Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Астана» алдыратын емес

«Астана» алдыратын емес

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
763
«Астана»  алдыратын емес Сенбі және жексенбі күндері футболдан Қазақстан чемпионатының 31-тур ойындары Қарағанды, Орал, Тараз, Көкшетау, Павлодар және Астана қалаларында өтті.

Бұл кездесулерді спортсүйер қауым жіті қадағалады. Ал жасыл алаңға шыққан ойыншылардың барлығы да өз жанкүйерлерінің сенім үдесінен шығуға талпынып, барын салды. 

Сенбі күні үш кездесу өткізілді. Қара­ған­дыда «Жетісуды» қабылдаған «Шахтер» 4:1 есебімен айқын жеңіске қол жеткізді. Бұл кездесуде Мақсат Байжанов екі гол соқ­са, Юлиан Сзоке мен Десли Уббинк бір-бір реттен нысананы дәл көздеді. Матч­­тың аяқталуына санаулы секундтар қал­ғанда талдықорғандықтардың бір доп салу­ға шамалары жетті. Бұл голдың авторы – Максим Азовский.
«Тараз» өз алаңында «Тобылды» 2:1 есе­бі­­мен тізе бүктірді. Бірінші кезеңде Мәлім Ма­­не мен Йоан Мера мергендік танытса, үзі­­лістен кейін Чиприан Деак есеп айыр­ма­шылығын қысқартты. 
Оралда «Ақжайық» пен «Атырау» клуб­тары арасында өткен бәсекеде алаң иелері­нің мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. 16-минутта Константин Дудченко есеп аш­­са, 37-минутта Фредди Коронель 11 метр­­лік нүктеден нысананы дәл көздеді. Екін­ші таймда Вячеслав Шарпар әупірім­деп жүріп қарымта гол соққанымен, көп ұза­май тағы сол Коронель матчтың соңғы нүк­тесін қойды – 3:1. 
Жексенбіде мықтылардың бәсекесін та­машаладық. Көш басында келе жатқан «А­стана» бұл жолы «Ақтөбемен» кездесіп, қа­жетті үш ұпайға қол жеткізді. «Астана Аре­нада» өткен ойынның 12-минутында Джорд­же Деспотович гол соққан еді, содан кейін есеп өзгерген жоқ – 1:0. 
Екінші орында келе жатқан «Қайрат» Павлодарда «Ертіспен» күш сынасып, 3:1 есе­бімен жеңіске жетті. Бұл кездесудегі бар­­лық голдар екінші таймда соғылды. Же­­рар Гоу екі мәрте мергендік танытса, Бауыржан Исламхан бір рет нысананы дәл көздеді. Алаң иелері сапынан тек Карлос Фон­сека қонақтар қақпасынан саңылау таба алды. 
«Оқжетпес» пен «Ордабасы» арасын­дағы бәсекеде алаң иелері айқын жеңіске қол жеткізді. Есеп – 3:0. Бұл голдардың ав­­тор­лары – Серж Нганбе, Ристо Ристович және Санат Жұмаханов.  
Қазіргі кезде «Астана» мен «Оқжет­пес­тен» басқа командалардың барлығы да 31 кез­десуден өткізді. Жоғарыда аталған ұжым­дардың өзгелерден бір ойыны кем. Соған қарамастан, «Астана» жеке-дара көш бас­тап тұр. Елордалық клубтың еншісінде 71 ұпайы бар. Екінші орындағы «Қайрат» 68 ұпайды олжалауда. Қола медаль үшін тар­тыс «Ертіс» пен «Ордабасы» арасында өте­тіні анық. Керекуліктер 48 ұпайды ие­лен­се, шымкенттік футболшылар 45 ұпай­ды иемденуде. Келесі жылы да Премьер-лигада күш сынасу құқығын сақтап қалу үшін үш команда жанталасуда. Олар – «Ақжайық» (32 ұпай), «Тараз» (32 ұпай) жә­не «Жетісу» (31 ұпай).