Басты  /  мақалалар  /  ...Күйлері құйын саусақ Қаршығаның

...Күйлері құйын саусақ Қаршығаның

Айқын-ақпарат
3472
...Күйлері құйын саусақ Қаршығаның Күй отаны Атырауда – қазақтың рухы, өмір қазығы, ұлықтың ұраны күй өнерін ХХІ ғасырға шашаусыз жеткізген, дүлдүл күйші, дирижер, композитор Қаршыға Ахмедияровты еске алу кеші өтті.

Күйге биік тұғыр берген, кие дарытқан халық және сол ортадан шыққан дарабоз таланттар. Сол таланттардың бірегейі – ғасыр күйшісі Қаршыға Ахмедияров. Ұлтымыздың күй өнерінің да­рын­ды дарабоздарына, ерекше та­ланттарға тәңірінен бұйырған екі қасиеті бар екені баршамызға аян. Олар табиғатынан, тегінен даритын ерек шығармашылық және домбыраның үнін сан ғасырлар қойнауынан жү­ректен-жүрекке тура жол тауып жеткізе толғап, ұлы өнер деңгейіне жеткізген шідер үзген шебер ша­лым­ды орын­дау­шылық. Осы екі қасиет те Қар­шыға Ахмедияровтың бойынан табылып, өмірінің соңына дейін өнерге деген адалдығымен ХХ ғасырдағы күй өнерін ХХІ ғасырға жалғап кетті. Бұған Атырауда өткен «Күй – ұран» атты республикалық жеке домбырашылар конкурсын көріп көз жеткіздік. 
Халық артисі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, «Па­рас­ат» орденінің иегері, күй­ші-ком­позитор Қаршыға Ах­ме­дия­ровты еске алуға арналған «Артында күмбірлеген күйі қалған» атты кеш­тің салтанатты шарасы Ма­хам­бет атындағы қазақ драма театрында өтті. 
Бұл күні театрға келуші облыс тұрғындарының легі көп болды. Салтанатты шараға күйшінің ту­ған-туыстары, жан жары Нұрбибі, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Алдымен об­лыс­тық тарихи-өлкетану му­зе­­­йі­нің «Күй аспанының Қар­шығасы» атты көрмесінде күй­ші Қаршыға Ахмедияровтың өмі­рінен сыр шерткен фото-мұ­­ра­­ғ­аттық деректерді, күйші тұ­тынған жеке бұйымдар, қара ша­нақ домбырасы мен мемлекеттік марапаттарын көрген халық, «Күй толғау» атты монографиялық кі­таптың тұсаукесеріне куә болды. Облыстық әкімдіктің қолдауымен шыққан кітапты құрастырған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының «халық му­зы­касы» факультетінің деканы Карима Сахарбаева жаңа жинақта Қаршыға  ағамыздың  бұрын  бас­­­­­­падан жарық көрмеген төл туын­ды­лары қамтылғанын атап өтті. Жинаққа 150-ден астам күй еніпті.
Шара барысында күй дүлдүлі хақында түсірілген «Күй өнерінің алтын жұлдызы» атты бейнефи­­льмнің үзіндісі көрсетілді. Те­лефильмнің толық нұсқасы об­лыс­­тық және республикалық те­ле­арналардан жуырда көр­сетіледі.
Күй Қаршығасын еске алу шарасында күйшінің жұбайы Нұр­бике Жұмағалиқызы есте­лік­­терімен бөлісіп, Атырау об­лы­сының әкімі Нұрлан Ноғаевқа дарабоз күйшінің талай жылғы серігі болып, киелі сахналарда күй­лерді тыңдарманына тарту еткен домбырасын сыйлады. 
«Осы кешті ұйымдастыр­ға­­ныңыз үшін, қазақ өнеріне көр­сетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін сізге мінгізген атым болсын – Қаршығаның өмірінің соңында шеберге арнайы жасатқан дом­бы­расын ұсынамын» деген Нұрбике Жұ­мағалиқызы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа күйшінің туын­да­лары түскен күйтабақ пен ком­позитордың «Күй-толғау» атты кі­табын да сыйлады.
Күй дарабозын сағынып, еске алуға келген көпшілік алдында күйшінің домбырасын шертіп көріп, сөз алған облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы Қаршыға Ах­­медияровтың музыкалық жә­дігерлерін сақтап, насихаттау әрбір азаматтың міндеті екендігін айтты.
«Бір адам елге қызмет ат­қар­­­­са, осы ағамыздай атқарсын. Қаршекең қазақ домбырасын бүкіл әлемге таныстырған тұлға. Біріккен Ұлттар Ұйымында, Нью-Йорктегі Карнеги холда, Вашингтондағы «Кеннеди» орталығында, одан қала берді басқа да алыс-жақын елдерде қара домбыраның үнін әуелетті. Жыр семсері Махамбеттің оннан астам күйін әкеліп қосты. Бес жүзден астам күйді күйтабаққа түсірді. Артына өшпес із қалдырған Қаршыға Ахмедияровтың шығар­ма­­ларын насихаттау біздің мін­детіміз» деді Нұрлан Ноғаев.
Күй Қаршығасының азаматтық болмысы, ерек таланты, ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы туралы тебірене айтылған салтанатты шара аясында дарабоз күйші Қар­­шыға Ахмедияровтың ұлы Ер­болат, қызы Раушан Атырау об­лы­сының Дина Нұрпейісова атын­­дағы академиялық қазақ ұлт-ас­паптар оркестрімен бірлесіп өнер көрсетті. Жеке орындаушы мен оркестрдің орындауындағы күйлерді тыңдаудың өзі ғанибет екенін тағы бір мәрте сезінген халықтың көңіл күйінен бәрібір де күй тартысының өзі ерек Қаршыға Ахмедияровты сағынғандарын көру кім-кімді де толқытқандай...
Атырау үш күн бойы күйдің құдіретіне тебіреніп тұрды. Әсі­ре­се, екі күн бойы еліміздің барлық өңірінен дерлік қатысқан 16-40 жас аралығындағы 20 жеке орын­да­у­шының орындауындағы күйлер ешкімді бей-жай қалдырмады. Сонау ғасырлардан бүгінге жет­кен күй өнерінің өлместігін паш еткен аламан бәйге жас орын­дау­шы­лардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, халық алдында өнер­лерінің бағасын алуға септігін тигізді. 
Атырау облыстық әкімдігі ұйым­­дастырған Қаршыға Ахме­дия­ров атындағы «Күй – ұран» атты І республикалық  жеке  дом­бырашылар конкурсының мақсаты – жас та­ланттарды бағалап, ағамыздың күй­лерін болашақ ұрпаққа жеткізу болып табылады. 
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрайымы Карима Сахарбаева, ҚР Тұң­ғыш Президенті – Елбасы қо­ры сыйлығының лауреаты, Абай атындағы мемлекеттік ака­де­миялық опера және балет теа­тр­ының бас дирижері, қазылар алқасының тең төрағасы Ерболат Ахмедияров, ҚР Мәдениет қай­рат­кері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Абдулхамит Райым­бергенов, ҚР Еңбек сіңірген артисі Роза Айдарбаева, ҚР Мә­де­ниет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының домбыра кафе­дра­­­сының меңгерушісі, доцент Сәлімгерей Садықов, ха­лық­аралық, республикалық са­йыс­тардың жүлдегері, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­­­серваториясы домбыра ка­фе­­­д­расының аға оқытушысы Сал­­танат Құдайбергенова, Ди­на Нұрпейісова атындағы І рес­публикалық қыз-келіншектер сайысының бас жүлде иегері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясы, Нарын оркестрінің домбырашылар концертмейстері және жеке домбырашысы Шәри­па Жаменовалар қазылық еткен конкурс ақиқатын айтсақ, орын­даушылар үшін оңайға соқпады. Айта кету керек, бұл дүбірлі дода 3 кезеңнен тұрады. 1 кезеңде қа­ты­­сушылар жеребе арқылы күй­ді таңдап, сол туындыны Қ.Ахмедияровтың нұсқасында орын­даулары қажет. Екінші кезеңде күйшінің 5 шығармасын орындау міндеттелген. Үш ке­зең­де туындыны оркестр сүйе­мел­­­деуімен орындау талабы қо­­йылған. Кон­курс шарты бо­йынша орын­да­латын күйлер де өте күрделі болды. Әсіресе, «Та­­­быну», «Байжұма», «Жал­ғы­зым», «Имаш» күйлерінен цикл орын­дау, Д. Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен бір­ге «Елбасы», «Хамаң толғау», «Ар­палыс», «Нұрғиса», «Жұмыр қы­лыш» күйлерін жеке орындау талапкерлердің сынға түскен сәті болды. 
Күй конкурсының екінші күні ақтық сында 11 орындаушы бағын сынады. 
Қазылар алқасының төрайымы Карима Сахарбаева: – Конкурсқа қатысушылардың бар­лығы дер­лік конкурс шарттарына сай да­йындалған, алдарына мақ­­сат қойып келген. Алайда кон­курстың шарты әрқашанда ше­бер орындаушылықтың шы­ңы­на жетерлік өнерді бағалауға міндетті. Қаршыға ағаның тілі күймен шыққан. Оның күй өне­рін­дегі тұлғасы ерекше, құдіретті де қасиетті құбылыс. Ол ұдайы ізденісте болды, күйлерді тауып, тағылым алды, тыңдарманға тарат­ты, шәкірттеріне үйретті, өмірінің соңғы күніне де­йін сахнада күй орындады. Нақ­­тысында, ХХ ға­сыр­­да Ахмет Жұ­бановтан соң, Құр­манғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет күйлерін жинақтап ХХІ ғасырға жеткізген біртуар талант. Қаршыға ағаның әндері де бар. Келешекте Қаршыға ағаның мұралары әлі де зерттеледі, зерделеніп жинақталады. Сол кезде өлеңдері де жария болады. Атырау бүгін күй отаны екенін дәлелдеді. Осыншама жүлде қоры бар конкурсты  ұйымдастырып  отыр. Осы істердің барлығы да об­лыс басшысы Нұрлан Асқар­ұлы­ның өнерге деген қолдауы деп түсінгеніміз абзал. Күй Қар­шы­ғасын еске алып дүбірлі дода, мағыналы шара ұйымдастырғанына рақмет, – деді. Қазақ күй өнерінде орындау­шы­лық үрдістің маңызы зор. Осы талаптан шығуды мақсат еткен қазылар алқасы «Күй – ұран» кон­курсына келген орындау­шы­­­лардан да осыны талап етті. Нәтижесінде, үшінші орын, 250 мың теңге жүлде қорымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының ІV­ курс студенттері: Асылхан Жо­ламанов, Серік Әлібеков, Бекболат Әбдіберікұлы мен Қазақ ұлттық өнер академиясының І курс сту­ден­ті Дарын Құдайбергеновтер марапатталды. ІІ орын 350 мың тең­ге жүлде қоры Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ва­ториясының ІV курс студенті Азамат Шынаров, І орын 625 мың теңге жүлде қорымен Таңат Саденов (Алматы) және «Д.Нұрпейісова атын­да­ғы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің мұғалімі, Қаршыға Ахмедияровтың шәкірті Айнұр Сакупова марапатталды. 
