Негізгі бет  /  мақалалар  /  МОСУЛ ҮШІН ШАЙҚАС БАСТАЛДЫ

МОСУЛ ҮШІН ШАЙҚАС БАСТАЛДЫ

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ
15699
МОСУЛ ҮШІН ШАЙҚАС БАСТАЛДЫ Бірақ бұл майдан Таяу Шығыстың картасын өзгертуі бек мүмкін

Ақыры ірі мемлекеттер террористерге қарсы күресуге бел буған тәрізді. Әңгіме Ирак пен Сирия жерінде лаң салып жүрген ДАИШ тобына қатысты болып отыр. Осыдан екі жыл бұрын Ирактың Бағдаттан кейінгі екінші ірі қаласы Мосулды басып алған террористерге қарсы әскери операция басталды. 36 мемлекеттің ірілі-ұсақты әскери бөлімшелері қатысып жатқан операцияның басталғанына бір аптаға жуық уақыт болды. Әзірге қала әлі террористердің қолында.

Ақпарат құралдары таратып жатқан деректерге қарағанда Мосул операциясына 36 елдің 30 мыңнан астам әскері қатысып жатқан көрінеді. Бірақ негізгі күш Солтүстік Ирак күрд автоно­миясының пешмерга жасақтары мен Ирак армиясы болса керек. Олардан бөлек шайқасқа Иран­ның қолдауына сүйенген шииттік Хашди Шаби тобы да бар. Ал АҚШ бастаған коалиция күштері көбіне әуеден қолдау жасап жатыр. Дегенмен америкалық кеңесшілер күрд жасақтарының қатарында жүр. Артиллеристері де бар. Соңғы күндері ұрысқа Түр­кия ұшақтары да қатыса бастады. Қазірдің өзінде күрд жасақтары мен Ирак әскерлері 30-дан астам елді мекенді терро­ристерден азат етіпті. Солардың қатарында Мосулға жақын аймақта орналасқан Барталла қаласы да бар. Ал Ирак армиясы 3-бригадасының командирі, пол­ковник Амир Жасим Мосулды екі аптаның ішінде терро­ристер­ден тазалайтындықтарын мәлім­деген. Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади да операцияның қарқынды жүріп жатқанын мәлімдепті. Дегенмен ДАИШ-қа қарсы ұрыстар өңірдегі үлкен өзгерістердің басы болуы мүмкін.

ДАИШ қалай күшейді?
Жалпы, ДАИШ-тің күшейген кезі террористердің Мосулды басып алуынан кейін басталды. Рас, өздерін «Ирак Шам ислам мемлекеті» деп атаған топ 2004 жылдан бастап әл-Каиданың бір бөлігі ретінде әрекет жасаған. Бірақ одан бұрын да ана жер, мына жерде жарылыс жасап жү­ретін. Кейін 2014 жылы ақпанда әл-Каидадан бөлініп кетті. Жеке қимыл жасай бастады. Әрі өзге террористік топтардан айырма­шылығы белгілі бір аймақтарды басып алып, мемлекет құруға талпынды. Шеп құрып соғысты. Радикалдар 2014 жылы сәуір айында Ирактың Мосул қаласын небәрі 1500 адамдық жасақпен басып алған. Ал қалада 1,8 млн тұрғын бар еді. Ол кезде Мосулда қызмет атқарған Ирак армиясы мен полициясының саны 50 мыңға жуық болыпты. Олар за­манауи техникамен жарақтанған еді. Ирак әскерінде АҚШ армия­сынан қалған тәуір қару-жарақ мол болды. Алайда не себепті екенін қайдам, террористердің алғашқы шабуылында-ақ Ирак әскерилері қаланы тастап шықты. Бірқатар сарапшылар армия ко­мандирлерінің құрамында Сад­дам Хусейннің кезінде қызмет атқарған офицерлер көп болға­нын айтады. Нәтижесінде, олар ДАИШ жасақтарына қарсылық көрсетпеген. Өздерінше Ирактың қазіргі билігіне қыр көрсеткен түрі болса керек. Бұл жерде мәселе суннит-шиит текетіресіне бай­ланысты тәрізді. Өйткені терро­ристік топтардың басым бөлігі исламның сунниттік тармағының атын жамылады. ДАИШ та солай. Алайда әскерилердің бұл әрекетін қазіргі билікке іштей наразылық деп қабылдасақ та, Мосулдағы Ирак орталық банкінің ғимара­тында сақталған 430 млн доллар­дың сырын ұғу қиын. Террористер банктегі сол қаржыны қолға түсірген. Ол сома есепшоттарда емес, қолма-қол ақша күйінде сақталғанын да ескеру керек. Содан соң ДАИШ күшейіп сала берді. Иракта да, Сирияда да белсенді қимыл жасады. Қазір ДАИШ тобының иелігінде за­манауи ұрыс техникасы көп. Ирак армиясынан қалған қару-жарақ­тардан бөлек ұшқышсыз ұшатын аппараттар да бар. Олар қазір сондай аппараттарды қолданып жүр. Мосул шайқасына қатысып жатқан коалиция күштері терро­ристердің 250 ұшатын аппаратқа бомба орнатқанын мәлімдеді. Үкімет әскері қолға түсіріпті. Одан бөлек бұл топ мұнай сатты, білікті ІТ мамандарын жалдады. Қаржы тартудың түрлі жолдарын қолданды. Қысқасы, қуатты құрылымға айналған. 
Ал әлемдік қауымдастық бұл топқа қарсы нақты әрекетке бармады. Себебін түсіну қиын. Дегенмен осынау террористік топ супердержавалардың қолайына жаққанға ұқсайды. Әйтпесе, террористер күшеймей тұрып-ақ негізгі күштерінің көзін құртып жіберуге болушы еді. Бірақ Таяу Шығыстағы жетекші елдер де, АҚШ, Ресей, Қытай сынды ірі мем­лекеттер де батыл қадам жа­самады. Сөзбұйдаға салды. Енді қарулы жасақ күшейіп алған соң ғана қимыл жасап жатыр. Ша­масы бұл топтың өңірдегі геосаяси ахуалды өзгертуде атқаратын міндеті аяқталып келе жатқанға ұқсайды. Бәлкім, Ирак жеріндегі күрдтер тәуелсіздік алатын шы­ғар. Оқиғалар желісі соған алып келе жатыр.

Мосул алынған соң жағдай қалай болмақ?
Негізі ДАИШ-тың іс-әрекеті бір­қатар супердержаваларға ыңғайлы болған сияқты. Мосулды террористер басып алардан бұрын ресми Бағдат пен Солтүстік Ирак күрд автономиясының билігі арасында кикілжің шыққан. Бағдат 2014 жылдың ақпанынан бері күрдтерге республикалық бюджеттен көк тиын да төлемеген. Ал Солтүстік Ирак күрд автоно­миясы Түркиямен жақсы қарым-қатынас орнатып алды. Түркия­ның сырттан импорттайтын мұ­най өнімдерінің жылдық құны 60 млрд доллар болса, осының 20 млрд доллар болатын ірі көлемі Масуд Барзани басқаратын Сол­түстік Ирак күрд автономиясынан импортталатыны туралы дерек бар. Одан бөлек Сирияның Ко­бани қаласын террористер қор­шағанда Ирак күрдтерінің пеш­мерга жасақтарын Түркия өз жері арқылы әлгі қалаға қарай өткізген. Сөйтіп, 2014 жылы күзде қаланы ДАИШ террористерінің шабуы­лынан Барзани жасақтары құт­қарды. Яғни, Түркия Солтүстік Иракта тәуелсіз Күрдістан мемле­кетінің құрылуына іштей келіскен сыңайлы. Әрі өңірдегі күллі күрд халқының жалғыз лидері ретінде Масуд Барзаниді мойындап отыр. Осы саясат арқылы сириялық күрдтердің жетекшісі Салих Мүсі­лімді де, Түркияға қарсы сепе­ратистік ұрыстар жасап жүрген «Күрдістан жұмысшы партия­сының» түрмедегі жетекшісі Абдул­ла Өжаланның да беделін түсіргісі келетіндей. Сөйтіп, Түркия өздеріне ыңғайлы күрд топтарымен ымыраға келіп отыр. Бірақ Түркия «Ефрат қалқаны» операциясы арқылы күрдтердің Жерорта теңізіне шығар жолын кесіп тастаған. Әрине, бұл жерде түріктер Сириядағы Өжаланды жақтайтын тобына тосқауыл жасады. Сөйтіп, «Ұлы Күрдістан» жобасы жүзеге аспаса да, күрд­тердің Ирак жерінде мемлекет құруына кедергі қалған жоқ. Ал Барзани тәуелсіздік жариялауға қатысты референдум өткізуге биылғы қаңтарда-ақ тапсырма беріп қойды. Ағылшынның «әл-Монитор» интернет басылымына берген сұхбатында Барзани ирак­тық күрдтердің тәуелсіздікке қа­тысты референдумы биыл өте­тінін мәлімдеген. Жылдың аяқ­талуына екі ай ғана қалды, демек, Мосул операциясының нақты нәтижесі көп кешікпей белгілі болатын шығар. Содан да болса керек, қазір Түркия мен Ирактың, Солтүстік Ирак күрд автономиясы мен ресми Бағдаттың арасында шиеленіс өршіп барады. Мосул операциясы кезінде Ирак өз жеріне түрік әскерінің кіруіне үзілді-кесілді қарсы болды. Ал күрдтер Ирак армиясының шиит­тік эмблемалары бар ту көтеріп, сон­дай белгі орнатылған техни­ка­лары мен бөлімдерін автономия территориясына кіргізбей қойды. Абырой болғанда террористерге қарсы ұрыс басталған күні Ирак әскерлері әлгі белгілерді алып тастап, Мосулды алуға бағыттал­ған шайқасқа араласа алды. Бірақ шииттердің «Хашди Шаби» тобы ұрысқа қатысқанымен, Мосулға кірмейтін болып шешілді. Бір сөзбен айтқанда, Мосул шайқасы суннит-шиит, араб-түрік, күрд-араб, араб-түркімен, күрд-түркі­мен текетіресіне айналып кетуі де мүмкін тәрізді. Алғышарттары қазірдің өзінде байқалып қалуда. 
Айтпақшы, Сирия президенті Башар Асад Мосул операциясына күмәнмен қарайды. Ол коалиция күштері ДАИШ-ты ығыстырып, Сирия жеріне кетуге мәжбүрлей­тінін айтқан. Ирак үкіметі болса оның пікірін жоққа шығарды. Қыс­қасы, Ирактағы ұрыстың соңы қалай аяқталары белгісіз болып тұр.

