Басты  /  мақалалар  /  Сұлтан САРТАЕВ, академик: Құдай маған еліміздің Тәуелсіздігін жариялау бақытын нәсіп етті

Сұлтан САРТАЕВ, академик: Құдай маған еліміздің Тәуелсіздігін жариялау бақытын нәсіп етті

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
2576
Сұлтан САРТАЕВ, академик: Құдай маған еліміздің Тәуелсіздігін жариялау бақытын нәсіп етті Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы – ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Сұлтан Сартаевтың туған жері. Ол 1927 жылдың 15 қазанында дүние есігін ашқан.

 Жаңақорған шағын аудан болса да бұл жерден елге белгілі көптеген азаматтар, оқымыстылар шықты. Солардың бірі – біздің кейіпкеріміз. Ел жаққа біраз уақыт бара алмай қалса сағынып, жеткенше асығып тұрады. Өйткені әркімнің балалық бал дәурені өткен туған жері өзіне ыстық. 

Арбакеш болуды армандаған бала
– Былай қарағанда бұл жерде соншалықты кісі қызығарлықтай ештеңе де жоқ, тек 1919 жылы Ре­сейден келген дәрігер Мас­ляков ашқан санаторий бұл жер­дің атын алысқа шығарып тұр. Соның өзінде белгісіз бір тыл­сым күш бізді сол жаққа қарай тартады да тұрады, – деп бастады әңгімесін Сұлтан аға. – Сартай Дәушеев деген кісінің отбасында тудым. Әкемнің шын есімі – Қыдырбай. Анасы төркініне қыдырып барғанда туылған. Жүзі ақсары болған соң анасы Сары тайым, Сары ботам деп еркелетіп жүріп, Сартай атанып кеткен. Әкем ұжым­шарда жұ­мыс­шы болды. Арбакеш, нау­байхана меңгерушісі болып түрлі жұмыстар істеді. Анам Әсел үй шаруасымен айна­лысты. Анамның мінезі жұмсақ, ба­ла­ларға қатты дауыс көтермей­тін жан еді. Әкемнің де мінезі жайлы болды. Балаларға қол кө­терген кісі емес. Бірақ Шәймерден деген кенже інім еркелеу болды, соған ескер­туді көп жасайтын. Оның өзінде «Әй, Шәймерден, саған қашанғы айтам» десе, ол да тып-тыныш бола қалатын. Әкем бізді қас-қабағымен-ақ тәртіпке түсіріп алатын. Анамыз «Балалар, мы­надай затты мына жерге қойдым, тимеңдер. Үйге қонақ келсе дас­тар­қанға қоямыз» деп отыратын. Бөтен халықтарда тәуір затын алдымен өзі жейді. Біздің қазақ тамағының дәмдісін, сүбелісін қонаққа сақтайды. Халқы­мыздың қонақжайлы­лығын біл­діретін бір қасиет – осы. Анамыз көп құрсақ көтерді, бірақ Кеңесбек, Сәрсен, Абай қайтыс боп кетті. Қазір Сафина, Тұр­сынбай үшеуіміз ғана аман­быз. Олар Жаңақорғанда тұрады. 
Сұлтан ағаның кішкентай кезінде Мәди деген кісі көшеден арбасының үстінде түрегеп тұрып, шауып өтіп кететін. Аттың соңы­нан қарап тұрып «Өскенде дәл осындай арбакеш боламын» деп армандайтын. Мектепке алғаш рет нағашысы Бабахан алып барды. Баланың тегін сұ­раған ұстазға нағашысы «Әке­сінің аты – Сартай, тегі Сартаев болады» дейді. Әйтпесе бауыр­ларының бәрі Дәушеев, Алияров­тар. Мектепке барғанда тарих пәні қатты қызықтырды. Тарихшы болам деп қиял қанатына берілді. Ел, жер көргісі келді. Кеңес Одағы прокурату­расының маңыз­ды істер жөнін­дегі тергеушісі Лев Шейниннің «Записки следо­вателя» деген кітабынан «Пио­нерская газета» басылымына үзінділер шығып тұратын болды. Соны оқыған сайын осы саланың қыр-сыры, құпиялары өзіне тарта берді. Оң-солын тани бастаған кезі ғой, сол сәттен бастап заңгер боламын деп алдына үлкен мақсат қойды.
