Басты  /  мақалалар  /  Cу тапшылығы – ұлт қауіпсіздігіне қатер

Cу тапшылығы – ұлт қауіпсіздігіне қатер

Қайыржан ТӨРЕЖАН
853
Cу тапшылығы –  ұлт қауіпсіздігіне қатер Қазіргі уақытта Қазақстан су ресурстарының жетіспеушілігін сезіне бастады және болжам бойынша 2040 жылға қарай еліміз қажеттіліктің 50 пайызы көлемінде су ресурстарының елеулі тапшылығына ұшырауы мүмкін.

Су ресурстарының тапшылығы жағдайында су проблемасы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер ретінде қарастырылады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы жасалған. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі әзірлеген 2014-2020 жылдарға арналған бағдарлама су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру арқылы Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су үнемдеу және қолда бар су ресурстарының көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды жүзеге асыру арқылы халықты, қоршаған ортаны және экономика салаларын су ресурстарымен кепілді қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру, су экологиялық жүйелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатына жұмыс істейді. 

Ғалымдардың болжамдары бойынша, ХХІ ғасырдың басты проблемасы – су тапшылығы болмақ. Енді он-он бес жылда адамзат осы проблемамен бетпе-бет келеді. Бүгінде әлем бойынша 1,1 млрд адам су тапшылығын тартса, 2 миллиардтан астамы «су дағдарысын» бастан ке­шу­­де. «Дамыған елдер, су тап­шы­­лығынан отырған жерлерін тастап шыққан босқындар ле­­гінің «астында қалу» про­б­ле­ма­сына кезігеді. Ал 2030 жылға қарай босқындар саны 500 мил­­лион адамнан асып түсетін болады» деген үрей туғызатын болжамдар бар. Бұл негізсіз емес. Су тапшылығының ұлға­юы терроризм проблемасын ушық­тыруы мүмкін. Жерінің жар­ты­сы­нан көбі шөл және шөлейт да­ладан тұратын Қазақстан үшін де мұндай қауіп жоқ емес. Ғы­лы­ми-техникалық прогреске бай­­ланысты су ресурстары дұ­рыс пай­даланылмағандықтан соң­ғы 40-50 жылдың ішінде Қазақстан жерінің 60 пайызы (1,8 миллион шаршы шақырым) құнарсыз шөлге, қу тақырға ай­­налды. Бұл тек Қазақ­стан­ға ғана қатысты мәселе емес, адам­­дардың қоршаған ор­таны орнымен пайдалана ал­ма­уы сал­да­рынан Орта Азия ау­ма­ғы­ның жар­тысынан көбі сусыз дала са­на­тына қосылды. 
Көрші елдерден келетін транс­­­­шекаралық өзендердің ар­на­сы жыл санап түсіп барады. Со­ған байланысты Қазақстан та­­­рапы су тапшылығының алдын алу, су­ды үнемдеп пайдалану мә­се­лесінде осылайша тың бас­­­­тамалар көтеріп жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі транс­шекаралық суларды ұтым­ды пайдалану және қорғау мә­се­л­елері бойынша белгілі бір ел­­дермен ынтымақтастық қарым-қа­тынаста жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды ми­нис­трліктегі Трансшекаралық өзен департаменті жүзеге асы­­рады, ал Су ресурстары жө­нін­дегі комитет министрлік та­ра­­пы­нан бақылау-қадағалау фу­нк­­ци­я­ла­рын атқарады.
Қазақстанда трансшекаралық өзендер ел шетімен ағады. Оларға Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу өзендері жа­тады. Бұл өзендер елдің ше­тін­де орналасқандықтан 40 па­йыз­дан астам су ресурстары көр­ші елдерден келеді. Осыған бай­ла­нысты, Қазақстан суға тәуелді ел, ал трансшекаралық өзендерді пайдалану біз үшін аса маңызды. Сондықтан мемлекеттің саяса­тын­да трансшекаралық су ре­су­­рстарын көрші елдермен бір­ле­сіп пайдалану және қорғау мақ­сатындағы өзара іс-қимыл мә­­селесі ерекше орын алады. Қыр­­ғызстан және Тәжікстан – ағыс бойында жоғары орналасқан ел­дер, яғни қалған ортаазиялық елдерге жіберілетін су ағынын қалай реттеу солардың қолында. Қырғызстан Сырдария өзенінің, ал Тәжікстан Әмудария өзенінің жоғары ағыс алқабын бақылайды. ҚР Ұлттық стратегиялық зерт­теу институтының деректері бо­­­­йынша Қазақстан сырттан ке­­­летін өзен суына 42 пайызға, Өз­бекстан – 77%, Түркіменстан 94 % тәуелді екен. 
