Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ауыл инвестқоржыны артып келеді

Ауыл инвестқоржыны артып келеді

Айқын-ақпарат
820
Ауыл инвестқоржыны артып келеді Ауыл шаруашылығы саласына халықаралық капиталды тарту мәселесі осы уақытқа дейін де жиі айтылатын.

Міне, осы әңгіменің нәтижесі енді көріне бастады. Агросекторды технологиялық жағынан жаңғыртуға бағытталған халықаралық қаржы көлемі бір жылдың ішінде 2,5 есе өсіп, 16-дан 39 миллиард теңгеге дейін жеткен. 

Биыл агросекторда жағымды жаңалық жетерлік. Астық жинаудан рекордтық нәтижеге қол жеткіземіз деп бір қуансақ, сарапшылар бұл салаға инвестиция тартудан да даусыз рекордтық көрсеткішті бағындырып отырмыз деген пікірде. Инвестқоржын осы жылдың алғашқы үш тоқсанында 190 миллиард теңгеге артты. Бұл өткен 2015 жыл бойғы инвестқар­жыдан 23,5 миллиард теңге артық. 
Ауыл шаруашылығы мамандары осы саладағы бизнестеріне батыл түрде қаржы құюға қадам жасай бастады. Бұл ауыл шаруашылығына тартылған жалпы қара­жаттың 74 пайызына тең. Ал халық­аралық қаржы институтынан тартылған займ 20,3 пайыз. Халықаралық қаржы инс­титуты дегенде ауызға алдымен алы­натыны – Бүкіләлемдік банк. Соңғы айларда Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл қаржы институты басшыларымен бірнеше рет кездесіп, алдағы уақытта ынтымақтастық негізде жұмыс істеу, жаңа Агроөнеркәсіптік кешені бағдарламасын таныстыру мәселесін талқылаған бо­латын. Жалпы, қай саланың болсын жұмысын жүргізу тек қаражат мәселесіне байланысты емес, үйлестіру жағы да үлкен маңызға ие. Ай басында Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Дүниежүзілік банктің Орта Азия бойынша бағдарлама басшысы Анимэш Шриваставамен кездесуінде де ауыл шаруашылығы секторы алдында тұрған реформалар мен оның ішінде АӨК дамуының жаңа мемлекеттік бағдар­ламасымен таныстырған. Ведомство басшысы саланы қаржыландырудағы өзгерістер мен мемлекеттік қолдаудың кейбір түрлері бойынша шығынды қайтару туралы айтып берген болатын. Мәртебелі мейман А.Шривастава жаңа бағдарлама жасауда Бүкіләлемдік банк сарапшылары өз тәжірибесі мен білімдерімен бөлісуге дайын екендігін жеткізген. 
Мемлекеттік сектор жеке кәсіп­керлерге ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндік жасап отыр. Агроөнеркәсіптік кешеннің эконо­миканың басты қозғаушы күші екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та айтумен келеді. «Біріншіден – экономикалық өсім тұрғысынан келгенде жаңа бағыттар керек. Шикізаттың жоғары бағалы циклі аяқталды. Қазір мұнай-газ және ме­таллургия секторы өсімнің негізгі қайнар көзі болып табылмайды. Олар бар болғаны ағымдағы деңгейге дем береді. Бізге орнықты экономикалық өсім беретін мына бағыттар – жеделдетіп ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, болашақта индус­триалдық бағдарлама мен кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарымыз үшін қолжетімді баспана құрылысын жүргізу, еліміздің транзиттік әлеуетін пайдаланып көлік инфрақұрылымын дамыту екені айта келіп, Елбасы Н.Назарбаев 2015 жылдың қорытындысы мен 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қорытынды бойынша тап осы аграрлық және өнер­кәсіптік өңдеу секторы экономикалық өсімге мұрындық болып отырғанына тоқталған. 
Салыстырмалы түрде алып қарағанда, ауыл шаруашылығы секторында ин­весторлар үшін тартымды сала өсімдік шаруашылығы саласы болып тұр. Өткен жылы осы салаға тартылған инвести­ция­ның 60 пайызынан астамы маусымдық дақыл өсіруге бағытталған. Қыркүйек айындағы мәліметке қарағанда, бұл көрсеткіш 66 пайызға артқан.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