– Бұзық балалардың қата­рына жатқан жоқпын, қайта бұ­зықтық жасауға бейім балаларды басуға тырысатынмын. Сабақты кішкен­тайымнан жақсы оқы­дым, – деп жалғады әңгімесін Сұл­тан аға. – Бала күніміздегі ең қызық ойы­ның бірі – бөшкенің сыртындағы сақинасын алып, ұзын сымте­мір­дің басын қайы­рып, сол сақинаны дөңгелетіп бір-бірімізбен жары­сатынбыз. Кім сақинаны құлат­пай көшенің аяғына дейін алып барса, сол жеңген болып есеп­телетін. Ла­каш деген ойын болатын. Ұзы­нырақ ағашты алып, екі жағын жіңішкертіп жонады. Соны екінші ағашпен ұрып алысқа жіберу керек. Кім алысқа жібе­реді, сол жеңген болып шығады. Бір күні әкемнің інісі болып ке­летін Қали ағам лакаш ойнайтын ағашты жонып жат­қанда мен бір жақтан қалбалақтап кеп қалып, пышақ бетіме тиіп қан-жоса болғанмын. Қали ағам «Сұлтан­ды өлтіріп қойдым» деп қорқып, сасқанынан үйден қа­шып кетеді. Осы күнге дейін сол бір оқиға ойыма түссе көңілім босап кетеді. Ағамды ауылда­ғылардың бәрі жабылып үш күн іздейді. Біреулерден «Қырықкепе деген жерде жалғыз бала жүреді» деген хабар тиеді. Ол ауылдан 8-9 шақырым жер болатын. Іздеу­шілер барса, Қали ағам сол жерде жүр екен. Жаздыгүні болатын, үш күн бойы шөп-шалам, тағы басқа бірдеңелерді қорек қылып жүріпті. Анам марқұм айқайлап жылап «Балам, мен тұрғанда саған ешкім тимейді. Сұлтан өлген жоқ, тірі. Қорықпа, үйге кел» деп алып келіпті. Анам әке-шешесінен жастай қалған Қали ағамды әбден еркелетіп өсірді. Бізге қайнысынан қалғанын жегізіп, тозғанын кигізетін. Анам Қали ағама «Үстіңдегі кір киіміңді шешіп бер, жуайын» десе, «Бір сом бер» деп әурелейді екен. Соның көңілі жарым болмасын деп айтқанының бәрін істейтін. Бұл анамның өте мейірімді бол­ғанын аңғартса керек. 
Жақсы адамдар алға жетеледі
– 1945 жылы Ресейдің Выкса қа­ласында кешкі мектепті бітір­дім. Қарағандының түбінде металлургия зауыты ашылып жатты. Соған мамандар даярлау үшін 15 шақты баланы сол жаққа жіберген болатын. Сол бозбала­лардың бір-екеуінен басқасы жан-жаққа кетіп қалды. Метал­лургия зауытына жібермек болып жатқанда, онда баруға жарамай­тынымды айттым. Себебі, қайнап жатқан металдың үстінде каби­нада тұрып жұмыс істеу керек еді. Кабина 20 метр биікте тұрғанның өзінде қалың ағаш еденнен ыстық шарпып тұратын. Зауыт дирек­торының маған деген ықыласы ерекше болды. Әкемдей қамқор­лық танытып, «Сенің қатты оқы­ғың келетінін байқаймын. Мен саған кезектен тыс еңбек демалы­сын берейін, жолыңды да төлейік, оқуға тапсырып, бағың­ды сынап көр. «Оқуға түсті» деген қағаз алып келсең, біз сені ұстамаймыз» деді. Бұл соғыстан кейінгі уақыт. Алматы мемлекеттік заң институ­тында талапкерлермен әңгімелесу болып жатыр екен. Әңгімелесуден сәтті өтіп, Алматы мемлекеттік заң институтының І курсына қа­былдандым. Осы институтты бітірерде Мәскеуден Жоғары білім министрлігінің бір өкілі келіп еді. Сол кісі:
– Сіз Мәскеуде аспирантурада оқығыңыз келмей ме? – деп қал­ды. Соған қарағанда институтты бітіру емтиханын әжептәуір жақ­сы тапсырған болуым керек. 
