Негізгі бет  /  мақалалар  /  Маңғыстауда шетінеген нәрестелер аз емес

Маңғыстауда шетінеген нәрестелер аз емес

Айқын-ақпарат
1492
Маңғыстауда шетінеген нәрестелер аз емес Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимаратында аймақ басшысының орынбасары Бану Нұрғазиеваның қатысуымен денсаулық сақтау саласы мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

 Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр сөз сөйлеп, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысына облыс бойынша орын алған 1 жасқа дейiнгі нәрестелердің өлім-жітім деңгейінің өсуіне тоқталды.
– Маңғыстау облысы бойынша соңғы үш жыл аралығын салыстырсақ сәби өлімі­нің бірқалыпты төмендеу динамикасы Мұ­найлы ауданында ғана байқалады. Ал өзге аудандарда ахуал ушығып тұр. Әсіресе, жас нәрестелердің өлім-жітім деңгейінен Бей­неу, Түпқараған және Қарақия аудандары көш бастап келеді. Облыс орталығы Ақтау қаласында да көрсеткіш жоғары. Үстіміздегі жылдың 9 айы аралығында 14 826 сәби дү­ниеге келді. Өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда бұл көрсеткіш 604 нә­рестеге көбейген. Алайда облыс бойынша 1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер саны 146-ны құрады. Туылған балалар санына шаққандағы сәбилердің шетінеу деңгейі был­тырғы жылмен бірдей көрсеткішті құ­рап отыр, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.
Басқарма тарапынан жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес Ақтау қаласында сәби өлімі екі есеге артқандығы анықталды. Бейнеу, Түпқараған мен Қарақия аудан­дарында жүкті әйелдерді есепке алуды уақы­тылы жүзеге асырмау, толық деңгей­-
де медициналық тексерілімнен өтпеу, уақытынан бұрын босану, сонымен қатар науқас сәбилерді мерзімінде стационарға емдеуге жатқызу шаралары өз деңгейінде орындалмау салдарынан өлім-жітім деңгейі артып отыр. Бұл бастапқы медико-сани­тарлық және стационарлық көмек көрсету қызметкерлерінің ұйымдастыру жұмысы­ның, қалалық, аудандық штат қызметі сапасының төмендігін көрсетеді. Дүниеден өткен нәрестелердің 95-і босандыру ұйым­дарында, 42 сәби балалар ауруханаларында, ал 9 нәресте үй жағдайында шетінеген. 
Алайда туа біткен ақаулары бар сәбилер саны өткен жылмен салыстырғанда төмен­деген. Бұл, әрине, өңірдегі неонаталды хи­рургия қызметі сапасының артқандығын көрсетеді. Биыл туа бітті дертке шалдыққан 18 шақалақ шетінеген. Былтыр бұл көр­сет­кіш 25-ті құрады. Жазатайым жағдайларда орын алған сәби өлімі 6 есеге көбейді. Үй жағдайында тіркелген нәрестелер өлімінің 50 пайызына сот-медициналық сараптама жүргізілмегендіктен нақты өлім себептері анықталмай отыр. 
Мекемелер арасындағы мониторинг республикалық деңгейде жүкті әйелдерді уақытылы есепке алу 85 пайызды көрсетсе, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш бар-жоғы 81 пайыз ғана. Ең төменгі көрсеткіш Қарақия ауданында. Жаңазен қалалық 
№2 емханасы ғана 94 пайызды көрсеткен. 
– Егер мекеме басшылары қарама­ғын­дағы медициналық қызметкерлер жұмы­сына жауапкершілікпен қарайтын болса, жоғарыда атап өткен келеңсіздіктер орын алмас еді. Бас дәрігер бірінші орынға жұ­мысты қоюы тиіс. Кез келген мәселе жа­й­ында әкімшілік немесе облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасы хабардар болуы тиіс. Ана мен бала өлімі медициналық қыз­меткерлердің біліктілік деңгейінің ғана емес, қоғамның экономикалық-әлеуметтік даму процесінің ең басты көрсеткіші болып саналады. Сондықтан ана мен бала ден­саулығын сақтауға бағытталған шаралар әрдайым күн тәртібінде тұруы тиіс, – деді Марал Қадыр. 
Сондай-ақ отырыста айтылған тағы бір мәселе – аймақ бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында 424 дәрігер жетіспейтіні. Оның ішінде облыс медицинасы 43 анес­тезиолог-реаниматолог, 41 акушер-гине­колог, 25 терапевт және өзге медициналық мамандық иелеріне зәру. 
Үйлестіру кеңесі отырысында «Қазақ­стан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасы» сөз болды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Клара Оралбаева инфаркт миокарды, жарақат, инсульт және қатерлі дерт ауру­ларында медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған үлгісін енгізу бойынша «Жол карталарының» орындалысы туралы баяндады. 
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы