Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ауыл шаруашылығында жетістік мол

Ауыл шаруашылығында жетістік мол

Айқын-ақпарат
888
Ауыл шаруашылығында жетістік мол Қарағанды облысы

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 106,9 млрд теңгені құрады. Аймақта жыл басынан бері 25,8 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілсе, негізгі капиталға 2412,6 млн теңгенің инвестициясы бағытталған. Ал азық-түлік тағамдарының өндірісіне 705,0 млн теңге жұмсалып, 55,6 мың тонна ет, 214,5 мың тонна сүт өндірілген. Бұл туралы облыстық мәслихаттың сессиясында аймақ басшысы Нұрмұхамед Әбдібеков баяндады.

– Облыста ірі-қара малдың өсімі байқалып отыр, оның ішінде сиыр басы 256,1 мың бас, жылқы 312,6 мың басты құрайды. «Сыбаға» бағдарламасы бо­йын­ша 2016 жылы аналық мал басын сатып алу 5700 бас деп межеленді. «Құлан» бағдарламасы бойынша 3700 бас жылқы, «Алтын асық» бағ­дарламасы бойынша 6500 қой сатып алу жоспарда. Ағымдағы жылы Абай ауданында «Сарыарқа» АӨШ» ЖШС-де үш мың басқа мал бордақылау алаңы қолданысқа енгізілді. Бұқар жырау ауданының «Жаке» ШҚ базасы мен Абай ауданының «Нияз батыр» ЖК да мал бордақылау алаңын салу жұмыс­тары басталды, – деді облыс әкімі. 
Биыл облыста кейінгі жарты ға­сыр­да болмаған астық көлемі жиналды. Аймақтағы егістік алқабының көлемі 1075,0 мың гектар алқапты құрайды. Астық – 752,9 мың, майлы дақылдар – 13,6 мың, картоп – 8,4 мың, көкөніс­тер – 1,5 мың, жемшөптік дақылдар – 298,6 мың гектарға себілді. Шаруа­лар­дың жер өңдеуде заманауи техно­логияларды қолдануы да тиімділігін көр­сетті деді, – Нұрмұхамед Қанапияұлы. Облыста ылғал қорын сақтау техно­логиясын пайдалану дәнді-дақылдар алқабының жетпіс бес пайызын құ­рады, ол өткен жылға қарағанда отыз мың гектарға артық. Сонымен қатар биыл тамшылатып суару технология­сын пайдалана отырып картоп және көкөніс­тер отырғызу алқабы 192 гек­тарға ұлғайтылды. 
– «Агробизнес – 2020» бағдар­ла­масы аясында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 2686,4 млн теңгенің қол­-дауы көрсетілді. Оның ішінде мал ша­руа­шылығы бойынша – 1357,1 млн теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша – 48,7 млн теңге бөлінді. Репуб­ли­калық бюджеттен 1280 млн теңге қа­растырылды. Дамыту институттары арқылы 2269,8 млн теңгенің 247 жобасы несиеленді, – деді аймақ басшысы.
Аудан және қала әкімдіктерінің деректері бойынша үш жүзге таяу жәрмеңке өткізіліп, төмен бағамен бір миллион теңгеден астам азық-түлік өнімдері сатылған.
Мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген жалпы құны 34,3 млрд теңгені құрайтын қырыққа жуық жоба жүзеге асырылуда. Үдемелі индустрия­лық-инновациялық дамытудың мем­лекеттік бағдарламасының екінші бес­жылдығының шегінде индустриа­­лизацияландыру картасына 2015 – 2019 жылға дейін жалпы сомасы 24,9 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба енгізілді, жобаларды жүзеге асы­ру ба­рысында 925 жұмыс орны ашы­лады. 
Жыл соңына дейін құны 3,2 млрд теңгені құрайтын бес жобаны іске қосу жоспарланып отыр, оның негізінде 374 жұмыс орны ашылады. «КазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы екі миллиард теңгенің төрт жобасы қолға алынды. 
– Әрине, биылғы жыл біздің об­лысымыз үшін, бүкіл еліміз үшін үлкен өзгерістерге толы жыл болды. Өздері­ңіз­ге белгілі, бүкіл әлем елдерін қиын­шы­лыққа салған қаржы дағдарысы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Дегенмен Елбасымыздың тікелей тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы арнайы бағдарлама қабылданып, ау­қым­ды жұмыстар жүргізілуде. Мемле­кет­тік саясаттың басты мақсаты да – халықтың әл-ауқатын жақсартуға, эко­номиканы тұрақтандыруға бағыт­талып отыр, – деді Нұрмұхамед Әбді­беков. 


