Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жастарымыз жалынды екен

Жастарымыз жалынды екен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
906
Жастарымыз жалынды екен Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде дзюдодан жастар арасында өткен халықаралық турнир аяқталды.

Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, республикалық дзюдо федерациясы, Қарағанды облысы әкімдігінің мұрындық болуымен өткен бұл жарыс Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген балуандардың басын қосты. 

Жарыс қарсаңында төрешілер арасында үлкен семинар ұйым­дас­ты­рылып, бірқатар мемлекеттерден келген қазылардың біліктілігі тексерілді. Бұл жиынға 1972 жылғы Мюнхен Олим­пиа­дасының жеңімпазы, әлем чемпионы Кавагучи Такао (Жапония), Моамер аль Моамер (Сауд Арабия), Мун Вон Бэй (Оң­түстік Корея), Нагманжон Мирзах­манов (Өзбекстан) және Мұқсын Нұр­тазин (Қазақстан) сынды майталман ма­мандар жетекшілік етті. Соның нәти­жесінде барлық сынақтан мүдірмей өтіп, емтиханды ойдағыдай тапсырған Қазақстанның бес төрешісі алдағы уақытта құрлықтық және халықаралық додаларда қазылық ету құқығына ие болды. Ол осы турнирдің жоғары деңгейде өтуін республикалық дзюдо федера­циясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбеков, сол ұйымның лауазым иелері Самат Жылқыбаев пен Асхат Житкеев тікелей қадағалады. Ал бәсекелерді тамашалау үшін Рио Олим­пиадасының қола жүлдегері Отгонцецег Галбадрах пен оның жеке бапкері Энх­баатар Дашжамц Қарағандыға арнайы ат басын бұрды.
– Қазақстанға қоныс аударып, осы елдің туы астында өнер көрсетуге бел бу­ғаным үшін еш өкінбеймін. Жасы­ра­тыны жоқ, өзімнің туған жерімде көбі­не-көп көлеңкеде қалып жүрдім. Тіптен Олим­пиада ойындарына да қатыса алмайты­ным да анық еді. Содан ет жақын адамда­рымызбен ақылдаса отырып, бапкеріміз екеуміз осындай шешімге келдік. Бұл шешіміміздің дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеді. Қазақстанға келгелі бағым жанып, көптеген байрақты бәсекелерде бақ сынау құрметіне ие болдым. Ақы­рында өзім армандаған Олимпиада ойын­дарына қатысып, қола медальді қоржынға салдым. Риодан елге оралғанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тан бастап, басқа да лауазым иелері барынша құрмет көрсетті. Қатардағы қарапайым жанкүйерлер де күні бүгінге дейін ала­қандарына салып аялауда. Спортшы үшін осыдан артық қандай құрмет керек?! Мен қазақ халқының қонақжайлығына риза­мын. Және де алдағы жарыстарда да Қазақ­станның әнұранын шырқатып, туын биікте желбірету үшін еш аянып қалмаймын, – деп Отгонцецег Галбадрах ақтарыла сөйледі. 
Жарыстың өзіне келер болсақ, Қазақ­стан құрама командасы мүшеле­рінің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Ерлер арасында Дәурен Сүйкенов (55 келі), Жасұлан Отарбек (60 келі), Рустам Мамутов (81 келі), Арман Ерғалиев (90 келі), Жасұлан Мұхаметханов (100 келі) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) сынды қандастарымыз қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Жерлестеріміздің бұл табысы ешкімді таңдандырған жоқ. Себебі, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген жас өрендеріміздің дені түрлі халық­аралық жарыстар мен елішілік бәсеке­лерде оза шауып жүр. Бұл жолы да олар өздерінің мықтылығын мойындатты. Қалған екі салмақ дәрежесінде Өзбек­станның балуандары алдарына жан сал­мады. Олар – Артем Штурбабин (66 келі) мен Ұлықбек Отомурадов (73 келі). Ал қыздар арасындағы сайыста алтын медаль түгелдей қазақ балуандарына бұйырды. 
– Алтыншы мәрте жалауы желбіреп отырған Қарағандыдағы жарыстың біздер үшін маңызы өте зор. Бүгінгі жастар ертеңгі күні әлем және Азия чемпио­наттары, Олимпиада ойындары секіл­ді дүбірлі додаларда ел намысын қорғай­­тын сақа спортшыларға айналатыны анық. Сол себепті де майталман мамандар мен қырағы бапкерлердің барлығы да жас өрендердің әр қадамын жіті қадағалап отыруға тиіс. «Елішілік жарыстарда бәсе­келестік деңгейі қандай?», «Қалың топтың арасынан кімдер суырылып шығып жүр? «Жалындап өсіп келе жатқан жігіттердің қарқыны қалай?», «Халық­аралық бәсекелерде олар көңіл көнші­терліктей нәтиже көрсетіп жүр ме?» деген мәселелер күн тәртібінен түспеуі керек. Тек сонда ғана Қазақстан дзюдосының көсегесі көгеріп, еңсесі биік болады, – дейді Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев мырза.
Осы орайда Жапониядан келген мамандардың қатысуымен жастарға ар­налған тағы бір семинардың 19-20 қазан аралығында Алматыдағы Дзюдо акаде­миясында өтетінін естеріңізге тағы бір сала кетуді жөн көріп отырмыз. Екі күн ішінде шетелдік мамандар теория мен практиканы ұштастырып, қазақстандық жас спортшылардың біліктілігін артты­рады. Бұл семинарға Ямакази Масайоши, Макиши Иошихару, Ушимура Наоя, Эбинума Сатори, Эйга Хидеуки, Кадано Масато, Имазато Манабу, Такахаши Каю, Охира Юкихиро сынды мамандар қатысады.
Ал Қарағандыдағы жарысқа қатыс­паған Қазақстанның тағы бір топ жас дзюдошылары Польшаның Олесница қаласында жалауы желбіреген халық­аралық турнирде бақ сынады. Бұл сапар­дан да отандастарымыз олжалы оралып, 5 алтын, 1 күміс және 4 қола медальді қор­жынға салды.