Басты  /  мақалалар  /  Жоқтың барын жазушы жан

Жоқтың барын жазушы жан

Айқын-ақпарат
1221
Жоқтың барын жазушы жан Қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар,адамның психологиялық тебіреністері бағытында әңгіме-хикаяттар жазумен айналысып жүрген дарынды жазушы, аудармашы, сыншы Серік Нұғыман бүгінгі күні ердің жасы 50-ді еңсеріп отыр.

Мерейтой иесі көпшілікке «Жөргем», «Жоқ іздеуші жан» кітаптарымен танылған.

Автордың шығар­ма­шы­лы­ғы­мен түгел таныс болмасам да, кәсіби әдебиеттанушы емес, қа­рапайым оқырман-фило­соф ретінде оның біршама әңгі­ме­лері қызықтырған еді. Өйткені әде­­биеттегі психологизм қазақ әдебиетінің дәстүрі үшін тың тақырып, тосын құбылыс сияқ­­ты көрінді. Оның үстіне, уа­қыт­­тың бүгінгідей тез ағатын за­ма­нында кітап оқудың өзі мұң. Ал «оқуды доғарғаның – ойлауды тоқтатқаның» деп француз ой­шы­­лы айтқандай, әдебиет пен өнерден алыстаған сайын сезімің семіп, ақылыңның атрофияға ұшырайтынын аңғарасың. Енді Секеңнің кейбір әңгімелерінің желісі туралы ой бөліскенді жөн көрдім. 
«Құй» атты шағын ғана әңгі­менің сюжеті емен есіктің арғы жағындағы қараңғы бөлме мен оның ішіндегі өмірден күдерін үзіп, үміті өшкен жанмен кездесу сәті бейнеленеді. Бейнеленеді деген сөзді де бекер қолданып отырғаным жоқ, себебі Серік Нұғыманның стиліндегі ерекшелік – бір сәтті, бір мезетті сипаттауда қазақтың шұрайлы тілінің мүмкіндігін ба­­рынша қолдануында. Сурет­ші­­­нің пейзажды немесе көңіл күй­ді бейнелегенде бояуды қалай пайдаланатыны еске түседі. 
Мысалы, өмір мен өлім, қараңғы мен жарық – бұл баршаға мәлім, Пикассоның суреттерінің басты тақырыптары болды. Пикассоның Минотавры басқа адамдарға, табиғат стихияларына, рухани шығармашылық бастауларға және тарихтың түңғиықтарына бой үйретудің ауыртпашылықтарын бейнелейтін синтетикалық образға айналды. Құбыжық бейсаналы, қаһарлы, қорқынышты, бірақ онда адамдардың оңашалануына және еркіндігіне ұқсайтын қасиеттер де бар. Табиғат пен мәдениет, рух пен нәпсі, жарық пен қараңғы, еркіндік пен еріксіздік қашан да бір тұтастықтың бөліктері ретінде бір-бірімен қақтығысады, келіседі, бір-біріне өтеді және қайта қарсыласады.
Сол сияқты Серік Нұғыманның кейіпкері де белгісіз, бөтен әлем­мен бетпе-бет келеді: «...Бө­тен­сiген, жатырқаған бiр көңiл күй құшағында мен әлi босағада тұрмын. Бар назарым қарсы жақта. Баттасқан қара бояудан тiптi де қалыңдап, iшке қарай қабыса түскен қарақошқыл қабырғалар әлдене қаталдық та­нытып, тиiп кетсе қарып алар суық бауырын одан сайын жақындатса, сiңiстi болған күңгiрт көлеңкеден әуел­гiсiнен де аласарып, отырып кеткен ауыр төбе шекеге тиер­дей шертиiп, қабақ үстiнде ғана салбырап тұр. Қалтарысқа қашып, тасаға тығылған бұрыш-бұрыш қанша телмiрсең де түбiн көрсетпей, тым-тырыс болып бұғып қалыпты».Жазушы бұл тосын жағдайдың қою қара бояуын көркем сөзбен біртіндеп одан сайын қалыңдата әрі тереңдете түседі, уақыт тоқтап қалғандай сезіледі. 
