Басты  /  мақалалар  /  Сейбл аралының құпиясы

Сейбл аралының құпиясы

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
2113
Сейбл аралының құпиясы Әлемде сырын ішіне бүккен құпия жерлер өте көп. Адамзат баласы мұның сырын қаншама рет білуге талпынғанымен, оның бәрін ұғыну мүмкін емес.

Сондықтан ондай тылсым мекеннің құпиясын игеруге қатысты жыл өткен сайын қадам жасала береді. Бірақ бәрібір табиғаттың жұмбақ әрекетін ұғыну оңай емес. