Негізгі бет  /  мақалалар  /  Боб Бимонның рекорды

Боб Бимонның рекорды

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
782
Боб Бимонның рекорды Осыдан дәл 48 жыл бұрын, яғни 1968 жылдың 18 қазанында Мехикода өткен Олимпиада ойындарында АҚШ-тың 22 жастағы жеңіл атлеті Боб Бимон адам нанғысыз көрсеткішке қол жеткізді.

Ұзындыққа секіру жаттығуы бойынша сынға түскен ол 8 метр 90 сантиметрлік нәтижемен әлемдік рекорд орнатты. Бір ғажабы, Бимон бұрынғы рекордты бірден 55 сантиметрге жаңартты. 

1946 жылы АҚШ-тың ең ірі қаласы – Нью-Йорктегі кедей-кепшіктер тұратын Куинс ауданында дүниеге келген Боб бала кезінен тағдыр тауқыметін молынан татты. Ол әкесін еш уақытта көрген емес. Болашақ жұлдыз 11 айға толғанда құрт ауруына шалдыққан анасы көз жұмды. Сөйтіп, бала Боб арақтан аузы бір құр­ғамайтын өгей әкесі мен аурушаң апа­сының қолында өсті. Мектеп қабыр­ғасында жүрген кезде Боб есірткі сатып, бұл кәсіпті табыс көзіне айнал­дырды. Алайда уақыт оза қылмыс әлемінен бойын аулақ ұстап, спортқа ден қоя бас­тады. Ол спорттың сан түрімен айна­лы­сып, ақырында жеңіл атлетикаға тоқтады. 16 жасында мектепаралық жарыстардың біріне қатысып, 7 метр 30 сантиметрге бір-ақ секірді. Сол кезден бастап Бимон қырағы мамандардың назарына ілікті. 
Өзінің бұл ермегін Боб студенттік кезінде де жалғастырды. 1967 жылы Па­намерика ойындарында қола медальді иеленіп, АҚШ-тың белді жеңіл атлет­терінің біріне айналды. Десек те, Бимон­ның соңғы уақыттардағы көрсеткішіне қарап, оның Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанатынына сенгендер кемде-кем еді. Ол кездері бас жүлдеден негізгі фавориттер Американың тағы бір мықтысы Ральф Бостон мен КСРО өкілі Игорь Тер-Ованесян еді. 
Миллиондаған жанкүйерлер күткен Мехико Олимпиадасы да келіп жетті. Бұл бір рекордтарға толы ойындар болды. Нақты деректерге сүйенсек, Мексиканың астанасында 34 әлемдік және 38 олим­пиадалық рекорд жаңартылған екен. Солардың арасындағы ең кереметі Боб Бимондікі екені сөзсіз.
Төрт жылдықтың басты додасы аме­рикалық спортшы үшін сәтсіз басталды. Ол екі рет сызықты басып кетіп, жағда­йын күрт қиындатты. Десек те, үшінші мүмкіндікті сәтті пайдаланып, 8 метр 19 сан­тиметрлік көрсеткішпен финалға шық­ты. Ақтық сын өтетін күні жаңбыр себе­леп тұрғанына қарамастан қатысу­шылардың барлығы да өте жақсы нәтиже көрсетті. Солардың арасынан Боб Бимон­ның бағы жанып, тым алысқа секірді. Өз көздеріне өздері сенбеген төрешілер алғашында естерінен тана жаздады. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі элек­тронды құрал АҚШ спортшысы қандай нәтиже көрсеткенін біразға дейін есептей алмады. Амалдың жоқтығынан бәрін қолмен өлшеуге тура келді. Содан арада жарты сағат өткеннен кейін таблода «8 метр 90 сантиметр» деген жазу жарқ ете түсті. Барлық элементтердің дұрыс орындалғанына көз жеткізген қазылар әлемдік рекордтың 55 сантиметрге жаңар­ғанын жалпақ жұртқа жария етті. Осылайша Боб Бимон Олимпиада ойындарының жеңімпазы әрі әлем рекордшысы атанды. 
Жоғарыда айтылған оқиғаға куә болған КСРО-ның әйгілі жеңіл атлеті, Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Игорь Тер-Ованесяннің «Мынаның қасында біздікі баланың ойыны болып қалды ғой» деп бас шайқағаны бар. 
 – Мен әлемдік рекордтың жаңар­ғанын іштей болса да сездім. Алайда өзімнің отандасым Ральф Бостонның рекордынан санаулы сантиметрлер ғана асқан шығармын деп ойладым. Ал қандай нәтижеге қол жеткізгенімді естігенімде қуаныштан жүрегім жарылып кете жазда­ды. Бұл – керемет қой! Десек те, бұл көрсеткіш көп уақыт тұрмайтындай кө­рін­д­і маған. Неге екенін білмеймін, санаулы минуттардан кейін Ральф менен озатын шығар деген ой келді. Басқа да жігіттерден қауіптендім. Тек жарыс аяқта­лып, алтын медаль мойныма ілінгенде ба­рып, өзімнің шын мәнінде қандай ерлік жасағанымды жан-тәніммен ұғын­дым, – деп біраз жылдар өткеннен кейін атақты жеңіл атлет журналистермен сыр бөлісті.
Кейіннен де Бимон талай байрақты бәсекелерде топ жарғанымен, өзінің Мехикодағы көрсеткішіне маңайлай да алған жоқ. Бұл рекорд 33 жыл бойы бұзылмаған күйі тұрды. Тек 1991 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында Боб Бимонның рекордын өзінің ізбасары, АҚШ-тың тағы бір әйгілі жеңіл атлеті Майкл Пауэлл жаңартты. Сол жарыста ол 8 метр 95 сантиметрге секірген еді...