– Оқығым келгенде қалай?! – деп едім, 
– Онда келіп, аспирантураға тапсырып көріңіз, – деді. Мәс­кеуге бардым. Мәскеу заң инсти­тутында Степан Крабчук деген проректор әрі кафедра меңгеру­шісі бар екен. Сол кісі:
– Бағыңызды сынап көріңіз. Менде екі жігіт тапсырып жатыр. Екеуі де ЖОО-ны қызыл диплом­мен бітірген, – деді. Менде жай диплом екенін айттым. 
– Онда бәсекеге түсіп көріңіз. 
Әлгі жігіттер барлық сабақтан беске тапсырды да, менің балым төмен болып, өтпей қалдым. Елге қайтайын деп ыңғайланып, мені Мәскеуге оқуға тапсыруға ша­қыр­ған кісіге жағдайымды айта кетейін» деп бағыт алып бара жатыр едім, кеңсесінен шыға келмесі бар ма? Оқуға түсе алмай қалғанымды айтып едім, дереу Крабчукке қоңырау шалып: 
– Степан Степанович, егер сізге қосымша орын берсек мына жас жігітті қарамағыңызға алар ма едіңіз? – деді. Әлгі кісі алатынын айтыпты. Осылайша, аспиранту­раға түсіп, кандидаттық диссер­тациямды ойдағыдай қорғап шықтым. Ал мәскеулік жігіттер аспирантурасын бітірмей, өзге қызметке араласып кетті. Сонда жетекшім:
– Әу баста сізді қабылдағым келмеп еді, көрдіңіз бе, тағдыр қалай-қалай ойнайды? – деді. 
Кейіннен докторлық диссер­та­циямды қорғауға Мәскеу мем­лекеттік университетіне барғанда менің алдымдағы он екі адам қатарынан құлады. «Мені де құлатады ғой, оның үстіне еншіме 13-сан тиіп тұр» деп ойлап, жақ­сылап дайындалып, қағазда­рымды былай ысырып қойдым да, 20 минутта диссертациямның мазмұнын айтып шығып, «Міне, менің кандидаттық диссерта­циядан кейінгі 19 жылғы еңбегім­нің қорытындысы. Пайымдап, бағалау сіздердің құзырлары­ңызда» деп, рақмет те айтқаным жоқ, бір шетке барып отырдым. Іштей «Мені де құлатқан шығар» деп отырғанмын, қателесіппін, бірауыздан қолдапты. Бұл мен күтпеген жағдай еді. 
Жолымда ылғи жақсы адамдар кездесті. Солардың арқасында мен бүгінгі халге жеттім. Шү­кіршілік. Ешкімнен кем қалғаным жоқ. 

Отбасымызда үлкен сыйластық болды
– Біз де жас болдық. Маған да қызығатын қыздар болды. Мәс­кеуде аспирантурада оқып жүр­генімде болашақ бажамның әйелі Ира Нұрмақова: 
– Әй, Сұлтан, осы сен жаман жігіт көрінбейсің. Менің сіңілім бар, соны саған беремін-ау, – деді. 
– Сіңілің қай институтта оқып жүр? – деп елең ете қалдым.
– 7-сыныпта. 
– Түу, сенің мұрынбоғың кімге керек? – дедім де, бәріміз ду күліп алдық. Мен – аспирантпын, ол – мектепте оқиды. Осылай деуімнің реті бар ғой. Арада тағы біраз жылдар өтті. Бір күні до­сымның үйіне келсем, өзі аппақ, қызылшырайлы, қос бұрымы диваннан түсіп бір қыз ұйықтап жатыр екен. 
– Ойбай-ау, Ира, мынауың кім? – дедім. 
– Баяғы өзің айтқан мұрынбоқ қыз ғой, – деді.
– Мынауың мұрынбоқ емес, дайын қалыңдық болыпты ғой, – дедім. Біз хат жазысқан жоқпыз, бірақ ол менің қарындасыма хат жазады да, соңын «Сұлтан ағайға сәлем айтарсың» деп аяқтайды. Басқа әңгіме жоқ. Әне-міне де­генше жасым 28-ге келіп қалды. Анам марқұм «Сұлтанжан, қашан үйленесің? Шал болатын болдың ғой. Осы мына Ираның Ташкентте оқитын Азат деген сіңілісі бар екен, әпкесіне тартса жаман болмайды, соны сен алсаңшы» деп қыстай бастады. Өзім де соған дайын едім. Азат – Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан. Мен Мәскеуде оқып жүргенімде анам соңымнан келіп, Ираны сол кезден білетін. 
Бір күні Ташкентте оқып жүрген Азатқа қоңырау шалып:
– Азат, сен маған күйеуге шық­қың келсе анам, ағам, інім төртеуіміз барып сені «алып қашамыз», – дедім.
– Оқуымды қайтем? – деп жылап жіберді. Бір жағы қуанғаны да болар. 
– Саған Алматыдан қазіргі оқуыңнан кем емес оқу тауып беремін. Химия факультеті бізде де бар, – дедім. Келісім бойынша төртеуіміз Ташкентке барып, қызды «алып қаштық». Шым­кентке келіп бір түнеп, Жаңа­қорғанға жолға шықтық. Сөйтсек, Азаттың ағасы қарындасын өзінің досының баласына берем деп жүрген екен. Қыз оны қаламаған. Қарындасының «қашып кетке­нін» білген ағасы оның артынан қуып, сұрастырып жүріп біреу­лерден «Жігіттің Шымкенттегі ағасының үйіне тоқтауы мүмкін» дегенді естіп, соңымыздан келді. Қыздың өз қалауы бойынша болып жатқан тірлік екенін білген соң санын бір соғып, кетіп қалды. Біз осылайша үйлендік. Кейіннен келіншегімнің ағасымен жақсы тіл табысып, сыйластықта бол­дық. 
Азат екеуіміз 60 жылға жуық бірге өмір сүрдік. Қазір ол өмірден озған. Жақсы түсіністік. Тату-тәтті тұрдық. Бір ұл, бір қыз өсір­дік. Қызым Раушан – менің мақтанышым. Ол алдыңғы жылы еліміздің философтарының атынан Грекияға барып, баяндама жасап қайтты. Ол кішкентайынан бізді қуантып келеді. Ұлым Рүстем – саясаттанушы. Ол да өмірден өз орнын тапқан. 

Тұлға болып қалыптасуға дайындық қажет
Сұлтан Сартайұлының ғалым болып қалыптасуына себепкер болған, әсіресе, мәскеулік дос­тары. Аспирантураны, доктаран­тураны Мәскеуде оқыды. Сол жылдары қасында жанына жа­қын, жанашыр достары болды. Олардың көбі қазір өмірден озып кеткен. Әсіресе Давид Злата­польский, Август Мишин деген достарының орны бөлек. 
– Ұстаздарымның ішінде Степан Крабчуктың есімін құр­метпен атағым келеді. Ол Мәскеу мемлекеттік заң институтының проректоры болды. Сергей Бо­латов Алматыда заң институтында істеді. Ол кісі сөзге шешен бола­тын. Шашын бір сілкіп тастап сөйлегенде көпшілікті өзіне тар­тып алатын. Осы ұстазыма ұқ­сағым келді, өзім де сондай ше­шендік өнерге жақындау болдым. Дәріс оқығанда аудиторияны өзіме қарата алдым. Депутат бол­ған кезімде «Егемен Қазақстан» газетіне «Сартаев жолдас сөйлесе ол халықтың үні еді, Парламенттің сәні еді» деген үлкен мақала шық­қан болатын. Кейбір азамат­тар­дың білімі өте терең болғанымен, оны өзгеге жеткізуі қиындау. 
Жастарға, шәкірттеріме ылғи «Жас кездеріңде уақытты босқа өткізбеңдер. Сендер мемлекеттің саясатын іске асыратын маман­сыңдар. Біріншіден, ең алдымен республикада не болып жатқанын біліп отыруларың керек. Ол үшін БАҚ-ты, кітаптарды үнемі оқып, қадағалап отыруға тиіссіңдер. Шама келсе өздерің де жазыңдар» деп ағалық ақылымды айтып отырамын. Бірақ қазіргі жастар интернет, басқа да заманауи тех­нологияларға көбірек көңіл бөліп кетеді де, оқуы аздау болып қалып жатыр. Жастар ақыры оқимын, бірдеңе үйренейін деп келгеннен кейін ізденуі керек. Білімдар адамдардың қатарына қосылуға ұмтылуға тиіс. Жастарымыз сту­дент кезінен тұлға ретінде қалып­тасуға өзін-өзі дайындауы керек. 

Жиған-тергенімді елмен бөлістім
– Бұл өмірде жұрттың бәріне бірдей жағу қиын. Бәріне бірдей жағамын деп ойланбай-ақ та қою керек. Бәрін өмірдің өзі реттейді. Дегенмен мені қолдаушы, қолы­ның ұшын беруші, сүйемелдеуші адамдар көп болды. Мұны біле­тінім, кейде бір қиын жағдайға тап болып қалсам әйтеуір қолы­ның ұшын беретін адамдар та­былып тұрады. Дәл қазір оның кімдер екенін айтып беру қиын, бірақ өзім іздемесем де сондай жақсы адамдардың табылып тұ­ратынын сеземін. Кісіге жаман­шылық ойламасаң, біреудің ала жібін аттамасаң, кісіге тек қана жақсылық ойлап, сол кісінің бойынан жақсы қасиетті көре білсең, сол ғана саған жәрдемші болады. Осындай ой түйгеннен кейін бір кездері «Көбелектің көркі қанатында, адамның көркі оның түр-тұлғасы мен ой-өрі­сінде» деген болатынмын. 
Мен бар жиған-тергенімді тек өзім үшін пайдаланған жоқпын. Шама келгенше Жаңақорған ауданының аты тарихта қалсын деген оймен сол жерде Хиса­миддин Сығанақи (Сұнақ ата) мешітін салғыздым. Бұл ислам дінін алып келген кісі. Үміт ана деген халық емшісіне ескерткіш жасатып, оны ауданға қойдырдым. Соғыста қайтыс болған ерлері­міздің тегі жазылған тақтаның ал­дына қойылды. Сазгер Бек­сұлтан Байкенжеевке де ескерт­кіш орнаттық. Хисамидин Сы­ғанакидің де ескерткішін жа­саттым. 
Өз шамамның келгенінше туған ауданыма қолұшын создым. Қалталы жігіттерге «Сіздер де ау­данымызға көмек қолын со­зыңыздар!» деп ұсыныс жасадым. Көшенің екі жағындағы үйдің арасы әрі кеткенде 200-250 метр. Көше бойындағы отбасылар келісіп ағаш ексе, ыдыс-аяқты жуған суды соның түбіне құйса да сол көктеп-көгеріп, көшеге сән берер еді. Біреулері жасады, енді бірі сол күйі тұр. Шаң-тозаңның ортасында, өздерінің үйреніп қалған қалпымен отыр. Қазақ елі мәңгілік болуы үшін, біріншіден, әрбір азамат өзінің шамасы келгенше елді көтеруге атсалысса, өзінің қызмет істеп жүрген жерінде адал болса, сонда ғана еліміз үлкен елдердің қатарына қосылады. 

Жасыл мүйіс аралындағы жерлесім
– Одақтас республикаларды қоспағанда 47 мемлекетте бол­дым. Неше түрлі оқиғалар да бас­тан өтті. Бір күні ұшақпен ұшып бара жатыр едік, ұшағымыз ырға­тылып бір былай, бір олай кете бастады. «Алаң болмаңыздар, біз ауа шұңқырына тап болдық» деді. Ауа шұңқыры дегеннің не екенін мен жақсы білем. Бұл онша дұрыс нәрсе емес, сонда да елді сабасына түсіру үшін «Ол дұрыс айтады, алаң болмаңыздар» деп жатыр­мын. Бір кезде «Техникалық себептерге байланысты Жасыл мүйіс аралына, қазіргі Кабо Верде мемлекетіне келіп қондық» деп хабарлады. Ұшақтан сыртқа шықсам, бір адам алыстан қол бұлғап маған қарай келе жатты. «Мына жақта мені кім таниды, өзінің есі дұрыс па? Қашсам ба екен?» деп те ойладым. Жан-жағымдағылар «Мынау қорқақ біреу екен ғой» дей ме деп, әлгіге қарай жүрсем, Алматыда бір үйде тұратын көршім! «Сен қайдан жүрсің?» деп бір-бірімізден жөн сұрасып жатырмын. Ол Азамат­тық авиация бастығы Кузнецов дегеннің күйеу баласы еді. Сөйтсем ол екі жылдай уақыттан бері сол елде жұмыс істейді екен. «Сіздер өте қауіпті жағдайға тап болдыңыздар. Ұшақтың бір турбинасы істен шыққан. Жалғыз турбинамен аман-есен жерге қону бұл өте сирек кездесетін жағдай. Капитан ұшақты қондыра білді. Ол сіздердің өмірлеріңізді сақтап қалды» деді. 

Еліміздің Тәуелсіздігін жариялағанда кеудемді мақтаныш кернеді
– Біздің бағымызға қарай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алысты көре білетін қасиеті бар жан. Алла Президен­тімізге денсаулық берсін, бастаған ісін мәресіне жеткізуге күш-қуат берсін. Елбасының бастаған ісін біз көп болып қолдап отыруымыз керек. Біз қолдамасақ, елдің бірлігі болмайды. Әрбір елін сүй­ген азамат өзінің тұрған, қызмет істеп жүрген жерінде іс-әрекетін елі үшін бағыштап отырса, одан артық ештеңе жоқ.
Биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. 1991 жылы 8 жел­тоқсан күні КСРО-ның соңғы бодандық елі бостандық алды. Оны таратқан КСРО-ның үш құрылтайшысы Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин, Тәуелсіз Украинаның бірінші президенті Леонид Кравчук, 1991 жылы Беларусь Парламентінің басшысы болған Станислав Шушкевич. Осы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің батыл шешімінің арқасында 1991 жыл­дың 7-8 желтоқсанында КСРО таратылды. Олар заманның тала­бына сай соңғы империяны та­ратты. Одақтас республикалардың әрқайсысына бостандық берілді. 1991 жылы 16 желтоқсанда мем­ле­кетіміздің тәуелсіздігін жа­риялау үшін мінберге көтеріліп бара жатқанымда еліміз үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Мінберге толқып бардым, сөйтіп еліміздің тәуелсіздігін дүниежү­зіне жарияладым. Құдай маған еліміздің тәуелсіздігін жариялау бақытын нәсіп етті. Әлемде 149 тәуелсіз мемлекет болса, соны 149 адам тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл дүниежүзіне жариялады. Сондай бақытқа ие болған жан­дардың бірі болғаныма тағдырыма өте ризамын. Сол күні мінберге көтеріліп, еліміздің тәуелсіздігі туралы баяндаманы жасап шық­тым. Ел тәуелсіздігі кешкі 18 сағат 30 минутта жарияланды. 30 минуттан кейін бірінші болып Қазақ елінің тәуелсіздігін таныған Түркия мемлекеті болды. Осын­дайда түркі халықтарының ішінде ең бірінші тәуелсіз мемлекет болған Түркия мемлекеті екенін айта кетуіміз керек. 
Ойланып қарасам, халық үшін тәуелсіздік деген сөзден қымбат, одан ардақты іс-әрекет жоқ. Тәуел­сіз болсаңыз бәрін де шешуге болады. Ал басқа біреуге бағынышты болсақ жасаймын деген нәрсені жасай алмаймыз. Алла біздің тәуелсіздігімізді мәңгілік етсін. Мәңгілік қазақ еліне жол ашсын. Егер халық қол­дамаса бір адамның айтқанымен ештеңе бола қоймайды. Халқы­мызды ұлы мақсатқа бағыттап отырған Елбасымыздың көрсет­кен жолымен жүріп отырайық. Халықтың тілегінен, ой-өрісінен шыққан адам ғана елді даңғыл жолмен жүргізе алады. 
Әрбір ел өзінің мемлекеттік тілін құрметтеуі керек. Қазір қазақтар 44 мемлекетте тұрып жатыр екен. Осы қазақтардың бәрі өз еліне қайтып оралса, олар­дың да еліміздің дамуына қосар үлесі аз болмас еді. Еліміз тәуел­сіздігін алғалы бері 1 миллионнан астам қандасымыз елге оралыпты. Олар демографиямызға да үлкен үлес қосты. Қазақтың санын өсіріп жатқан сол оралмандар. Келіндеріміз қазақтың санын көбейтуге атсалысуы керек.

Таяуда Сұлтан Сартайұлын Ұлттық ғылым академиясының Алтын медалімен марапаттады. «Жасымыз тоқсанға таяса да ептеп жұмыс істеп жүрміз. Сол еңбегімізді бағалағанына рақмет!» дейді аталық алғысын білдіріп. Сұлтан ағаның басқа еңбегі бір төбе де, еліміздің Ата заңының жазылуына үлес қосуы өз алдына үлкен әңгіме. Академик егемен мемлекетіміздің заңнамалық негіздерін жасауға атсалысты. Еліміз тәуелсіздігін алып тәй-тәй басқан кезінде аяғынан нық тұруға өлшеусіз үлес қосқан кейіпкерімізге денсаулығыңыз зор, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын дегіміз келеді.