Басты  /  мақалалар  /  Константинопольді кім алды?

Константинопольді кім алды?

Серікбол ХАСАН
4696
Константинопольді кім алды? Мұхаммед (с.ғ.с)пайғамбарымыздың сахабаларына қарата айтқан: «Менен кейін Мысыр алынады. Мысыр халқымен жақсы қарым-қатынас жасап, оларға жұмсақ қараңдар.Өйткені араларыңда туысқандық бар, сендер оларға жауаптысыңдар» деген хадисі бар.

Ол кезде (395-645 жылдары) Мысыр Византияның бір уәләяты болатын. Ұзамай Хазіреті Омардың кезінде Мысыр Араб халифатының құрамына қарады. 

Пайғамбарымыз дүние сал­ғаннан кейін, яғни, 639 жылы араб қолбасшысы Амр ибн әл-Ас үш жарым мың қолымен Құдысты алып, Мысырға жақындады. Осы жылдың жазында Құдыстан оба шықты. Сондықтан Омар Амрге әскерін бұруға бұйрық бер­­ді. Алайда Амр Мысырға жо­рығын аяқсыз қалдырмады. 641 жылы ақыры Александрияны ал­д­ы. Сөйтіп, Мысырды 868 – 905 жылдары тулунидтер, 972 – 1171 жыл­дары фатимидтер би­ле­ді. 1171 жылдан бастап билік атақты Саладин ұрпақтары – аю­­бидтердің қолына өтті. 1250 жы­лы аюбидтерді мәмлүктер ығыс­тырды. 1517 жылы Осман түріктерінің билеушісі Явуз Сұлтан Селім мәмлүктердің соңғы сұлтаны Тұманбайды өлтірді. Осы­лайша, 1517 жылдан бастап Мысыр Осман патшалығының құрамына қарады. Пайғамбар өсиеті бойынша Мысыр түбегейлі мұсылмандардың еліне айналды. 

Пайғамбарымыздың  осы секіл­ді көптеген сүйінші хадистері көп. Соның бірі – мұсылмандардың Константинопольді алатындығы жайлы сүйінші хабар. Пай­ғам­барымыз мұсылман әс­керлерінің Еуропаға дейін жете­тінін болжап: «Констан­тинополь міндетті түрде алынады. Оны алған қолбасшы қандай мықты қолбасшы, ал әс­кері қандай мықты әскер!» деп мадақтаған болатын. Со­дан кейін де, осы хадиске амал етпек болған көптеген мұ­сыл­ман қолбасшылары Конс­тан­ти­нопольді бағындыруға барын салды. 
Мұсылмандар жеті ға­сыр бо­йы атақты шаһарға ша­буыл­­­дады, ешқайсысы бата алмады. Талайының тауы ша­ғылды, бі­разы бақилық болды. Араб мұ­сыл­мандарының Констан­тинопольге жасаған бірінші шабуылы 674-678 жылдары басталды. Алайда бұл кезде Византияның мұздай қарулары мұсылмандардың қа­ланы басып алуына мүмкіндік бер­меді. Осы шайқасқа атақты сахаба Әбу Айюб әл-Ансари де қатысқан болатын. Айюб сұлтан осы шайқаста ауыр жарақат алып, дүние салды. Өлер ал­дын­да Константинопольдің тү­бінде мұсылмандардың қаласы болатынын айтып,өзін осы қа­ланың маңына жерлеуді өсиет етті. Бүгінде саң­лақ сахабаның зираты сол кездегі Константинополь – бүгінгі Ыс­тамбұл қаласының бауырында қалды.
717-718 жылдары арабтар Конс­­тантинопольге екінші рет шабуылға көшті. Халифа Сү­леймен араб әскерлері ІІІ Лев Иса­вр билейтін қаланы қоршады. Империя астанасына бір жыл бойы түрлі тәсілдермен шабуылдады. Арабтарға көмекке қосымша флот келіп қосылды. Бәрібір қа­ланы алуға күштері жетпеді. Осы кезде византиялықтарға Тервел хан бастаған болгарлардың қолы жәрдем берді. Арабтар екі майданға бөлініп, жартысы византиялықтармен, жартысы болгарлармен шайқасты. Алайда Константинополь алынбады. Амалы құрыған арабтар аттың басын кері бұрды.
Стратегиялық жағынан тиім­­­ді қалаға тек мұсылмандар ғана емес, басқалар сұқтанған бо­латын. 813 жылы болгардың Крум ханы да қалаға қарай қол бастап келді. Орыстар да қалаға екі рет шабуылдады. 860 жылы бір, 941 жылы екінші рет қалаға лап қойды. Бәрі де нәтижесіз болды.
1054 жылы Рим папасы мен Константинополь патриархының дауының нәтижесінде христиан діні екіге бөлінді. Сөйтіп, Конс­тан­тинополь православияның ор­талығына айналды. Бұдан кейін ша­һарға кресшілер көз алартты. 1097 жылғы Бірінші кресшілер жо­рығы кезінде Византия беріл­меді. 1204 жылғы Төртінші крес­­­шілер жорығы кезінде қала кресші-рыцарлардың табанында тапталды. Ал 1261 жылы Византия императоры VIII Михаил Па­лео­лог қаланы кресшілерден қайта тартып алды. Палеолог билікке келгеннен кейін, көршілес елдермен бейбіт келісім құрды. 
1260 жылы ирандық елхан Құ­лағудың Кетбұға бастаған әскері мәмлүктермен шайқаста ойсырай жеңілді. Сөйтіп, Мәмлүк сұлтаны Бейбарысқа тісін қайрап қалды. Сұлтан соны сезіп Құлағудың қан­дасы – Алтын Орданың ха­ны Беркемен одақтаспақ бол­ды. Сөйтіп, 1261 жылы Бейбарыс сұлтан Берке ханға өз елшілерін жіберді. 
Беркемен 1263 жылы Палеолог та бейбіт келісімге келді. Арада екі жыл өткенде Палеолог Құ­лағудың ұлы Абақаға өзінің қызы Марияны беріп, елханмен құда болды. Екеуі бір атадан тараған Берке мен Құлағу діні бөлек болғандықтан, бір-біріне ата жаудай еді. Сондықтан Берке хан Палеологтың Құлағумен одақтасуынан қауіптенді. 
1264 жылы Бейбарыс сұл­тан Берке ханға кезекті елші­лі­гін жіберді. Мысыр елшісі Фа­ри­­саддин әл-Масуди Босфор бұ­­ғазы арқылы Алтын Ордаға ат­тан­ды. Алайда Византия жеріне та­бан тіреген елшіні Палеолог тұтқындады. Императордың мұн­дай бассыздыққа баратын жөні жоқ еді. Бейбарыс сұлтанмен бейбіт келісімі бар тұғын. Алайда сол келісімді бұзды. Өйткені мұндай қадамға баруына императордың елханмен арадағы одақтастығы тікелей әсер етті. Шындығында, император екі оттың ортасында қалды. Алайда өз елін сақтау мақ­са­тында, ол мұсылмандарға қарсы соғысқан Құлағуды жақтады. Бейбарыс Палеологқа елшісін босатуды талап етті. Ал Берке хан­ның ашуға берілгені сондай, Но­ғай бастаған әскерін Византияға ат­тандырды.

Ноғайдың Константинопольді бағындыруы туралы Мұхан Исахан "Берке хан Константинопольді неге қоршауға алған?" мақаласында жан-жақты талдап жазды. "Жошы ұлысы Берке ханның тұсында жаһандағы теңдессіз мемлекет еді. Төңірегіндегі елдердің көбін вассал етіп мойындатып, өзіне алым-салық төлеуге мәжбүр етті. Төрткүл дүниеге ықпалын жүргізген Алтын Орда империясы сол кезде Византияны өзімен соғысуға лайық деп таппады. Михаил Палеолог өз айыбын алым-салық төлеу шартымен жуып-шайған соң, Ноғай қолбасы Византияны да өзіне бағынышты ел деп санады. Яғни, Алтын Орданың құзырына бас игендіктен Константинополь шапқыншылыққа ұшыраудан аман қалды" деп жазды М.Исахан.

Оқиға былай болған, Византия императоры мысырлық елшілерді тұтқындағанын естігеннен кейін, Ноғай 1265 жылы Болгар ко­­ролі Константин Тихпен одақ­тасып, әскерінің басын Ви­зантияға қарай бұрды. Император қорыққанынан қаланы тастай қашты. Жаны мұр­нының ұшына келгені сондай, қа­мау­да жатқан Мысыр елшісі әл-Масудиді дереу босатты. Сөй­тіп, елшіні Ноғаймен бітімге келу­­ге жұмсады. Әл-Масуди Но­ғайға императордың аузына шайнап салып бергені бойынша сөйлеп, өзінің Византияда жеке қалауы бойынша аялдағанын, императордың тұтқындамағанын айтты. Бұған сенбеген Ноғай әл-­Масудиге айтқандарын жаз­баша түрде беруді бұйырды. Елші қолхатын бергеннен кейін ғана Ноғай Константинопольді қоршаудан босатты. Ал Византия императоры Алтын Ордаға жыл сайын алым-салық төлейтін болып құтылды. Одан бөлек, Византияда тұтқында жатқан селжұқ сұлтаны Иззаддин Кейқауысты бо­са­­­­­тып алды. Бостандық алған Кей­­­қауыс Беркенің сарайына ке­ліп, ханның қызына үйленіп, Ор­даның бір қаласын биледі. Беркенің Кейқауысқа мұндай құрмет көрсетудегі мақсаты Батудың заманындағыдай Селжұқ сұлтандығымен байланысын да­мыту болатын. Алайда Берке дү­ние­ден өткеннен кейін ол жоспары жүзеге аспай қалды.