Жақында Әлемдік банк­тің ұйымдастыруымен Алма­ты­да «Орталық Азия су ресу­р­с­та­­рының болашағы» атты фо­р­ум өтті. Оған 200-ден астам Қа­­зақ­стан, Қырғызстан, Өз­бек­­­стан, Түркменстан жә­не­­ Ау­ғанстан елдерінің ха­лы­қ­­­­ара­лық су шаруашылығы қа­уымдастықтарының ма­ман­да­ры, сондай-ақ, өңірлік зерттеу ор­талықтарынан, азаматтық қо­ғам институттарының өкіл­де­рі қа­тысты. Бүкіләлемдік банк­тің са­рапшылары Орталық Азия­да­ғы ауызсу тапшылығының өңір­­дегі экономикаға әсеріне ар­налған зерттеу жұмыстарын жа­риялады. Сарапшылардың зерттеулеріне қарағанда, Ор­та­лық Азиядағы ауызсудың же­тіс­пе­уі 2050 жылға қарай ЭІӨ 11 пайызға төмендетеді екен. Су­ ре­сурстарының тапшылығы миг­ра­циялық құбылыстарды және жан­жалдарды қоздырады деп есеп­тейді сарапшылар. 
Қазіргі кезде трансшекаралық суларды пайдалану мәселелері мемлекетаралық келісімдер ар­қы­лы жүзеге асырылады. Ми­ни­с­­трліктің мәліметтерінше, Қа­­­­зақстан Республикасы мен Қы­­тай Халық Республикасының арасындағы су аралық қаты­нас­тар екі ел үкіметтері ара­сын­дағы трансшекаралық өзен­­­дерді пайдалану және қор­­ғау бағытындағы 2001 жы­лы қыркүйекте жасалған ын­ты­мақ­тас­тық келісімімен реттеледі. Осы келісімді жүзеге асыру мақ­­сатында трансшекаралық өзен­дер­ді пайдалану және қорғау бағытындағы Қазақстан – Қытай бірлескен комиссиясы және са­­рап­шылардың жұмыс тобы құрылды. 2015 жылы тараптар ке­лісім жобасының құрылымын мақұлдап, арнайы жұмыс тобы­ның қызметі туралы ережеге қол қойылды. Биыл қыркүйекте Ал­ма­ты қаласында арнайы жұмыс то­бының үшінші отырысы өтті және Бір­лескен комиссияның он төртінші отырысы қарашаның екінші жар­ты­с­ында деп жос­парланған.
Ресей Федерациясымен су қатынастары 2010 жылғы 7 қыр­кү­йектегі «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайда­ла­ну және қорғау туралы» ке­лі­сім­мен реттеледі. Келісімді іске асы­­ру үшін трансшекаралық су ны­сан­дарын бірлесіп пайдалану және қорғау мақсатындағы Қа­зақ­стан – Ресей комиссиясы және трансшекаралық өзендер бас­сейні: Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қи­ғаш, Қараөзен және Сарыөзен су ресурстарын бірлесіп пайдалану және қорғау мақсатындағы 6 жұмыс тобы құрылып, жұмыс іс­тейді. Комиссияның отырысы айына кемінде 1 рет, ал жұмыс то­бы отырысы жылына кемінде 2 рет алма-кезек тараптар ау­мақ­­­тарында өткізіледі. Биылғы қарашада Ресейдің Горно-Алтайск қаласында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау мақсатындағы Қа­з­ақстан – Ресей бірлескен ко­мис­сиясының алтыншы отырысы жос­­парланған. 
Қырғыз Республикасымен транс­шекаралық өзендер бо­йынша қа­рым-қатынастар 2000 жылдың 21 қаңтарынан бастап Үкіметтер ара­сындағы Шу және Талас өзен­­деріндегі су шар­уашылығы құ­ры­лыстарын мем­лекетаралық пайдалану келісімi негізінде рет­­теледі. Келісім шеңберінде мем­лекетаралық пайдаланудағы Шу және Талас өзендеріндегі су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Қырғыз Республикасы ко­­мис­сиясы әрекет етеді. Комис­сия отырыстарында Шу және Талас өзендері бассейнінің су ресурстарын бірлесіп пай­да­ла­ну­ды реттеу мәселелері және су ша­руашылығы құрылыстарын мем­­лекетаралық пайдаланудағы шығыстары талқыланады. Бұл тұтастай алғанда, ҚР кепілдік бе­рілген су көлемінің түсуін қам­­­­­­тамасыз етуі тиіс. Осы жыл­дың сәуір айында Тараз қа­ла­сында Шу мен Талас өзен­де­­­ріндегі мемлекетаралық пай­да­­ланудағы су шаруашылығы ны­сандары бойынша Шу – Та­лас комиссиясының жиырма бі­рінші отырысы болып өтті. Қор­шаған ортаның жағдайы ту­ралы Қырғызстанның соңғы ұлттық баяндамасына сәй­кес, кейінгі жиырма-отыз жыл­да мұз массасының жалпы кө­лемі шамамен 20 пайызға аза­йыпты. Егер бұл осылайша жал­ға­са беретін болса, онда 2050 жыл­ға қарай Қырғызстандағы мұздықтардың 50 пайызы еріп, жоқ болмақ. Отырыста 2016 жылға вегетациялық кезеңге су алудың лимиттері мен мемлекетаралық су шаруашылығын пайдалану ны­сандарының жұмыс режимі бе­к­ітілген болатын. Шу мен Талас өзендеріндегі трансшекаралық су шаруашылығы нысандары ко­миссиясының 22-отырысы Қыр­ғызстан аумағында қараша айында өтетін болады.
Су проблемасы барлық пай­да­ланылатын судың бастауы бо­лып табылатын екі ірі өзен – Сыр­да­рия мен Әмударияда бо­лып тұр. Әмудария және Сыр­да­рия өзен­дерінің бассейндері ара­сын­да­ғы су ресустарын пайдалану бойынша келісім 1992 жылдың 18 ақпанында трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы мемлекетаралық ын­­­­тымақтастық келісімі ая­сын­­да Қазақстан, Қырғызстан, Өз­бек­стан, Түркіменстан, Тә­жі­к­стан Республикалары ара­сын­да реттелген. Жоғарыда ай­тылған қо­сымша келісім норма­ла­ры­на сәйкес аймақтарда Мем­­ле­кет­аралық үй­лестіруші су шар­уа­шылығы ко­мис­сиясының (МҮС­ШК) және оның «Сырдария» мен «Әмудария» бассейндері су шаруашылығы бір­лестіктері жұмыс атқарады. Биыл мамыр айында МҮСШК 68-оты­ры­сы өтіп, онда 2015-2016 жж. өсімдікаралық кезеңнің қо­рытындылары, 2016 жылға веге­та­циялық кезеңге арналған су алу­­­ға шектеулер, Әмудария және Сыр­­дария су қоймаларының жұ­мыс істеу режимдеріне қатысты мә­селелер қаралды. Осылайша, Қа­зақстан аумағындағы көрші ел­дермен арадағы қолданыстағы трансшекаралық өзендер бо­йын­ша ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі үнемі келіссөздер өт­кізуде.
Сондықтан су проблемасына сал­қынқандылықпен немқұрайлы қа­рауға болмайды. Ғалымдардың есебінше, тіпті суды мұнай сияқ­ты сатқан күннің өзінде сұ­ра­ныс­ты толық қанағаттандыру мү­мкін болмайтын көрінеді. Мы­салы, Ресейде мұнай өндіру кө­лемі жылына 500 миллион тоннадан аспайды. Ал бір ғана Ресей халқы жылына табиғи көз­­­дерден 80 текше шақырым, яғни 80 миллиард тонна суды пайдаланады екен. Бұл салмақ жағынан өндірілетін мұнайдан 160 есе артық екен. Ауызсуды са­­­тады, сатып жүр және сата бер­­мек. Бірақ халықаралық су нарығының өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық сұраныстарын қа­нағаттандыруға шамасы кел­мей­ді. 
Тағы бір елді, елу жыл бойы құрғақшылықты бастан кешіріп келе жатқан Қытайды мысалға алайық. Бұдан сегіз жыл бұрын Қытайдың 16 провинциясында ауылшаруашылық дақылдары өсірілетін 20 миллионға жуық жер құрғақшылықтан тақыр да­­ла­ға айналды. Жүз күн бойы жа­уын-шашын болмағандықтан 4,42 млн адам ауызсусыз қалып, 2 миллионнан астам мал басын су­­ғаратын жылға таба алмай қи­нал­ды. Аспанға 3 мың снаряд атып, жа­уын шақырғанмен күткендей нәтиже болмады. Құрғақшылық, әсіресе, Қытайдың оңтүстігі мен шығысындағы астық да­қыл­дарын егетін сегіз про­винцияға ауыр тиді. Қытай үкіметі құр­ғақшылықтан зардап шеккен аудандарға 12,7 миллиард доллар бөлуге мәж­бүр болды. Янцзы және Сары өзен­­­дерінің суын барынша пай­далауға шешім шығарды. Қы­тай­дан бастау ала­­тын Ертіс, Іле өзен­д­ерінің ар­насы төмендеп кеткені де осыдан. 
Бұл мәселені біздің Үкімет бақылауда ұстап отыр. Жобаларға қарағанда бәрі жақсы. Су ресурсы мәселесін шешу үшін жақын ара­да Ертістен Есілге дейін Ас­та­на арқылы өтетін, құны 500 мл­рд теңге тұратын, жаңа арық тар­тылатын болды. Жаңа канал ар­қылы Арқаға жылына 1 млрд тек­ше метр су жеткізілмек. Ұзын­ды­ғы 340 шақырымдық канал бо­йынан Астанаға дейін Теңіз, Ақ­жар және София деп аталатын үш көл, қаладан ары шыққаннан ке­йін тағы бір су қоймасы пайда болады. Бұл жоба Арқадағы су тап­шылығын жоятын болады деп күтілуде.