Негізгі бет  /  мақалалар  /  Отандық қызылша мен жоңышқа тұқымы Жаркент өңірінде өсіріледі

Отандық қызылша мен жоңышқа тұқымы Жаркент өңірінде өсіріледі

Айқын-ақпарат
1322
Отандық қызылша мен жоңышқа тұқымы Жаркент өңірінде өсіріледі

Жаркент өңіріндегі еңбекқор­лығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланып, жеке жүріп жол табудың қиындығын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ сезініп, іргелі шаруашылықтың іргесін бұзбай, бар қиындықты бір кездегі ұжымдастарымен бірге көруді үйлестіре білген азаматтардың бірі – үлкеншығандық кәсіпкер, білікті басшы Әлен Жолдасов. Жаңалыққа жаны құмар елгезек жетекші кез келген нәрсе үшін сыртқа қол жайғанды дұрыс көрмейді. Қолдан келетіннің барлығын өздерінде жасап, қызығын да, шыжығын да 
жұртпен бірге көргенді жөн санайды. Соның арқасында бір кезде өзі басқарған шаруашылық негізінде еліміздегі бірден-бір отандық қызылша тұқымын өсіретін жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, қазіргі кезде еліміздегі тәтті түбір өсіретін өңірлердің біразын қазақстандық қызылша тұқымымен қамтамасыз етіп келеді. 

– Бүгінгі күнге жету оңайға соқпады. Жекешелендіру жылдары ортақ техни­­ка­-ны, мүлікті талапайдан аман алып қалуға, ұжымның бірлігін сақтауға қатысты қаре­кетім кейбіреулерге жақпады. Түсінбестік танытып қана қоймай, қарсы әрекеттерге барғандар да болды. Төзімділік пен ең­бек­қорлық арқасында бәрін де жеңдік. Соның арқасында қазіргі кезде көштен қалмай­тын­дай жағдайымыз бар. Шынымды айт­сам, жерін қараусыз, малын бағусыз қал­дырып, Үкіметке қол жайып отырғандарды ұқпаймын. Барлығы шағын ғана нәрседен басталады. Мүмкіндігіңше жеріңді игер, малыңды өсір, бақшаңды бапта, сонда ақырындап кіріс те кіредi. Сәл-пәл қоң жинағаннан кейін өрісіңді кеңейте түс. Талпынған жанға мемлекет қолдау жасап-ақ жатыр. Біз де бүгінгі жағдайға жеке өз күшімізбен жеткеніміз жоқ, құлшыны­сы­мызды құптаған мемлекет тарапынан жа­салған түрлі қолдаулардың пайдасын да көріп отырмыз. Тек әр қамқорлықтың қай­тарымы болуы керектігін естен шығарма­ған дұрыс. 
Кезінде отандық қызылша тұқымын өсірем дегенде күле қарағандар көп болды. Іздендік, тәжірибе алмастық, ғылыми-зерт­теу жүргіздік, ақыры мақсатқа жеттік. Елбасының тапсырмасымен отандық өнім­ді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағ­дар­ла­малардың көмегі көп болды. Ендігі мақсат – осынау берері мол бағдарлы істі одан ары дамыту, – дейді «Қамқорлық» ЖШС төрағасы Әлен Жолдасов. 
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұ­рын Жетісу жеріне арнаған сапарында кезінде өңірдің атақ-даңқын асырған қант қызылшасын өсіру мен қайта өңдеуді жан­дандыру туралы Алматы облысының бас­шылығына нақты тапсырмалар берген еді. Сол жүктелген міндеттеме былтыр біршама орындалды. Мүлде тоқырап, диқандар егу­ден бас тарта бастаған тәтті түбір егілген алқап көлемі өткен жылы 4 мың гектарға жуықтап, оның әр гектарынан жоғары өнім алынды. Қайта өңдеуде де іркіліс пен тү­сінбестік тіркелмеді. Соның нәтижесінде, биыл қант қызылшасы алқабының ауқымы 7 мың гектарға жете жығылды және қазіргі жиналып жатқан түсімге қарағанда, гек­тарынан алынатын өнім былтырғыдан аса­ды деген болжам бар. 
Қант қызылшасы жер жаннаты Жеті­судың төл дақылына айналғалы қашан?! Қазіргі кезде де елімізде өсірілетін тәтті түбірдің басым бөлігі Алматы облысының еншісіне тиетіндігі осының айғағы. Та­би­ғаты мен топырағы аталған дақылды өсі­руге қолайлы аймақ халқы өзіне ондаған жыл бойы етене жақын өндіріс көзіне ай­нал­ған тәтті түбір алқаптарын болашақта да кеңіте бермесе кемітпек емес. Қант қызыл­шасы бұрын техникалық дақыл болса, бү­гінгі таңда стратегиялық өнімге айналды. Сондықтан да Үкімет қант өндірісіне үл­-кен қолдаулар жасап отыр. 