Әдетте жағдайды жадағай сипаттап жазғанға үйренген қара­пайым оқырманның мұндай әңгі­мелерді оқу барысында зерігіп кетуі әбден мүмкін. Бұл енді талғам мен танымның мәселесі. Жазушының жаңашылдығы да осында болса керек, ол басқаларды қайталамауға, ұқсамауға, дара­ла­нуға тырысады. 
Әңгіменің сюжетіне оралсақ, осы төрт кереге қараңғы тамның ішіндегі көңілді құлазытар ауыр кездесу сөз болғаннан кейін, шығарманың соңғы түйіні оның бастауына, яғни, әлі ашылмаған есікке қайта әкеледі. Мұны қалай түсіну (автордың түсі ме, қиялы ма) оқырманның өз еншісінде. Бұл да бір қызық тәсіл екен, дегенмен мұнан автордың өзгелерге бұры­луға бейімдігін байқаймыз. Ал өзім деп өзеуреген рия, әдетте екі шығарманың бірінің алғашқы абзацтарынан танылып жатады. 
Оқырманға бір ескеретін нәр­се – бұл әңгіменің тақырыбы, дәлірек айтқанда аты. Көпшілік оқырманға «Құй» деген сөз құлаққа түрпідей тиюі мүмкін, өйткені оны етістік райдағы мағынасымен түсініп, кейіпкердің там ішіндегі досының хәлін араққа салынумен байланыстыруы ықтимал. Ал бұл тұста «құй» зат есімде тұр және ол қаңғалақтап құлқынына түскенді ақырын қылғыта жұта­тын,жасырынды жамылған қой­ма­л­жың мибатпақ мағынасын білдіреді. Осы ұғым әңгіменің негізгі идеясына арқау болған сы­ңайлы. 
Серік Нұғыманның келесі «Қу­ғыншы» деп аталатын әңгі­ме­сінен біз постмодернистік са­рын­ды байқағандай боламыз. «Субъект» түсінігін қайта қараған постмодернизм ілімі жалпы өмір­лік әлемнің барлығын қам­ти­тын ауқымды көкжиекті «Өзіндік әлемге» және «Басқаның әлеміне», «Жақын әлемге» және «Алыс әлем­ге» жіктейді. Сананың тыс­қары көкжиегіне тиесілі Сырт­қы Басқа – ішкі Басқадан айрықшаланатын бөтентектілік. Ішкі Басқа біздің білмейтін барлық белгісіз нәрсеге қатысты болады, бірақ «таныс дағдыға», «стильдік аналогияға» (ұқсастыққа) тап болып, олардан өзінің «белгісін» алады.Бұл – «жоқтың бары». Біздің «Меніміз» өзіндік сананың қандай да бір таза сәтіндегі өз-өзінен бастау алмайды, өзге үшін оның үнемі жауапта бо­латын басқаға қатынасынан бастау алады.
«Қуғыншының» кейіпкері мы­на­дай сезімді бастан кешіреді: «...Қор­қыныш, не өкініш екені белгісіз, көкірек түбіне шымыр-шымыр шөгіп, ұйып қалған кермек сезім қолқа-жүрегін кернеп, күп­ті етіп жүріп алды. Аза бойын қа­за ғып ығыр етпесе де, жанын жай­сыз­дыққа салған осы бір то­сын хал арада біршама уақыттың өткеніне қарамай, тағы біразға созылар түр танытты. Шылбыр үзіп кетпеген соң, шырмауда болмай шара жоқ па, бір ұшы өткен сәттер өтінде қалған көмескі жіптер қиялын әлсін-әлі кері бұрып, соңына қарай аудара берді. Аяқасты сезгір боп кеткен секемшіл көңілі де жоқтан күдіктеніп, аздың алдында жүз бер­ген сүреңсіз жайға оралып-оралып соғумен болды. Ой-дүниесі бірде алда, бірде артта – қақпақылда келе жатып енді не істесе де болған істі мүлде ұмытып, өзін-өзі толық еркіндікке шығара алмасын анық сезді. Соның аяғынан құрдымға тартқан бір жұтпа иірімнің ығына ілінгендей қалтылдап, еріктен айырылған, жігері жасыған бір шарасыздық құшағында көше бойымен ілби басып, жүрді де қойды. Беймәлім бір сезік бар еді қаперінде – артынан түскен бел­гісіз қуғыншының жаңа білін­ген алғашқы секемі». Міне, бұл адам­ның өз-өзімен бетпе-бет кез­десуі, анығын айтқанда, өзі­нің Ішкі Бас­қа­сымен шынайы ұшырасуы деп пайымдаймыз. Бұл да болса, қазіргі жаһандық адамның көңіл дертінің бір белгісі (симптомы). 
