Басты  /  мақалалар  /  Кең дүниені кемел сөзбен жырлаған

Кең дүниені кемел сөзбен жырлаған

Төреғали ТӘШЕНОВ
1489
Кең дүниені  кемел сөзбен жырлаған Кеңшілік ақын жайлы аз жазылған жоқ. Тіпті, көп жазылды десе де болғандай. Бірақ сол көп жазылған сайын ақынның шын жүрек сыры – мөп-мөлдір поэзиясы маған қалың кеп – көп сөздің көлеңкесінде қалып қойғандай көрінетіні бар.

 Бәлкім, мен қатты қателесіп те отырған шығармын. Бірақ көбіне-көп мына жұрттың Кең ақынның өлеңінің өзін емес, оның түсіндірмесін оқумен шектеліп жүргендей көрінетіні бар кей-кейде...

Өз басым студент күнімде Кеңшілік ақынды тірідей бір-ақ рет көріппін. 1986 жылы, күз айы, Жазушылар одағының астыңғы қабатында орналасқан «Жалын» журналының редакциясы ма­ңын­да, оқшау, жалғыз тұр екен. Әйтеуір таңырқай қарап, қол беріп амандасқаным есімде. Таңырқай қараған себебім, неге екенін, ақынның бет-жүзі тым-тым қызыл шырайлы екен, маған тіпті ол... қызыл алмадай болып көрінді. Бұл тұңғыш әрі соңғы көруім болғандықтан ба, Кеңшілік ақын есіме түссе, алқызыл жүзі ерекше алабұртып тұрған ақынның сол нарттай кейпі көз ал­дыма тұра қалады. Ақсары жүзіне теуіп шыққан ақындық алапат энергия ма, әлде мына күнәлі дүниенің сыздаған барлық жарасын арқалаған ар-ұяттан ба, әйтеуір ақын маған алай-дү­лей өрт кешіп тұрғандай болып көрінген.
Кеңшілік ақын сол мен көр­генде қылшылдаған қырық жаста екен-ау. Сахнада бір рет болса да арындап өлең оқығанын көре алмай арманда қалдық. Содан үш жылға жетпей, бар-жоғы 43 жасқа қараған шағында өмірден асығыс өте барған. Тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Өмірден өткелі де, міне, отыз жылға жуықтап қалды. Біз үшін елес қана болып қалған сол Кеңшілік ағамызды көрнекті ақынның бала кезден бірге өскен досы, журналист, әдебиеттанушы Жұмат ӘНЕСҰЛЫ төмендегіше еске алады: 
– Алғаш рет Кеңшілікпен бес-алты жасымда танысқан едім. Содан достасып кеттік. Дос бол­ған­да қандай, ауылдағы он бес шақты бала таңертеңнен кешке дейін бас қосатын жеріміз де бір, ойнайтын жеріміз де бір болатын. Кеңшіліктің әкесі Ағы­тай мен шешесі Мәркүл сол кез­­­дері әрі кетсе, отыздан ғана асқан кезі. Ағытай соғыс кезінде басынан жараланып келген, көп үндемейтін кісі еді. Кеңшіліктің сөзшеңдігі, арсалаңдап тұратын мінезі анасына тартқан, Мәркүл апай екі бетінің ұшы қызарып тұратын аппақ, сөзшең келіншек болатын. Кеңшіліктің туған жері осы Түйемойнақ, әкесінің қыста қыстайтын жері Көртоғай, жазда Түйемойнақтың шетіндегі қарасудың жанына киіз үй тігіп отыратын. 
Түйемойнақ кезінде Киров колхозының орталығы болған. Тұрған жерінің табиғаты өте керемет, мұндай әдемі жерді Торғай облысының басқа жерінен табу мүмкін емес. Түйемойнақ ауылы Тосын құмының ортасына орналасқан. Тап ортасынан Торғай өзені кесіп өтеді. Тосын құмының осы жерден бөлінген екі жағы да қалың тоғай, жиде, үнемі жап-жасыл болып тұратын арша, тобылғы, итмұрын, ақши, жусан, жалбыз, шағырдан көз сүрінуші еді. Әсіресе, көктем кезінде гүл­дейтін жиде, итмұрынның көріністері ерекше ғажап еді. 
Ақын туып-өскен айтулы Тосын құмының шетін көлбеп көгілдір Көшек тауы жататын. Оның жанында кезінде Кең­шілік жырлаған «Сарыөзек Сан­дықбидайық» жатыр. Нағыз ақын­ды топырағы қасиетті жері туғызады, сөз қадірін асырған елі туғызады. Ақын Кеңшілік Мырзабеков өзінің туған елін де, жерін де өлеңмен даңқын асырып, поэзия көгінің биігіне іліп кетті. 