Террористер біздің ел үшін де қауіпті
ДАИШ террористерінің қазір әрекет ету аумағы кеңейіп келе жатыр. Бұл қылмыстық ұйым қа­зір әл-Каидадан да белсенді қи­мыл жасап жатыр. Мосулдағы шай­қастан кейін террористер әлемнің түкпір-түкпіріне жан­кеш­тілер жіберуі бек мүмкін. Әрі әр елден өздеріне жақтастар да іздейді. Кезінде Сирияға Қазақ­станнан да барғандар болған. Олар­дың біразының мерт бол­ғанын естісек, тағы біразының қайда жүргені белгісіз. Әрине, ҰҚК мен өзге де құрылымдар терроризммен барынша күресіп жатыр. Алайда терроризмнің «тірегі» идеология екенін ескеру керек. Өкініштісі, дәл ДАИШ-қа қарсы іс-қимыл кезінде супер­державалардың әрекеттері бір-біріне үйлесімді бола қоймайды. Ирак пен Сирияға жақын орна­ласқан елдердің де мүдделерін түсіне алмайсыз. Кезінде ДАИШ-қа қосылу үшін көптеген адам­дар­­­дың Түркия жері арқылы Си­рияға өткені айтылды. Оны түрік басылымдары да жазды. Ыстам­бұлда террористерге рекрут даяр­лайтын орталықтар болғаны да ай­тылған. Қазір ол сыбыс азайып­ты. Бірақ бауырлас дейтін түрік­тер­дің де жеме-жемге кел­генде өз мүддесін ойлауы бек мүм­кін екен­дігін естен шығар­маған абзал. Түркия арнаулы қызметі бірнеше жыл бұрын «Ха­лифат сарбаздары» деген топқа қатысы болған қыл­мыскерлердің бірін біздің елге қайтармаған. Өздері тергеді. Бірақ қазір сол қылмыскердің қай­да екенін біз білмейміз. Бәл­кім, арнаулы қыз­мет хабардар шы­ғар. Ол жағы енді басқа әңгіме.
Содан соң бізді алаңдататын тағы бір мәселе – Ұжымдық қауіп­­сіздік шарты ұйымының мүшесі ретінде біздің Сириядағы жан­жалға тартылу қаупіміз болып тұр. Ұйым шарты бойынша одақ­тас­­тардың алдында біраз міндет­тері­міз бар. Ал ұйымдағы белді мем­лекет Ресей Сирияда әскер ұстап отыр. АҚШ бастаған НАТО елде­рімен астыртын текетірес те сол Сирия жерінде жүріп жатыр. Де­мек, террористер ҰҚШҰ мү­шесі ретінде бізден «кек» алуға ұмтыл­масына кепілдік жоқ. Одан бөлек экстремизмге алғышарт болатын идеологиялармен күре­сіміз әлі көңілден шығатындай деңгейде емес. Террористерді анық­тауға бо­лар, бірақ санадағы ойды өзгер­ту қиын. Мәжілісте қа­ра­лып жат­қан терроризмге қарсы шара­ларды үйлестіруге тиіс заң жоба­сында осы мәселе ескерілсе дей­міз. Кейбір діни ағымдарға идео­ло­гия ретінде тыйым салудың уақыты келді. Онсыз терроризм­мен күрес нәтижелі бола қоярына күмән басым.
Қайтадан Мосул жағдайын оралар болсақ, сол қаланың түбінде ДАИШ-тың жасақтары жеңілеріне күмән жоқ. Бірақ одан соң бұл ұйым бұрынғыдай белгілі бір аумақтарға иелік ету саясатын жүргізе ме, жоқ па ол жағы беймә­лім. Егер өзге террористік ұйым­дар сияқты астыртын қимылды бірінші орынға шығарар болса, біздің де етек-жеңімізді жинақы ұстағанымыз керек. Өйткені Бағ­дат пен Шам қазақ даласына алыс өлкелер емес.