«Әр кәллада бір қиял» деп қазақ тамаша айтып кеткен ғой, бұл ойға Батыстың феноменологиялық және герменевтикалық философиясы енді келіп жатқан тәрізді. Сол сияқ­­ты біз де әр әңгімеден өз түй­­­­­­генімізді айтып отырмыз. Біз реал­­ды өмірмен қатар, виртуалды, менталды әлемде, физикалық кор­­пускулярлық әлеммен қатар, ме­­­тафизикалық әлемде, көзге кө­рін­бей­тін нәзік, толқындар мен иіс­тер әлемінде де өмір сүреміз. Бұл әлем­дерде жағымды архетиптермен қатар, кесір-кесапат та орын алады. 
С.Нұғыманның «Әзәзіл» әң­гі­месі осы иістен басталады. Адам­ның өз нәпсісімен күресі әзіл ара­­лас сипатталғандай көрінеді. Мұнда да Секең қазақтың құнарлы тілін барынша пайдаланады: «...Бiр жағынан жеңіл басып өте шық­қан сымбатты қыздың артында шұбатылып қалып қойған жан тұ­шын­ғандай жағымды иісі бұрқ етiп тұмсығын қапқанда, танауында тi­рi­лген түйсiктер сол сәт жүйкесiне шауып, керемет бiр тәттi күй кештi. Жын демiндей жадылап әкеткен соқпа лепке елiтiп қалғаны сонша, тағы бiр татсам деген дәмемен, дә­нiге қалған сезiмтал мұрнын қу­сырып, қайта тартты. Дегенмен қа­лағаны болмай, арман еткені дем­де адастырып кеттi. Бұл жолы кең­сiрiгiн кере өрлегенi жұмақтың жұпары емес, қан көшенiң кебер­сi­ген қағыр тозаңы болды. Алайда әлгінде бөленген әдемі әсер, жаны мұндай сірі болар ма,көңiл түбiнде үйіріліп қалып қойыпты – жоқты аңсатқан сол пәле кенезесін кеп­ті­ріп жүріп алды. Таңдайына ти­­­геннен араны ашылып, ұли жө­­нелген ашқарақ ындыны да бұрын бір татқандай таныс бі­лін­ген таңсық дәмді жаныға із­деп, жаланды да тұрды. Осы бір ын­тық сезім естен көтерiлген ескi жай­лар­ды тiрiлтпек болғандай санасын түр­тіп, жанын мазалады».
Одан ары осы иістің жетегінде кеткен кейіпкердің нәпсімен күресі қараңғылықта өтеді. Жалпы, автор қараңғылықты, қапасты, түнекті, қамалды, т.б. сипаттауға бейім, со­ның салдарынан кейіпкерлерінің бо­йында қорқыныш, үрей, діріл, күй­зеліс, т.б. басым болып келеді. 
«Қамал» атты әңгіме адамның психологиялық, экзистенциалдық қабатымен қатар, оның әлеуметтік-мәдени қырын да қозғайды. Бұл – өзіне қалыңдық таңдаушы жі­гіт­тің сыны. Үміт пен күдіктің ар­па­лысы. Кездесуге шақырылған, бірақ әлі бейтаныс қызды Секең бастапқыда былай сипаттайды: «...Әлі тілдесіп көрмеген, жүз та­ныстығына қарамай, сондай ете­не, жақын сезілді. Көптен бірге жүрген егізінің сыңары секілді. Ен­ді сәл батылдық жасап, үн қатса болды, тілектері тоғысып, іштесіп кетердей. Жаттығы білінбейтін жанасымды жан. Сырт бейнесі сондай жайдары, жайбарақат кө­рін­генімен, іштей бірдеңеге алаң­дайтын секілді, ептеп орнық­сыз, қо­балжыңқы қалып танытады. Әл­денеден қысылғандай назарын көбінде төмен салып, алдындағы асқа сирек қол созады. Қыз ба­ла­ларға, соның ішінде қазақ қыз­дарына жарасатын қымбат қы­лық. Қарап отырып, жаны сү­йі­ніп, іші жылыды». Ары қарай ав­­­т­ор, Абай­дың тұлпардың сынын ай­т­қанындай, қыздың сынын кере­мет келтіреді. 
