескен туындысы Art Lane-дегі көрме залында өтті. 
Әрбір суреттің астында өмір сүруге жетелейтін, әрбір баланың арман-мақсатын айқындайтын әдемі сөздер жазылып қойылған. Ол сөздер қара­пайым адамның өзіндік ерекшелігін көрсетіп тұр. 16 визуалдық-мәтіндік туындылар бақытты өмірге жетелейді, әлеуметтік өлімді жеңуге ұмтыл­ды­рады. 
16 визуалдық туындылар. Әрқайсысы жеке-жеке тағдыр иесі. Әрі су­ретші өз қаһарманын жабылған шыны ішінде «балалық» стильдегі мане­рада бейнелеуге тырысады. Оның бостандығы өзге қаһарман шынын бал­ғамен ұрғанда ғана жүзеге асады. Бастысы, бейнелер мен мәтіндер бір-бірімен үйлесім тапқан. Сол арқылы оның мәнін терең түсіне аласың. 
Мұның бәрі көрерменді ойға жетелейді: яғни, авторлар олардың назарын қоғамға қажетті гуманизм идеясына, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге бағыттайды. Бұл көрме мүмкіндігі шектеулі және психикалық проблемалары бар адамдардың да өмір сүруге құқы бар деген моральды алға тартады.

 

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