Мәңгілік ел – бабалар арманы

Арғы атамыз Көк түріктер де осы арманның бесігінде тербелген. Сол жолда күресті, алысты, жығылды, қайта тұрды. Көк тасқа бәдіздеп елдің арманын түсірді. Күлде жатқан елді күнге көтеріп, терезесін өзгемен тең етті. Елдің өспей, өркендемей жатып, өшпеуін ойлады. Мейманасы тасқан мәңгілік ел болуға ұмтылды. Кешегі ұлы қағанат құрған ұлы хан Шыңғыстың да көкейінде осы ой өріліп жатқаны хақ. Ақиқаты сол, жұмыр жердің бетіндегі кез келген жұрттың асыл арманы, көздеген межесі – ошақ оты маздаған, түтіні түзу шыққан мемлекет болу. Бізде осы арманға қол жеткізуге тырысып жатырмыз. Мемлекеттің стратегиялық бағдарламасы да сол арманды меже етіп алған. «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік ел – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы... Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел! Мен Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан – 2050» стратегиясының түп қазығы етіп алдым». Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзекжарды пікірі. Президент тек айтып қана қоймай, ойға алған нәрсені жүзеге асыруға ұмтылды. Мәселен, осы Мәңгілік ел идеясы Президентіміздің бес институционалды реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» бағдарламасында орын алды. Ол 100 қадамның ішіндегі 85-қадамда айтылған «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу мәселесі. Бұл жолда не істеу керек? Әрине, Елбасы міндет еткен дамудың биік сатысына көтерілген отыз мемлекеттің қатарына қосылу үшін, тек саяси-экономикалық, әлеуметтік салаларды ғана күшейтіп қоймай, осы мемлекеттің тірегі болатын идеологияны нақтылау қажет секілді. Бұл жөнінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бір сөзінде: «Біздің тарихтан да, Құраннан да білетініміз мәңгілік тек Аллаға тән. Алладан басқа жер бетінде, аспан астында мәңгі ештеңе болмайды. Бірақ бізге адаспай жүретін идеология керек. Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік ел» деп ойлаймын. 2050 жылы біз «Мәңгі ел» бола саламыз деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасы оны айтып отырған жоқ. Қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр» дегені бар. Шындығы сол. Мемлекетті адаспай дұрыс жолға салатын да, бағдар беретін де, ұлтты ұйыстыратын да осы идеология болуы тиіс. Ол «Мәңгілік ел» идеологиясы.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Елбасының көтерген «Мәңгілік ел» идеясы өте дұрыс. Жоққа шығаруға болмайды. Қысқасы, идея бар. Бірақ оны өміршең ету үшін не істеу керек? Мәселенің үлкені осы. Меніңше, төрт мәселені алдымен шешіп алу керек сияқты. Бірінші, мәңгілік ел болу үшін мәңгілік тіліміз болуы шарт. Рас, ана тілімізді өркендетуге байланысты атқарылып жатқан тірліктер баршылық. Бірақ соған кереғар шаралар да жоқ емес. Мәселен, үштілділік. Өзіміз жақсы білетін бауырлас түрік елінде 6 сыныпқа дейін дәріс тек ана тілінде, яғни түрік тілінде жүреді. Ал алтыншы сыныптан бастап, өзге тілдер жүре бастайды. Көрдіңіз бе, түріктер ең алдымен жас өскінді ана тілінің уызына жарытады. Бойына сіңіреді. Дұрыс. Ал біз бірінші сынып тұрмақ, балабақшадан бастап үш тілді үйретуге тырысып жатырмыз. Бұл қойыртпақтыққа әкеліп соқтырары хақ. Ертең бала үш тілдің үшеуін де толық меңгермей, дүбәрә болып қалуы мүмкін ғой. Сондықтан үштілділікті әзірге сынақ ретінде байқап көруіміз қажет. Егер ол нәтиже бермесе тоқтата қойған жөн. Сондай-ақ парламенттегі болсын, Үкіметтегі болсын, тіпті жай шенеуніктер болсын отырыс-жиынды тек ресми тілде өткізіп жатады. Бұл да жас ұрпаққа кері әсер етуі мүмкін. «Қазақ тілі ешкімге қажет емес екен» деген ой қалыптастырады. Осыдан келіп бала ана тілінен жеріп, сұраныс бар тілді меңгеруге тырысары анық. Бұл қатер. Мәңгілік ел боламыз десек, тіл мәселесін жөнге келтіруіміз қажет. Екінші мәселе, мәңгілік ел боламыз десек, халық санының көптігі басты рөл ойнары анық. Жарты Еуропа сыйып кетер жеріміз бар. Оны қалай ұстап тұрамыз. Сондықтан сыртта жүрген 5 миллион қандасымызды елге шақыру керек. Кезінде «Нұрлы көш» аясында көш мәселесі бір жолға қойылғандай болып еді. Арты сиырқұйымшақталап кетті. Қысқасы, көші-қонға байланысты үлкен мемлекеттік бағдарлама қажет. Үшінші, жеріміз кең. Тіпті осы жердің кеңдігі біздің тек бағымыз ғана емес, сорымызға да айналып кетуі ықтимал. Бізге көз алартып отырғандар жеткілікті. Сондықтан жер мәселесін көтергенде өте абай болғанымыз жөн. Төртінші мәселе, дін. 70 жыл бойы кеңестік идеология дінімізге қарсы жұмыс жасады. Соның кесірінен ұлттан имандылық кетіп, имансыздық жайлады. Қазір соның кесірін тартып жатырмыз. Ұлы далада болмаған, сұмдықтар қазір жасалып жатыр. Оны қалай тоқтату керек? Ол үшін дәстүрлі дінімізді жөнге келтіру. Ұлтқа, мемлекетке қарсы түрлі ағымдарға жол бермеу. Діни сауаттылықты ашу. Міне осы төрт мәселені реттей алғанда ғана мәңгілік ел жөнінде ойлануға болады.
Айдос САРЫМ,
саясаттанушы:
– Мәңгілік ел идеясы шындыққа айналу үшін, түпнұсқа қажет. Яғни идея ұлттың салт-дәстүрімен, мәдениетімен, тарихымен, әдет-ғұрпымен, тілі-дінімен астасып жатуы тиіс. Осылармен идея біте қайнасқанда ғана Мәңгілік ел идеясы өміршеңдігін танытпақ. Ал Ұлттық құндылықтармен суарылмаған идея жалаң ұран болып қалмақ.