Уақыт талабы – елімізде бәсекелес­тік­-ке төтеп бере алатын өнімдер өсіру және өндіру. Ауылшаруашылық дақылының кез келген түрінің жақсы өсіп, сапалы өнім беруі ең алдымен тұқымның сапасына байланысты. Соңғы 10 жылдан бері қант қызылшасының элиталық тұқымын өсі­ру­мен шұғылданып келе жатқан Жаркент өңіріндегі «Қамқорлық» ЖШС – еліміздегі тәтті түбір тұқымын өндіріп жүрген жалғыз шаруашылық. Серіктестік жетекшісі Әлен Жолдасов бастаманы қолға алған сәттен бастап Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен бірге алыс-жақын шет мем­лекеттердегі ғылыми институттармен, же­келеген шаруашылықтар және ғалым­дар­мен тығыз байланыс орнатып, тұтынушы талабына барлық жағынан жауап бере алатын қызылша тұқымын өсіруге кірісті және ізденістің арқасында біршама нәти­жеге қол жеткізді. 
 Қазіргі кезде аталған шаруашылық­-
тың өндірісінде отандық ғалымдарымыз шығарған «Қазсиб» атты қант қызыл­ша­сының бір ғана тұқымы өндіріледі. Елі­міздегі қызылша өсіретіндер тәтті түбір тұқымының көпшілігін шет елдерден ал­дыратыны рас. Олардың бағасы удай қым­бат әрі жерсінуі де оңайға соқпайды. «Қам­қорлық» ЖШС өсірген, сапасы шетел­дік-
терден еш кемдігі жоқ тұқым бағасы им­порт­қа қарағанда он есеге арзан. Осындай жағдайда бәсекелестік бәйгесіне түскен отандық тұқымға елімізде сұраныс ауқымы жыл өткен сайын артып келеді. 
 Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ауыл шаруашылығы министрлігі өзімізде өсірілген өнімнің сапасын, өзіндік құны­ның тиімділігін бағалап мол қаржы бөліп, еліміздегі қант қызылшасын өсіретін шаруа қожалықтарына тиімді бағада тұқым сатуға, отандастарымыздың дастарқанын қантпен қамтамасыз ететін тәтті түбір өсірілетін ал­қаптардың кеңи түсуіне жағдай жасауда. Жаркенттіктер өндірген тұқымды пайда­ланған Көксу, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Ала­көл аудандары мен Жамбыл облысындағы Меркі, Байзақ, Шу аудандарындағы тәтті түбір өсіруге маманданған шаруашылық­-тар «Қамқорлыққа» дән разы. Өткен жылы өндірген өнімнің 60 пайызын Жамбыл об­лысының, 20 пайызын Оңтүстік Қазақстан облысы, қалғанын Алматы облысының қы­зылша өсіруші шаруалары сатып алып, сапалы, мол өнімге кенелді. 
 – Жамбыл облысының басшылары Меркі қант зауыты мен аудандарындағы тәтті түбір өсіретін шаруашылықтардың және біздің үшжақты келісім жасауымызға мүмкіндік туғызды. Бұл бір саладан нәпақа күткен үш тараптың өзара сенімділігін ны­ғайтып, тиімділікке кепілдік берді. Өкі­ніш­ке қарай, кезінде Алматы облысындағы қызылша өсірушілер осындай кепілдікке қол жеткізбегендіктен, тұқымға көп шығын жұмсап өсірген өнімдерін қант зауыттарына лайықты бағада өткізе алмай қиналғанын да көрдік. Мұның ақыры қант қызылшасын өсіруге ұзақ жылдардан бері маманданған кейбір қожалықтардың басқа өтімді да­қылды таңдауына әкеліп соқтырғанына да куә болдық. Дегенмен облыс басшысының араласуы нәтижесінде, былтырдан бері өз өңірімізде де отандық тұқымға назар ауда­рыла бастады, – дейді шаруашылық бас­шысы. 
Биыл «Қамқорлық» ЖШС еңбек­кер­лері 10 гектар алқапқа украиналық ғалым­дар шығарған бір дәнекті «Ялтушков­ская-30» (6 гектар) және отандық ғалым-
­дары­мыздың өнімі «Қазсиб-14» (4 гектар) элиталық қызылша тұқымдарын өсіріп, 
10 тонна таза, сапалы тұқым жинады. Жар­кент жерінде өндірілген тұқымдар өз об­лысымыздағы 65 жеке шаруа қожалығын­-да, оның ішінде Сарқан ауданындағы Гүл­­бану Молдажарова жетекшілік ететін «Аманжол» ЖШҚ-да, Ақсу өңіріндегі Ермау Сейтеш басқаратын «Жар­болды», Мұхит Таласбаев басқаратын «Қабырғатал» ӨК сияқты шаруа­шы­лық­тарда өсіріліп, жоғары нәтижесін берген. Жамбыл об­лы­сының диқандары да отан­дық тұқымның пайдасын кө­ріп келеді. 
– Кез келген өндіріс орнында білікті маман, ынталы еңбек адамдарынсыз жетіс­тікке жету мүмкін емес. Бұл орайда шаруа­шылығымыз құрылған алғашқы кезден бас­тап еңбек ететін жоғары білімді ғалым-аграном Ақын Оймауытов, тұқым өсірудің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі жұмыс­шыларымыз Шекер Мұхаметжанова, Бақытгүл Құдайбергенова, Маржан Алым­жанова, механизаторларымыз, Талғат Шөкеев, Алпысбай Бексұлтановтарды мақ­танышпен бөле-жара атар едім. 
Біз ауылдағы мектеп партасында отырған жеткіншектердің өз ауылындағы өндіріс орнымен танысып, оның жұ­мы­сы­ның сырын меңгеруіне жол аштық. Ауылы­мыздағы Үлкеншыған орта мектебіндегі Гүлнар Тазабекова жетекшілік ететін сы­нып оқушыларымен тығыз байланыс жа­сап, жастардың біздің өндіріспен терең та­нысуына мұрындық болдық. Оқушыларды жазғы демалысында алқапқа апарып, ақы­лы жұ­мыс беру арқылы еңбекке баулимыз, – деп ауылдың бүгінгімен бірге болашағын да ойлайтындығын білдірді Әлен ағамыз. 
Осыдан 13 жыл бұрын құрылған ша­руашылық негізгі бағыты ретінде қант қы­зылшасының элиталық тұқымын өсі­руді таңдағанымен, жылдар өтіп өндірістік қуаты артқан сайын ауылшаруашылық өнім­дерінің басқа түрлеріне де ден қоя бастады. Серіктестікте МТС бар. Ондағы техникаларды өз өндірісінде пайдалану­-мен қатар көктемгі егін егу, күзгі жиын-терім науқандарында өңірдегі басқа ша­руашылықтарға көмектесу арқылы табыс табады. Шаруашылыққа жерімен бірге ен­ген қожалықтардың жерін жыртып, егінін егіп, өнімін жинап береді. Өздері де азын-аулақ бидай, жүгері өсіреді. 2011 жылдан бері Ресейден өсімдік майын сығатын қуаттылығы жоғары агрегат әкеліп орна­тып, мақсары (софлор) өсіріп, жиналған өнімді осы цехта ұқсатуда. Алдыңғы жылы сол елден ағаш тілетін қуатты ара сатып алып, ауылдастарының құрылыс мате­риалдарына деген сұранысын қанағат­тандыру арқылы қосымша табыс көзін ашты. Сол сияқты Қытайдан қоспажем тартатын шағын зауыт жабдықтарын жет­кізіп, орнатты. 
Қазір тұрмысы түзелген ауыл тұрғын­дары жаңа үй салып, заман талабына сай өмір сүруге ынтық. Бұл орайда бау-бақша­ларына терек, тал өсіріп, оны құрылыс ма­териалына пайдаланғысы келетіндер қа­тары көп. Олар бұрын ағаш тілдіру үшін Жаркент қаласындағы кәсіпорындарға сабылатын, енді іргеде, өз ауылдарында Әленнің кәсіпорнына апарады. Жем тар­татын шағын зауыт серіктестіктегі борда­қылау алаңындағы малдың өзіндік құнына оң әсер етіп қана қоймай, мал бордақылап сататын ауылдастарына да қолайлы болып тұр. Шаруашылықтағылар көпжылдық шөп егіп, оның тұқымын дайындауды қолға алды. Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, жоңышқаның «Жетісу» сортын Жаркент өңіріне жерсіндіру ісін жолға қойды. Жо­ңышқаның осы түрінің тұқымын өсіруді қолға алып, 7 гектар жерге өсіріп, одан күз­де 2 тоннаға жуық таза тұқым жинады.
Басты мақсаты ретінде отандық өн­ді­рісті дамытып, елдің қажетін өтеуді таң­даған шаруашылық қазірдің өзінде қант қызылшасын өсірушілердің тұқымға деген талаптарын қанағаттандырып, ғылым мен өндірісті ұштастырды. Отандық тұқымды арзан бағада өндіруді жолға қойып, алдағы уақытта облысымыздың қызылша өсіру­шілеріне қажет тәтті түбір тұқымының ең кем дегенде 50 пайызын әзірлеуге бел бу­ыпты.