Басты  /  мақалалар  /  Бойынан ізгіліктің лебі есетін

Бойынан ізгіліктің лебі есетін

Айқын-ақпарат
707
Бойынан ізгіліктің лебі есетін Еске алу

«Айқын» республикалық газетінде корректор болып жемісті еңбек еткен, марқұм Айбала Мұхашбаева өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындап, ұжым басшылары мен журналистердің, әріптестерінің алғысына бөленген білікті маман әрі ұжымға сыйлы, ақкөңіл жан еді. Өзінен алдыңғы буын әріптестері Әйкен, Бағдат апайлармен бір кісінің баласындай тату-тәтті тізе қоса еңбек етті. Жүріс-тұрысынан текті ортада тәрбиеленгені көрініп тұратын, үлкен-кішімен сөзі жарасқан, орнықты мінезді, есті жан еді. 
1964 жылы 9 ақпанда бұрынғы Талдықорған облысы Киров ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген ол 1981 жылы орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға түсті. Білім ала жүріп, студент кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде еңбек жолын бастады. Оқуын бітірген соң да «Жас Алаш» газетінде сүйікті жұмысын жалғастырды. Кейін корректор мамандығы бойынша еңбек жолы республикалық «Айқын» газетінде жалғасты. 
Айбала көкірегіне иман тұнған ибалы, таза жан еді. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор болатын. Ері Қайрат, ұл-қыздары Құралай, Азаматпен бірге ерінің туған ауылына соңғы үлгідегі жаңа мешіт салып бергенде, сол игілікті іс-шараға Айбаланың қосқан үлесі айтар­лықтай еді. Алла Тағала сауаптан жазсын дейміз.
Айбаланың отбасындағы өзіне әйел ретінде жүктеген жауапкершілігі, бала тәрбиесінде атқарған рөлі, жарына көрсеткен құрметі, бойына біткен асыл мінезін одан сайын ажарландырып тұратын.
Емі жоқ кеселмен ауырғанда да мұқалмай, қайраттанып, бойын тас түйін жинап алатын. Ауруынан айығу үшін белгілеген емдерін дер уағында қабылдап, өмір сүруге өте құлшыныста болды. Сырқатына қарамай, Алла Тағаланың алдында пендесінің бес парызының бірі болған намазды да қаза қылмай орындады. 
Айбаланың бойынан ізгіліктің, тектіліктің нышаны әр кез білініп тұрушы еді. Кімге де болсын жан жылуын аямайтын, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы жанындағы әріптестерін, жора-жолдастарын, құрбы-құрдастарын тамсандыратын. Адамгершілік қасиетімен, асыл мінезімен бәрімізді тәнті етуші еді.
Міне, арамыздан Айбаланың мәңгілік бақи дүниеге аттанғанына да бір жылдың жүзі болыпты. Дүние-уақыт бір орында тұрмайды деген осы. 
Айбаланың жарқын жүзі, асыл мінезі, анаға тән абзал қасиеті отбасының, жора-жолдастарының, құрбы-құрдастарының мәңгілік жүрегінде. Алла Тағала алдынан жарыл­қап, мәңгілік орны жұмақтың төрінен болсын деп тілейміз. Артында қалған балаларына, еріне Алла Тағала қуат беріп, Айбала жетпей кеткен жетістіктерге балалары жетсе екен деген тілектеміз.
Еске алушы: жора-жолдастары, әріптестері, отбасы