Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сирия түрік ұшақтарын атып түсірмек

Сирия түрік ұшақтарын атып түсірмек

Айнұр Қазыкенова
1079
Сирия түрік ұшақтарын атып  түсірмек Сирия қаһарына мінді. Түркияға сес көрсетті.

Сирия  Қорғаныс  министрлігінің ресми сайты «ендігәрі түрік ұшақтары ел территориясына енетін болса, қолдағы бар  құралдармен ескерту  жасамастан атып  түсіреміз» деген мәлімдеме   таратты.  Мәлімдемеде түрік ұшақтары соңғы  кезде  Сирия  жеріне еркін еніп, қажет еткен нысандарды  бомбаның астынан  алып  жүргені айтылған. Мұның да себебі  бар.  Кеше  ұшақтар Алеппо аймағының солтүстігінде жатқан Хассажек, Вардия  және Хесья елдімекендерін  бомбалаған.  Соның  кесірінен 150 бейбіт  тұрғын қаза  тапқан.  Ресми Дамашық «Мұның  арты үлкен жанжалға  ұласып  кетуі  мүмкін»  деп  отыр.   Айта кетелік, 20 қазанда Түркия қолдайтын   оппозициялық  топтар Сирияның солтүстігінде   арнайы  операция жүргізген. Топтың  шабуылын  қолдау  үшін   әуе күштері  көмек  берген. Ресей Қорғаныс министрінің  мәлімдемесіне қарасақ,  оқиға  сәл  өзгеше болған.  Шабуылға  шыққан оппозициялық топты  қолдап, әуеден  соққы  берген  Бельгия әуе күштері  екен.  Осы елдің F-16 атты екі ұшағы  әлгі мекендерді  бомбаның  астынан  алған. Бірақ  Бельгия  Қорғаныс  министрлігі   оны жоққа шығаруда. Десек те ресми Дамашық  Бельгияны емес,  Түркияны  айыптап  жатыр. Олардың  айтуынша,  Сирия  жеріне  жиі енетін  тек түрік  ұшақтары көрінеді. Осы  жерде бір  еске  сала  кететін жайт, соңғы бірер айда Түркия мен Ресей арасы  қайтадан  жақсарған соң, ресми Анкара Башар  Асад  билігі әзірге  орнында  қала  беруге  келісім бергендей  болған.  Тіпті Анкара  мен  Дамашық  кейбір мәселелер  бойынша, бірлесе қимылдамақта  болған.  Тамыз айында Түркия  Сирия жеріне  басып кіре отырып, «Ислам  тобы»  лаңкестерін талқандау  үшін  «Ефрат  қалқаны» атты   операция  бастаған. Бірақ бұған  ресми Дамашық ашық мәлімдеме  жасап, наразылық  таныта  қоймаған  еді. Ал  бұл  жолғысы не? Не  түлен  түртті?  Әлде   Сирия  басшысы Башар  Асад  «өлер бала молаға  жүгірердің» кебін киді ме? Егер түріктің  бір  ұшағын атып  түсірер  болса,  оның арты  міндетті түрде  қарымта қайтару  болатыны  анық. Демек Түркия  мен Сирия үлкен жанжал  алдында  тұр  деуге болады.