Кеңшілік бала кезінен ақын мінезді, арқалы еді. Оның балаң шағындағы есінде қалған бір әдемі суреттері оның өлеңдерінде де қылаң беріп қалады.
Кеңкеңнің сол бала кезінен ақындық сезімі, ақындық мі­не­зі байқалып қалушы еді. Ол ақын болуды, елінің белгілі аза­маты болуды сол бала кезінен армандаған. Біз айтып отырған арманын Кеңшілік ақын сәл кейінірек «Келеді өсіп бір бала» атты өлеңінде: 
«…Алыста алыс, алыс бір 
сондай түкпірде,
Соғыстан соңғы тіршілікпенен 
жұп бірге.
Келеді өсіп, келеді өсіп бір бала,
Арманға жетем түбінде, түптің түбінде! 
деп жырлап еді. Арман жыр, жыр арман уақыт өте келе орындалды, Кеңшілік Мырзабеков жиырма жасында елге танылған ақын болды. Ақын болғанда, қандай, ерекше мә­не­рімен, айрықша нақышта өлең жазған қазақ поэзиясында өз жолын тапқан ақын болды. 
Кеңшілік Мырзабеков – та­биғат, махаббат, азаматтық лирикалары, балладалар, поэ­ма­лар жанрын биікке кө­теріс­уге зор үлес қосқан ақын. Кеңшілік поэзияның кез келген жанрында сөзді сазбен илейтін ақын де­сек, Кең ақын үшін ол да аз. К.Мырзабеков сөз құдіретін, қасиетін оқырманына ерекше көркем, қазақы тілмен жеткізе білген ерекше дарынды ақын еді десек лайық болар. Оған Кең­шіліктің шығармашылығы туралы кең талдап, екшеп көр­сеткен қазақтың белгілі ақын-жазушыларының сөздері куә.
Кең ақын шығармаларының басты кейіпкерлері – біз сияқты өзінің тұстастары, замандастары, соғыс кезінде еңбектерімен ерлік көрсеткен қыз-келіншектердің аяулы тағдырлары, сонау 45­-65-жылдар арасындағы қазақ өмі­­рінің жан шымырлатар су­рет­тері, табиғаты.
Кеңшілік екеуміз бала кез­ден бірге өстік, есейген кез­де де достығымыз, аралас құ­ра­лас­тығымыз үзілген жоқ. Бірақ екеуміздің мінезімізде оңып тұрған жоқ, әркім өзінше қисық еді. Төбелесіп, сөзге кеп қалған кезіміз де болды. Ол оқиғалар туралы ақын Серік Тұрғынбеков аңызға бергісіздей (әзіл ретінде) біраз әңгіме айтады. 
Осыған орай Кең ақынның «Мінез» атты өлеңінің:
«…Ей, досым,!
Жүз шайысып қалысармыз,
Тобық қағып, 
аяқты шалысармыз,
«Ер шекіспей, бекіспес» 
деген сөз бар,
Бір болса мақсатымыз, 
табысармыз!» 
деп аяқталатынын айта ке­тейін.
Кең ақын 70-жылдардың орта кезінде республикалық бас­паларда жарық көрген өлең­де­рінің ерекше айшығымен, қа­­­зақы өрнекті ерек мәнерімен оқырмандар назарына ілігіп, құрметіне ие болған. Сол кезде Шөмішбай ақын айтқандай, Кеңшілікке еліктеп өлең жазу­шы­лар да көбейген. 
«Кеңшілік поэзиясының ар­тық­шылығы неде?» деген сұ­рақ туа қалған жағдайда, ол еш­­­кім­­ге ұқсамайтын, өзіндік на­қышты көркем стилі бар, лирика жанрында да, баллада, поэма жанрларында да «шашасына шаң жұқтырмас тұлпар» еді десек, қате­лес­пес едік. К.Мырзабековтің шы­­­ғармашылығындағы жетіс­тік­тері мен алған биіктері туралы біраз жазылғанын жоғарыда айт­тым. Соны қайталап жатсам, оның оқырманға қызығы болмас. 