Қайтадан Ноғайға келсек. Но­ғайдың айбатынан сескенген Византия императоры батырға өзінің қызы Ефросинияны берді. Сөйтіп, Алтын Орда қол­бас­шысының қайынатасы болып шыға келді. 
Ноғай елге келгеннен кейін әл-Масудидің өзіне өтірік мәлімдеме бергенін білді. Бірақ сазайын беруді Бейбарыс сұлтанның ен­ші­сіне қалдырды. Елші Мысырға оралғанда Бейбарыс оның дип­ло­матиялық міндетін дұрыс орын­­дамағаны және Византия им­пе­раторынан пара алғаны үшін аяу­сыз жазалады. 
Ноғай өзіне алым-салық тө­леп тұрған Византияны Алтын Ор­даның иелігі деп санады. Де­мек, Византияны алғашқы бо­­­­лып бағындырған мұсылман Но­ғай болып шықпай ма? Рас, Константинопольге Фатих сұл­тан Мехмед бастаған Осман түріктері 1452 жылы шабуыл жа­са­ды. Соңыра 1453 жылдың көк­­темінде христиандардың ат­ақты қаласын мұсылмандар бір­­жола өздеріне қаратты. Түрік та­рих­шылары жо­ғарыда келтірген хадиске амал келтірген осы Мехмет сұлтан дейді. Сұлтанның қаланы бағындырғаны рас. Алайда Константинопольдің тағдыры одан бұрын да Ноғай бастаған мұсылмандардың қолында тұрды емес пе? Ноғай Бейбарысқа жазған хатында өз қалауымен ислам дінін қабылдағанын айтқан еді. Олай болса, жоғарыдағы пайғамбар (с.ғ.с) хадисіне алғашқы болып амал еткен Алтын Орданың батыры Ноғай болып шықпай ма?
Византияны Ноғайдың шап­қаны жайлы дерек көп. Араб және түрік деректері Ноғай туралы жақ ашпағанымен, еуропалық және орыс деректерінде Ноғайдың ерлігі туралы көбірек жазылған.
А.Н.Насоновтың 1940 жылы Ленинградтан шыққан «Монголы и Русь» кітабында даудың басы Византия императорының Бей­ба­рыстың Беркеге жіберген ел­­шілерін тұтқындаудан бас­тал­­ғаны айтыл­ған. Соңында Но­ғайдың қалың қолынан қо­рыққан император қы­зын Но­ғайға беріп құтылған. Бұл жайлы А.Н.Насонов византиялық та­рих­шы Георгий Похимердің жазбасына сілтеме көрсете оты­рып: «Желая предотвратить воз­можность подобных же на­па­­дении в дальнейшем, Ми­хаил Палеолог, учитывая, оче­ви­дно возраставшие влияние военачальника Ногая в делах Золотой Орды, выдал за него свою незаконнорожденную дочь Ефросинию (1273 г) и, та­ким образом, приобрел его лице союзника» деп көрсетті. Бір қы­зығы Похимер өз жазбасында, Ноғайдың болгарлармен бірлесіп Византияға қарсы шабуылға шық­қанын, Беркенің бұйрығымен емес, өзінің жеке қалауымен болды деп жазған.
С.Закировтың 1966 жы­лы Мәскеуден шыққан «Дип­ло­ма­ти­ческое отношения Золотой Орды с Египтом» кітабында да­ Беркенің мәмлүк елшілерін ұс­тап отырған Византияға әскер жі­бергені жазылған. Беркенің әскер жіберуде екі себебі болды. Біріншісі – елшілерді тұтқыннан босату, ал екіншісі Византияда қа­мауда жатқан селжұқ сұлтаны Иззаддинді абақтыдан шығару еді. Бұл жайында С.Закиров: «Ко­мандование этим походом было поручено Ногаю. Осадив и взяв штурмом небольшую крепость во Фракии, куда тем временем перебрался икониский султан под предлогом встречи с императором, золотоордынский военачальник освободиль Иззадина» деп, Ви­зан­тияға қарсы шабуылдаған қол­басшының Ноғай екенін анықтап көрсетеді.
Р.Ю.Почекаев та «Цари ор­дынские. Биографии ханов и пра­вителей Золотой Орды» кі­та­бында осы оқиғаны қайталайды. «В 1265 г. его полководец Ногай в союзе с болгарским царем Кон­­с­тантином Тихом вторгся в Византию, разорил ряд селений и едва не захватил в плен самого Михаила VIII. Императора спасло только то, что он сумел вернуться в свою столицу не по суше (где его ждала ордынско-болгарская за­сада), а по морю. Целью похода Ногая было освобождение из ви­зантийского плена бывшего сельджукского султана Изз ад-Дина Кей-Кавуса» деп жазады Р.Ю.Почекаев. Үш деректе де Ви­зантия императорының құтын қашырған Ноғай екені айтылады. 
Ноғай кім еді? Шыңғыс хан­ның ұрпағы, Жошы ханның не­мересі.1235(40) – 1300 жылдары ғұ­мыр кешті. Алтын Орданың беклербегі (қолбасшысы), Ор­даның шығыс ұлысының  билеушісі болды. Өз ордасын Дунайдың бойынан тікті. Дунайдың сол жағалауынан Днестрге дейінгі жер­лерге қожалық қылды. 1270 жылдан бастап Сарай хандарына бағынбай, өмірінің соңына дейін өзінше билік құрды. Ноғайдың тікелей ықпал етуімен Болгария мен Сербия Алтын Орданың билігін мойындады. Одан бөлек, бірқатар орыс князьдықтарына әмірін жүргізді. 
1262-1263 жылдары Ноғай Құ­­лағуға қарсы қол бастап, Те­рек өзенінің бойында құлағу әс­кер­ле­рінің тас-талқанын шығарды. 1270 жылдары Ноғай Қара теңіздің сол жағына, ұзамай Дунайдың тө­менгі жағына қарай көшін бұрды. Сөйтіп, Византия мен Болгарияға сес көрсетті. Византия императоры қызын беріп құтылса, Болгарияны біржола бағындырды. 1277 жылы Ноғай орыс князьдарымен бірігіп Литваны, 1288 жылы Польшаны қоршады. Орыс князьдары Но­ғай­дың шарапатын молынан көр­­ді. Батыр орыстарды талай бас­қын­шы­лықтан аман сақтады.
Ноғайдың аты Бату ханының кезінен бастап шықты. Берке хан­­ның кезінде ислам дінін қа­был­дады. Алтын Орданың бес ханының тұсында әскербасы болды. Мөңке Темір, Төде Мөңке, Төле Бұғаға кә­дім­гідей ықпал жасады. Ал Тоқты хан Ноғайды өзіне негізгі қарсылас санап, одан құтылуға асықты. 1300 жылы Ноғай әскері Тоқтының қо­лынан жеңіліс тауып, соңында өзі бақилық болды.
Жалпы, Византия тарихында Константинопольге 24 рет шабуыл жасалды. Соның екеуінде ғана қа­ла алынды. 1204 жылы қаланы кресшілер басып алса, 1453 жылы Осман патшасы Мехмед сұлтан иеленді. Ал шындығында, үш рет алынған болатын. 1265 жылы Константинопольді Но­ғай бағындырды. Византия им­ператорының қаланы тастап қа­шып кетуі, артынша мәмлүк елшісіне жалған куәлік бергізуі, кейін Ноғайға қызын беріп, алым-салықтың құнын көтеруі атақты Алтын Орда мемлекетінен сескенгенін, Ноғайдан жеңілгенін білдірмей ме? Олай болса, Алтын Орданың бүгінгі мұрагерлері, біздер, бабалар ерлігімен неге мақтанбаймыз?