1 миллион теңге жүлде қоры белгіленген бас жүлдені бұған дейін талай күй додаларында шашасына шаң жұқтырмай, орындаушылық шеберлігіне тәнті етіп жүрген Абы­лай Тілепбергенов иеленді. Көптің үмітін ақтаған Абылай – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­­тық консерваториясының магис­транты. 
– Қаршыға ағамыз елдегі күй мектептерінің, орындаушылардың барлық күйлерін толық меңгерген, өзі де күй өнеріне жаңаша үр­діс әкелген тумысынан дара тұлға. Қасиетті жердің тумасы, күй қо­ры көп талант иесінің күрделі күйлерін орындау же­ңіл бол­мады. Осы конкурсқа кел­ген­дердің барлығымыз да бұл қиын сынақтан өтуге бел буып келгендерміз. Қа­зылар алқасы өз шешімін жария етті. Оңай болмағаны, соңғы жылдары батыс өңірде дәстүрге айналған күй конкурсының үшінші кезеңінде оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсету. Жеке отырып көсіліп тар­ту бір бөлек, оркестрдегі әрбір аспаптардың үнімен үндесіп күй орындау бір бөлек. Сайып келгенде, бұл біздің шеберлігімізді арттыратын жол, – деген Абылай Тілепбергенов гала-концертте отбасы шешімімен Қаршыға  ағамыздың  домбырасымен күй орындау өзін толқытқанын айтты. 
Сондай-ақ жүлделі орындарға ие бола алмаған талапкерлер кон­курс­тың дипломы және 50 мың теңге жүлде қоры мен алғыс­хат­тармен марапатталды. 
Айтарлығы, осы салтанатты жиын­­да Қаршыға Ахмедияровтың отбасы атынан арнайы ақшалай сыйлықты күйшінің жұбайы Нұр­бике Жұмағалиқызы Қаршыға аға­­мыздың «Қайран әке» күйін шебер орындаған, «Д.Нұрпейісова атын­да­ғы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің ІV курс студенті Жадыра Мияноваға ақ тілегін ар­нап табыс етті. Сондай-ақ, от­басы атынан Н.Жантөрин атын­дағы облыстық филармония бас­­шысы Ғаділ Зайденұлы мен Об­лыстық халық шығармашылығы ор­талығының басшысы Амантай Берғалиевтерге  де құнды  сыйлық­тар табыс етілді. 
Күй мерекесі гала-концертке жалғасты. Қазылар алқасындағы дүлдүл күйшілер: Роза Айдарбаева, Абдулхамит Райымбергенов, Сал­та­нат Құдайбергеновалар мен жүлделі орын алған орындаушылар күйден шашу шашты. Дәл осы мерейлі сәтте Қ.Ахмедияровтардың отбасы қалауымен бас жүлде ие­­гері Абылай Тілепбергенов Қар­шы­ға Ахмедияровтың домбы­ра­­­сымен күй циклден өнер көр­­сет­ті. Оның дом­бы­ра­сынан шыққан әрбір дыбыс құй­­мақұлақ күй өнеріне жатық тыңдармандар жүрегіне жол тауып жатты. Тебіренген осы сәтте Қар­­­шыға Ахмедияровтың қызы Раушан, немересі Ақтотылар өнер­­ көрсетіп, әке рухын, қа­зақ Қаршығасының өнері өшпейтінін паш етті. 
Күй Қаршыға көк аспанда кө­рінбегелі алты жылдан асып барады. Алты Алаштың алқауында, Атыраудың алақанында алтын та­лан­тын танытқан тұлға – қашан да ел жүрегінде мәңгі сақталары хақ. Перзенттерін бекзаттай ұлықтайтын қазақ халқы – Қаршығасын қашан да ұлықтай берері сөзсіз. Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың жырымен өрсек: 
– Кетпесе қаны ауысып,
Күй сазын хан, қазы да тыңдар сірә!
Қанаты көк аспанды дара құшып,
Самғасын күй Қаршыға!

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы