Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ысырап жайлы Исламда не айтылған?

Ысырап жайлы Исламда не айтылған?

Айқын-ақпарат
792
Ысырап жайлы Исламда не айтылған? Қазақ халқы әр нәрсенің қадірін жете білген. Бабаларымыз «Барға қанағат, жоққа сабыр» деп тәуба етіп, Алла берген ырыздық, несібесін қанағат етіп келген.

 Қолындағы барын аз болса уайымдамай, көп болса тасымай өмір сүрген жұртпыз. Ата-бабаларымыздың түйір нанның болса да қадірін білгендігін ысырап жайлы айтқан тағылымды сөздерінен белгілі.
Бабаларымыз ұрпағына ысырапшылдыққа бармауды, қолында бар несібе, ырыздығын берекетті де орнымен пайдалана білуді өсиет еткен.
Ұлы Абай атамыз «Бес асыл іс» өлеңінде:
...Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпанды көрсеңіз...
деп бекер мал шашушыларды яғни ысырапшылдарды сынай отырып, оны адамның бес дұшпанға кіргізеді. Қазақтың данасы Абай атамыз ысырапшылдықты, орынсыз малын шашуды өтірік, өсек мақтаншақтықпен бірдей ең бір жаман әдет деп бағалаған.
Қазақ халқында ысырапқа байланысты «Тарта жесе тай қалар, қоя жесе қой қалар» деген сөз бар. «Жаманнан жарты қасық ас қалар» деп ыдысыңдағы астың өзін тауысып ішудің, яғни өзіңе шақтап керектенудің маңызын айтқан.
Ұлтымыз тарихтың талай ауыр да күдірлі белестерінен асты. Замана талабы қолында барын, жиғанын үнемдеп орнымен жұмсауды үйретті.
«Бір аштықтың бір тоқтығы бар» деген бабаларымыз.
Асыл дініміз Алланың тура жолы Исламда ысырапқа байланысты тағылымды хадис шәріптер жетерлік.
Қасиетті Құранкәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген [Ағраф сүресі 31 аят]. Яғни ысырап етушілерді Ұлы Жаратушы жаратпайды дейді. Алла Тағаланың мейріміне бөленуді ойласақ, барымызды орнымен жұмсау маңызды.
Алла Тағала Құран аятында былай дейді: «Шынында ысырапқорлар Шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббысына өте қарсы» (Исра сүресі 27-аят)деп ысырапшылдыққа байланысты терең түсінікте айтылған.
Қазір ысырапшылыққа аса жол беріп жатқанымыз жасырын емес. Той-томалақ дейсіз бе, марқұм болған адамдарды ақырғы сапарға аттандыру қатарлы жиындарда ысырап мәселесіне аса байыппен қарауымыз керек.
Хадистерде: «Жақын туысқа, пақыр-міскінге һәм жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса! Мал-дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма. Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!» дейді, Исламда.
Садақа берудің өзінде де ысырапқа, шектен шықпауға аса маңыз берілген. «Орны табылмай берілген садақа - ысырап» деген хадис бар.
Пайғамбарамыз (с.а.с) хадис-шәрифте былай деген: «Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді» (Табарани). Яғни қолында барын үнемдей білуді уағыздаған.
Сонымен қатар «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи) деп ислам ғұламалары өз өсиет, ғахылияларында айтып кеткен.
Бірде Ардақты пайғамбарымыз Алла Елшісі (с.ғ.с) Саад бин Әби Уаққасқа «(Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!» деп ескерткен дейді. (Ибн Мәжа, Тахарат, 48).
Ысырап тек дүние, байлықты пайдалана білуде ғана емес, уақытты тиімді жұмсаумен және сөздің өзін аңдап сөйлеуде де болатындығын
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бір хадисінде
«Сөз және қарым-қатынаста шектен шығып шамадан тыс кеткендер опат болды» (Мүслим, Ілім 7; Әбу Дәуіт, Сүннет 5) деген. Қандай ұлылық тұнған ғибрат!
Дүние, байлықты , күш-қуатты уақытты ысырапсыз орнымен жұмсауды Алла Тағала бізге міндет еткен. Ысырапқа бармау байлық пен қанағаттың және берекенің бастауы болмақ.
Ырысымыз арта берсін!
 

Ибраһим қажы Еркінбайұлы,
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының бас имамы.
Baq.kz