Дегенмен, К.Мырзабековтің балладаларды өзіміз түгілі шетел поэзиясынан да кездестіру қиын. Қазақ поэзиясында бал­лада жанрының негізін қа­лау­шы­лардың бірі ақын Қайнекей Жармағанбетов еді. Одан кейін де баллада жанрын дамытуға үлес қосқандар болды. Кеңшілік Мырзабековтің балладаларындай кесек, көркем дүниені, кешегі күні ғана емес, қазірдің өзінде кездестіру қиын. Өйткені Кең­­шіліктің кез келген бал­ла­да­лары поэзиядағы гаухар тас іс­пет­ті. Оларды қалай оқы­саң да ба­­уырыңды езілтіп, жаныңды шиыр­тып отырар еді. Басты себебі, Кең ақынның өл­ең­­­­дерінен Сарыарқаның жу­са­­­нының иісіндей қазақы иіс, текеметінің оюларындай қа­за­қы иін жүрегімізді баурап алатындығында. Солардың ішін­­­дегі «Ақкөйлек», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Көшу», «Боз бие», «Жолда» тәрізді көп­теген балладалары асылдың жам­бысы тәрізді жолы, нақышы, өр­негі бөлек шығармалар еді. Бұл балладаларға кезінде талай мақтаулар айтылған, солай десек те, «Төлеутайдың төрт қызы» атты баллада бір отбасының ғұ­­мырлық драмасын шынайы сипаттаған үлкен полотно тәрізді. Бұл балладаның басты ерекшелігі, оқырман сол отбасында болып жатқан оқиғалардың ортасында бірге жүріп, солардың күйігі мен қуанышына ортақ болып жүргендей әсер қалады. 
«Жолда» атты балладасының да тарихы терең. Бұл балладаны Кеңшілік жиырмадан жаңа асқан кезде жазып еді. Бұл баллада өгіз арба мен баланың жолдағы оқиғасына арналған. Балладаны биікке көтеріп тұрған қазақы көркем тілі мен ақынның су­реткерлік шеберлігі. Бұл «Жолда» атты балладаны Кең ақын 1971 жылы Лениннің туған күніне ар­налған жыр кешінде оқығаны да бір тарихи оқиға еді. 
Басқа ақындар көсемге ар­налған өлеңдерін оқып жат­қанда, Кеңшіліктің «өгіз» туралы өлең оқуы, былай қарағанда ақылға сыймайтын оқиға еді. Бұл оның мінезділігінен еді. Кең ақынның балладалары туралы осындай ұзақ әңгіме айтуға болады, өйткені ақынның шығармашылық ша­быты, да­ры­ны, арқасы ернеуіне сыймай жатқан теңіздің буыр­қанған толқынымен ғана са­лыстыруға болады.
1987 жылы Кең ақын «Мә­­дениет және тұрмыс» жур­на­лының тапсырмасымен Ар­қа­лық қаласына келді. Қолында «Көкшетау правдасы» деген га­зеттің бір нөмірі бар еді. Сонда Кеңкеңнің «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі» атты дастаны шық­қан екен. 
Кешке біздің үйде қонып, ертеңіне обкомға келді. Ол кезде облыстық обкомның бірінші хатшысы Көкшетаудан келген Қуанышев деген кісі еді. Кең ақын соның қабылдауына кірді. Шыққаннан кейін сұраймын ғой: «Қалай болды?» деп. «Біраз отырып әңгімелестік, дастанымды көрсеттім, мақтады» деді. Бірақ бұл әңгімеге көп тоқталмады, шамасы, обком басшысымен кездесу ойындағыдай болмаған. Мәселе, обком хатшысының шығармашылыққа көзқарасында емес, әңгіме, сол кезеңде дарыны бөлек ақынның «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Иманжүсіп» дастандары тәрізді асыл да, кесек дүниелерді қазақ поэзиясының төріне шығаруы еді. Аталмыш поэмалар тумысынан дара ақын Кеңшілік Мырзабековтің қазақы айшықты, көркем тілмен кестелеген, түйіндеген, сомдаған ұлы ескерткіші тәрізді.

Алдағы 17 қазан күні Алматы қаласында сағат 17.00-де Мұх­тар Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық драма теа­трында аса көрнекті ақын, Ілияс Жансүгіров атындағы сый­­лықтың лауреаты Кеңшілік Мыр­забековтің 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді. Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы ұйымдастырып отыр. Кеште ақын өлеңдері оқылып, театрландырылған көріністер қойылып, қазақ эстрадасының жұлдыздары ән шырқайды.