 

 

Әлеуметтік жағдай бақылауда

Қарағанды облысында ана өлімі өткен жылға қарағанда 24% төмен­деді. Ал дуальді білім беру жүйесін енгізген 29 колледждің 80% астам түлегі жұмыспен қамтылады. Мемле­кеттік бағдарламалардың орында­лысы аймақтағы әлеуметтік саланы дамытуға жағымды әсер етуде. 


Қарағанды облысында туберкулез дерті­нен көз жұму көрсеткішінің деңгейі 18,2% азайып, қауіпті ісік салдарынан өмірден өткендер саны 13,4% кеміген. Соңғы бес жылда диагнозын тап басып, онкоаурулардың алдын алу бойынша Қа­рағанды республикада екінші орынға кө­терілді. Облыс әкімі Нұрмұхамед Әбді­бековтің айтуынша, облыстағы «Ден­­­сау-
лық» мемлекеттік бағдарлама өз тиімділігін дә­лелдеп отыр. Биыл денсаулық саласының бюджеті 63,3 млрд теңгені құрайды. Бюджет еңбекақының жаңа жүйесін енгізу арқылы жалақыны 17 пайызға арттыру мен дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұ­йым­дарды сатып алуды қаржыландыру есебінен көтерілді. 
– Медициналық ұйымдарды мате­риал­ды-техникалық жабдықтауға ағымдағы жылы 176.9 млн теңге бөлінді. Қаржылық лизингті қолданудың нәтижесінде 3 млрд теңгенің 153 қымбат тұратын заманауи құ­ралдары алынды. Бұл қаражат үш жыл ішін­де өтелетін болады. 850 млн теңге он төрт денсаулық сақтау объектілерін жөндеуге бағытталды. Екі жүз орындық көпқырлы балалар ауруханасының құрылысы аяқта­луға жақын. Сонымен қатар биыл 27 село­лық дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі, – деді Нұрмұхамед Әбдібеков. 
Биыл амбулаторлық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 3 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде 2,7 млрд тең­ге жергілікті бюджеттен бөлінген. Дәрі-дәр­мектермен қамтылу қажеттіліктің елу пайызын құрайды. Дәрілерді мемлекеттік медициналық мекемелерде қолжетімді ету мақсатында төмен бағамен дәрі босататын 32 әлеуметтік дәріхана жұмыс жасайды. 
Ауруларды мерзімінен ерте анықтау үшін медициналық тексерістерден өткізу қаржыландырылады. Бұл үшін ағымдағы жылға 462 млн теңге қарастырылды.
– Жыл басынан бері УЗИ – диагностика кабинеттерін ашу бойынша үш инвес­ти­циялық жоба қолға алынды. Бұл каби­нет­терді Балқаш, Жезқазған және Қарағанды қалаларында ашу үшін 228 млн теңге қаржы бөлінді. Шахтинск қаласында гемодиализ бөлімшесін ашу жұмыстары аяқталуға жа­қын. Қарағанды қаласындағы №1 ауруха­наға 276 млн теңгенің компьютерлік томо­графын орнату жоспарланды. Дәл осындай құрал-жабдық Балқаш қаласындағы орта­лық ауруханаға да орнатылады. Ағымдағы жылы аймақтың денсаулық сақтау ісіне 
2 млрд теңгелік 13 жоба іске қосылады, – деді аймақ басшысы.
Облыстағы білім беру жүйесінде де бар­лық жұмыс сапалы әрі қолжетімді білім алуға бағытталған деді әкім. Апатты мек­тептер мен үш ауысымды жүйені жою бо­йынша жұмыстар жүйелі жасасып жатыр. Мектепке дейінгі мекемелерде орын же­тіспеушілігін азайту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жақында ғана Абай ауданы Құрма ауылында 320 орындық балалар бақ­ша­сының құрылысы аяқталды. Жыл со­ңына дейін, Ұлытау ауданындағы, Сәт­паев қаласындағы мектептер мен Жезқаз­ған қаласындағы балалар бақшасының құ­ры­лы­сы аяқталады. 
Облыста білім беру саласында мемле­кеттік-жекеменшік серіктестік принципі сәтті жүзеге асырылуда.
– Жекеменшік мектепке дейінгі меке­мелер жүйесін дамыту қолға алынды. Жыл басынан бері Қарағандыда 185 орындық үш жекеменшік ұйым ашылды. Жыл соңына дейін Қарағанды, Теміртау қалалары мен Қарқаралы аудандарында 935 орындық тағы сегіз жекеменшік ұйымдар есігін ай­қа­ра ашады. Қолданыстағы мектепке дейін­­гі ұйымдар 166 орынға кеңейтілді. Ағымдағы жылы екі мың орындық бала­бақша құры­лады деп жоспарланды, – дейді әкім.
Қарағанды облысы инновациялық жобалар, электронды мектеп, робото­тех­ника, үш тілді және инклюзивті білім беру бойынша республикада көшбасшы орында. Облыс түлектері ҰБТ қорытындысы бо­йын­ша 81,9 балл нәтиже көрсетті. Бұл рес­публикалық көрсеткіштен жоғары. Дуальді білім беру жүйесі де жолға қойылған. Бұл жоба негізінде облыстағы 29 колледж білім беріп, тәжірибеге сәтті енгізді. Аталмыш колледждердің түлектерінің 80% астамы жұ­­мысқа орналасуда дейді аймақ бас­шысы.
Қарағанды облысындағы әлеуметтік сала Елбасының «5 институттық рефор­маны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындау аясында жүргізі­луде деген тоқтамға келді Нұрмұ­хамед Әб­ді­беков. 


 

 

Балабақша – басты назарда

Облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков­тің төрағалығымен аппа­рат жиыны өтті. Күн тәртібіне кезек күттірмейтін мәселе – мек­теп­ке дейінгі білім және тәрбие берумен қамту жұмыстарының жүзеге асырылу барысы талқыға түсті.
– Балабақша – білім беру жүйесін­дегі алғашқы баспалдақ. Сондықтан мектепке дейінгі мерзімде баланың бар­лық негізі қаланып үлгереді. Әрі қарай, дамып, жетілуі – сол алғашқы қадамды қалай басқанына байланысты болмақ. Егер, біз Қазақстанның болашақ тағ­дыры білімді әрі тәрбиелі жастардың қолында болсын десек, біз бүгінгі ба­ла­ларымызға сапалы білім мен тәрбие алатын жағдай жасауымыз керек, – деді аймақ басшысы.


Қарағанды облысының білім бас­қар­масының басшысы Асхат Аймағам­бетовтің мәліметі бойынша, өткен жыл мен биылғы жылдың 9 айында 2 942 бүл­­діршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Мектепке дейінгі білім беру желілері 11 бірлікке көбейіп, құрамында 53 502 бүлдіршіні бар 511 мекеме жұмыс жасайды. Желілер санының артуына – жекеменшік секторлардың дамуы, бюд­жет қаражаты есебінен жаңа нысан­дар­ды қызметке қосу, жұмыс жасап жатқан мектепке дейінгі ұйымдарды кеңейту арқылы қол жеткізілді. Дегенмен жас ерек­шеліктеріне қарай балаларды қамту көрсеткіші былтырғы жылғы көрсет­кіш­пен бір деңгейде қалып отыр. 1-6 жас аралығында – 87%, 3-6 жас аралы­ғында – 98%. Облыстық маңызы бар орташа көрсеткіштен төмен қамтылған көрсеткіш Қарағанды және Жезқазған қалаларының 3-6 жас аралығындағы бүл­­діршіндері арасында тіркелді.
Оны, ең алдымен, облыстың мек­тепке дейінгі білім беру ұйымдарын­­-дағы кезек күту мәселесінің артуымен түсіндіруге болады. Мәселен, өткен жыл­мен салыстырғанда кезек күтуші­-лер саны биыл – 4852 адамға артып, барлығы – 36266 баланы құрады. Соның ішінде 3-6 жас аралығындағы – 9672 бала бар. Өңірлік салыстыру кезінде кезекте тұрғандардың ең көп мөлшері тұрғындардың тығыз орналасуымен, бала туу үрдісінің оң бетбұрысымен, бел­сенді көші-қон үдерісімен түсінді­рілетін Қарағанды және Теміртау қала­ларында есепке алынып отыр. Мысалы, Қарағанды қаласында кейінгі үш жыл ішінде 1-6 жас аралығындағы бала­лар­дың кезегі 21204 адамнан 24486 адамға, Теміртау қаласында 3395 адамнан 5420 адамға артқан. Аталған қалаларда 1,5 мың­нан астам жаңа орынның ашыл­ғанын айтпағанның өзінде осындай көр­сеткіш орын алуда.
Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік механизмі негізінде жекеменшік балабақшаларды ашуға үлкен көңіл бө­лі­нуде. Өткен жылы 812 орындық 5 мек­тепке дейінгі білім беру ұйымы іске қо­сылса, 2016 жылдың басынан бері 185 орындық 3 жекеменшік мектепке де­йінгі білім беру ұйымы тұсауын кесіп, Теміртау қаласында жұмыс жасап тұрған шағын орталық өз ауқымын 25 орынға кеңейтті. Жыл соңына дейін Қарағанды, Теміртау қалаларында және Қарқаралы ауданында 1047 орындық 10 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашы­лады деп жоспарлануда.
Аймақтағы білім беру ісі соңғы кез­дері жағымды жаңалықтарға бай. Келесі жылдан бастап қарағандылық мектеп директорлары шет елдің белді оқу орын­дарында онлайн курстардан өтуге мін­деттелді. Бұл облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібековтің арнайы тапсырмасы. 
Қарағандылық педагогтар Стэн­форд, Пристония, Мичиган мен Пен­силь­­­вания сияқты әлемнің үздік жо­ға­ры оқу орындарының материалдары шо­­­ғырланған білім беру плат­фор­ма­сында онлайн-оқытудан өтуге мін­дет­телді. 
– Жаңа оқу жылында жалпы білім беру мектептері директорларының ха­лық­аралық университеттерінің білім беру онлайн-платформасы арқылы сер­тификат алуымен оқытылуы қамтамасыз етілсін, – дейді облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков.
On-line сервистер мұғалімдерге бі­лік­тілігін қашықтықтан жетілдіру үшін тиімді құралдар ұсынады. Мысалы, Coursera – бұл білім берудің әйгілі on-line жобасы, бұл Стэнфорд, Пристония, Мичиган мен Пенсильвания универ­ситеттері секілді әлемнің үздік оқу орын­дарының білім беру курстарына тегін қолжетімділікті ұсынады. Бүгінде аталмыш ресурс арқылы облыстың 
50-ден астам мұғалімі білім алуда. Келер жылы барлық мектеп директорларын on-line курстарға қатыстыру жоспарда. 
Сонымен қатар мектеп дирек­тор­ларына үміткерлер мектептің қамқор­шылық кеңесінің алдында өзінің білімін жетілдіру бағдарламасын қорғауға мін­деттелді.
– Сыбайлас жемқорлық қауіптері, меритаризм, сабақтастық көрсет­кіш­терін азайту мақсатында, жалпы білім беру мектептері директорларының ла­уазымына үміткерлерді тағайындау рәсімінің шынайылығы қамтамасыз етілсін, – деп тапсырды облыс әкімі.
Мектеп директоры лауазымына үміткер нормативтік құқықтық актілерді білу деңгейі бойынша тестілеуден өтеді. Тестіні сәтті тапсырған үміткер қам­қоршылық кеңесінің алдында білім беру ұйымының басшысы ретінде дайындап әкелген іс-қимыл бағдарламасын қор­ғауы тиіс.
– Біз басшылар лауазымына мерио­кратия ұстанымын есепке алумен кадр­лық резерв құру бойынша жұмысты бастадық. Резерв барлық білім беру ұйым­­дарында жасалуы тиіс. Резервтің жасалуы бос орындарды жедел толты­рып отыруға мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облысы білім басқарма­сы­ның басшысы Асхат Аймағамбетов. 
Ауылдардағы кадр тапшылығын жо­ға­ры оқу орнына түсе алмаған, бірақ ҰБТ-да шекті балл алған түлектер есе­бі­нен шешу жоспарланып отыр. Аймақ басшысы Нұрмұхамед Әбдібеков жер­гілікті атқарушы органдарға осындай талапкерлерді өз есебінен оқытуды тап­сырды. Ауылдық әкімдіктер бес жыл бойы өзінің болашақ маманының оқ­уын төлейді. Оқу бітірген соң түлек өз ауы­лын­да 5 жыл қызмет етуге тиіс. Бұл ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға тамаша мүмкіндік береді. Әрі коммерциялық негізде оқи алмайтын мектеп түлектері үшін жоғары білім алу мәселесін шешуге жол ашады.


 

Астық жинаудан рекорд жасалды

Қарағанды облысында қазірдің өзінде 1 млн тоннадан астам бидай орылған, бұл орта көрсеткіштен 40% жоғары. Егіннің бітік шыққаны соншалық, әр гектардан 14 центнер өнім алынды. Бұл туралы Қара­ғанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков мәлімдеді. Бұл кейінгі 46 жыл ішін­де алғаш байқалып отырған құбы­лыс. Аймақ басшысының айтуынша, бұ­ған ауа райының оң ықпалы тиген. 
Сондай-ақ аймақта көкөністер мен кар­топ жинау да қарқынды жүруде. Қазірдің өзінде 8,3 мың гектар (98,5%) жердің кар­тобы қазылды, одан 183,1 мың тонна өнім жиналған. Аймақта майлы дақылдарды өсі­ру де кең етек алып келе жатқаны белгілі, бұл – 8 мың тонна.
Фермерлер көктемгі егіс науқанына қа­зірден бастап дайындалуда. Алдағы көк­темге жылдағыдан көп мөлшерде тұқым қалдырылды. Бидай өнімдері – 86,6 мың тонна және картоп – 25,5 мың тонна.


 

 

30,9 млн теңгенің айыппұлы салынды

Облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібековтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында әлеуметтік-еңбек дауларының және еңбекақы берешектерінің шешілу мәселесі қаралды.
Әлеуметтік-еңбек дауларының және еңбекақы берешектерінің шешілу мәселесі бойынша Қарағанды облысының еңбек ин­спекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Қанатбек Балсариев баян­­дама жасады. Оның айтуынша, дау-жанжал­дарды болдырмау мақсатында мем­лекеттік еңбек инспекторлары биылғы жылы облы­сымыздың кәсіпорындарында жаңа Еңбек кодексін түсіндіру жұмыстарын жүр­гізген.
Өткен сегіз ай көлемінде осы бағыт бо­йынша мемлекеттік еңбек инспекторлары ұйымдарға 836 тексеріс жүргізіп, 1845 аза­маттың өтініші қаралған. Тексеріс қоры­тын­дысы бойынша 1331 заң бұзушылық анық­талып, 419 ұйғарым шығарылды. Бүгінгі таң­­да жұмыс берушілер 1160 немесе жалпы санынан 87% бұзушылықты жойды. Жүр­гі­зілген тексеріс нәтижесі бойынша, 223 заңды және лауазымды тұлғалар әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, жалпы сомасы 30,9 млн теңге айыппұл салынды. Жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлар еңбекақы бере­шек­тері бойынша 93 тексеріс жүргізді. Ең­бекақыны кешіктіру және төленбеуіне  бай­ла­нысты кәсіпорын бас­шы­­ла­­­рына жалпы сомасы 14,4 млн теңгені құрайтын 91 әкім­шілік айыппұл салынды. Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары ең­бекақы берешек­теріне қатысты ұйға­рымды мәжбүрлеп орын­дату бойынша жетпіске жуық талап арыздар тапсырды. Қанатбек Бал­сариев биылғы жылы облысымызда ұжым­дық еңбек дауы­ның тіркелмегенін жеткізді.
– Бұл мәселе алаңдаушылық туғыза отырып, әлеуметтік шиеленісушілікті бол­дырмау үшін атқарушы биліктің алдын ала әрекет етуін талап етеді. Егер қызметкер уақытылы еңбекақысын алмаған болса, оның коммуналдық қызметтерге қарызы пайда болуы ықтимал. Сондықтан мұндай жағдай орын алса, бұл қарызды өтеуді жұмыс беру­шінің мойнына жүктеу қажет. Мұны қалай жүзеге асыруға болады? Соны ойласты­ры­ңыздар. Заң қызметкерлерімен кеңесіңіздер. Сонымен бірге сот шешімі бойынша жауап­сыз жұмыс берушінің жарық көзін, суын сөн­дірейік. Өйткені жұмыс беруші тұлға өз қызметкері үшін бірден-бір жауапты адам екенін білуі қажет. Мұндай жауапсыз аза­мат­тарды БАҚ арқылы көпшілік алдына шығару керек, – деді облыс әкімі.

Беттi дайындаған  Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы