Негізгі бет  /  мақалалар  /  Конфедерация кубогы жалғасуда

Конфедерация кубогы жалғасуда

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
765
Конфедерация кубогы жалғасуда Үстіміздегі жылы Спортты жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері жақсы бір бастаманы қолға алған еді.

Аталмыш ұйым еліміздің бірқатар аймағында бір мезгілде грек-рим және еркін күрес, дзюдо мен таэквондодан бәсекелер ұйымдастырып, сан мың жанкүйерді қуанышқа бөлеуде. 

Сондай дүбірлі доданың бірі күні ке­ше ғана Өскеменде аяқталды. Кон­фе­дерация кубогы деген атауға ие бол­ған бәсекеде «В» тобындағы, яғ­ни Шы­ғыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ­стан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары өнер көрсетті. Енді сол жа­рыстардың барлығына қысқаша тоқтала кетейік. Таэк­вон­додан өткен сайыста Батыс Қа­зақ­стан облысы­ның командасы жеңім­паз атанып, финалдық кезеңге жол­дама алды. Жайық жағалауынан кел­ген өрендер алдымен Солтүстік Қа­зақ­стан об­лысы өкілдерін 71:31 есе­бі­мен ұтса, іле-шала Шығыс Қа­зақ­стан құра­ма­сын қапы қалдырды. Есеп – 34:23. 
Боз кілемдегі бәсекелер тіптен тар­тысты өтті. Өз өңірлерінің на­мы­сын қорғаған қатарында есімдері көп­­шілікке жақсы таныс балуан­дар­дың қатары мол болды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы құрамасы сапында қос бірдей Олимпиада ойын­дарында бақ сынап, құрлықтық деңгейдегі додаларда сан мәрте оза шапқан Дархан Баяхметов пен Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы Расул Қалиевтей сақа спорт­шылар өнер көрсетті. Басқа да ко­мандалардың қатарында «сен тұр, мен атайын» дейтіндер аз болған жоқ. Осындай «жан алысып, жан бе­ріс­кен» айқас барысында грек-рим күресінен Сол­түстік Қазақстан облысынан кел­­ген саңлақтар топ жарса, еркін кү­рес шеберлері бәсекесінде жарыс қо­жайындары дес бермеді. Бір ға­жа­бы, соңғы сайыста жергілікті балуан­дар барлық қарсыластарын 6:0 есеп­тері­мен ойсырата ұтты.  
Дзюдошылардың жарысында да та­тами иелеріне тең келер ешкім та­был­мады. Құрамында Азия чем­пио­на­тының жүлдегері, бірқатар халық­аралық турнирлердің жеңімпазы Дас­тан Ықыбаев сынды сақа спорт­ш­ысы бар Шығыс Қазақстан облысы құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. 
Естеріңізге сала кетейік, 18 қа­зан­да «С» тобының іріктеу кезеңі Шым­кент қаласында өткен еді. Бұл жа­р­ыста Оңтүстік Қазақстан облысы құра­масы грек-рим мен еркін күрес жә­не таэк­вон­дошылар сайысында жеңіс­ке же­тіп, финалдық кезеңге жол­дама алды. Дзюдодан Қараған­ды облысы жеңім­паз атанды. 
Енді алда тағы екі топтың іріктеу ке­зеңі өтеді. 30 қазанда Таразда «D» то­бының жарысы өтсе, 6 қарашада «А» тобыңдағылар Қызылордада күш сынасады. Ұлттық Олимпиада коми­тетінің президенті Тимур Құлыбаев­тың бастамасымен қолға алынған бұл жарыстың жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құрайды. Ал финал­дық кезең 3-4 желтоқсан аралығында Алматы қаласында өтеді.