Алайда күдіктен туған сезімтал түйсіктің бір ұшығын тарқата оты­рып айтылған мынадай тамаша философиялық ойларға тап бо­ла­мыз: «...Әр нәрсенің өлшемі бо­лады емес пе, талғампаздық шек­тен шықса – тәкаппарлық. Мұн­­да күмән жоқ. Кірпияздық ас­қынған жерде шыдамдылыққа, кі­шіпейілдікке орын қалмайды. Ал жанына жақпағанның бәріне жатырқай қарау, жатсыну – өзім­шіл­дік. Сірә, өзім білемнің басталар тұсы – осы. Соңы, айтпаса да белгілі, өркеуделік, астамсу. Оның үстіне, манадан куә болғанының барлығы – сырт тұлғаны шырмап алған батыс мәдениетінің шыр­ма­уығы. Бастау көзі санада жатқан елік­­теме әсемдік, еліктірме ел­ес. Адам неге қызықса – со­ның құлы... игеріп қана қой­майды, со­ның көлеңкесінде күн кешеді. Ал батысқа тән көр­кем­дік­ке ұмтылыстың кісіні кө­­бін­де сырт­қы сұлулыққа, тә­кап­пар­лық­қа тәрбиелейтінін ес­кер­­ген­де, көзайым болған кө­рі­ніс­тер тамырының таным ала­­ңын­да аспандаған өрлікпен ас­та­сып жатқанын тұспалдау қи­ын болмаса керек...». Артынша «сырт­тан шыққан ащы дыбыстан, әл­­де басқа бір нәрсенің әсері... жазық маңдайы оқыс жиырылып, шытынай қалуы», «жас адамның жамалына жараспайтын-ақ әдет­­тің» қылаң беруі бейтаныс қа­мал­дың арғы жағын қоюлата тү­се­ді. «Сен кімсің, ақ маңдайлы ар­уым? Уыз жүзіңнің аржағында кім тұр тасаланып? Әсем киім, әр­лі шырайға жасырынып келген «құ­быжық» емессің бе сен?» де­ген жауабы жоқ сұрақтар «көз ал­дына ылғи да елестей беретін нұрға толы, жап-жарық әлемнің алтын есігіне салынған қара құ­лып­тың» ішінде қалады.Бұл тұста С.Нұғыман құндылықтарды қо­пар­ған мәдениеттанушы қырынан кө­рінеді. 
Осылайша, Серік Нұғыманның психологизммен сипатталатын әңгіме-хикаяттары өзінің терең­ді­гімен, батылдығымен және жаңа­­шылдығымен ерекшеленеді. Сте­фан Цвейгтің «Әйел өмірінің 24 сағаты» деген новелласында ка­­зи­нодағы құмарпаз ойыншының қолы мен саусақтарын қимылынан кейіпкердің психологиялық порт­ре­тін қалай керемет суреттейтіні есте­ріңізде болар. Немесе Сом­эр­сет Моэмнің «Шикіл сары­­сын­­­дағы» артық ауыз сөзсіз ба­ян­­далатын кәдуілгі жайттың ас­та­рындағы психологиялық ахуал. Осыған ұқсас психологиялық тә­­сіл­дерді Серік Нұғыман да өз­­ шығармашылығында қол­да­­на­ды. Секеңнің Батыстың бір­қа­тар классик жазушыларын ау­­­­дар­­ғанынан хабарымыз бар, со­­ның да ықпалы болса керек, әң­­­гімелерде кездесетін «атсыз сау­­­сақ» деген термин сол жақтан кел­ген болуы мүмкін деген ойда қалдық. Дегенмен ең бастысы, Серік Үсенұлы – формадан гөрі мәнге көбірек назар аударатын, метафизикалық астарға үңілетін, көзге көрінбейтін көместің, жоқ­тың барын айтатын жазушы. 
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы