Негізгі бет  /  мақалалар  /  Футбол: Пенальтиден кім мықты?

Футбол: Пенальтиден кім мықты?

Айқын-ақпарат
924
Футбол: Пенальтиден кім мықты? Қазақстан премьер-лигасының ХХХ турындағы «Қайрат» — «Астана» (2:0) кездесуінде қақпашылар С.Покатилов пен Н.Ерич пенальтилерді қайтарып көзге түсті. Бір матчта 2 пенальтидің де қақпаға енбеуі — биылғы турнирдегі алғашқы оқиға.

«Статспорт» порталы Қазақстан премьер-лигасындағы биылғы пенальтилер дерегінен мынадай статистикалық олжа тапты:

* Биыл қақпаларға 57 пенальти белгіленіп, соның 44-і енгізілген. 12 пенальтиді қақпашылар қайтарған, 1 рет доп шетке кеткен.

*Ең көп пенальти соғу құқын «Қайрат» пен «Ордабасы» иеленіпті — 9 реттен. «Қайрат» 9 мүмкіндіктің  үшеуін енгізе алмаса (Тавамба, Исламхан, Гоу), «Ордабасы» 9 мүмкіндіктің ешбірін мүлт жіберген жоқ.

* Маусым барысында «Атырау» футболшыларына бір де бір рет 11 метрлік айып добын соғу мүмкіндігі берілмеген.

*Есесіне «Атыраудың» қақпасына белгіленген 5 пенальтидің үшеуін Жасур Нәрзіқұлов қайтарды. Ол Ф.Ортистің («Ақжайық»), А.Финонченконың («Шахтер») және М.Маненің («Тараз») соққыларын қақпасына дарытпады.

*Биыл 11 метрлік нүктесіне теңбіл допты ең көп  қойған футболшылар — Б.Исламхан («Қайрат», 6+1), Т.Шимкович («Тобыл», 5+1), А.Гейнрих («Ордабасы», 5+0). Б.Исламхан — «Тараз» қақпашысы А.Григоренкодан, Т.Шимкович «Ертіс» қақпашысы Д.Лориядан айла асыра алмады.

* А.Нұрғалиев пен Г.Гогуа маусым барысында екі команда сапында пенальтиден қателескен жоқ. Азат «Ордабасы» құрамында — 3, «Астана» құрамында 1 пенальти енгізді. Гогита «Ертістегі» 3 мүмкіндігін, «Ордабасыдағы» 1 мүмкіндігін қапысыз соқты.

*Пенальтиден екі рет қателессе де тебуін тоқтатпаған жалғыз футболшы — Р.Муртазаев («Ертіс»). Ол «Оқжетпес» (Ж.Бабаханов) және «Ордабасы» (А.Бекбаев) қақпаларын ХХІІ және ХХVІ турларда 11 метрден дәл көздей алмағанмен, ХХХ турда Бекбаевтан «кегін» қайтарып, пенальтиден есеп ашты.

*Муртазаевтың бұл тұрғыда  «бауырлары» — Б.Исламхан, Т.Шимкович, М.Мане («Тараз»), Ф.Ортис («Ақжайық»). Бұл үшеуі де пенальтиден бір-бір рет қателескенмен, кейінгі ойындарда бәрібір 11 метрлік нүктеге кемі бір рет доп қойып, қанжығаларын майлай берді.

*Бір рет қателесіп, пенальтиге қайта мүмкіндік алмаған футболшылар саны — төртеу. Ж.Молдақараев («Оқжетпес»), А.Финонченко («Шахтер»), Л.Тавамба («Қайрат»), Е.Зенели («Шахтер») пенальтистер қатарынан қайта көрінген жоқ.

*Екі қақпашысы бірдей пенальти қайтарған команда — «Жетісу». А.Шабанов — Ж.Молдақараевтың, А.Пасеченко Е.Зенелидің соққыларын қас қақпай қайтарды.

* «Қайраттан» — 3 (Тавамба, Исламхан, Гоу), «Ордабасыдан» — 3 (Нұрғалиев, Гогуа, Гейнрих), «Оқжетпестен» — 3 (Бөлешев, Молдақараев, Хайруллин), «Шахтерден» 3 (Финонченко, Зенели, Скорых) футболшы пенальти тебуге тәуекел етті. Басқа командалардағы пенальтистер саны бұдан аз.

*Кемі бір 11 метрлік соққыны қайтарған қақпашылар — Д.Лория («Ертіс»), А.Пасеченко, А.Шабанов (екеуі де — «Жетісу»), Р.Багаутдинов («Ақжайық»), А.Григоренко («Тараз»), Н.Ерич («Астана»), С.Покатилов («Қайрат»), Ж.Бабаханов («Оқжетпес»), А.Бекбаев («Ордабасы»). 

*Қақпасына ең көп пенальти белгіленген команда — «Ертіс». Павлодарлық қақпашылар 10 соққының біреуін ғана қайтарған. 

 

statsport.kz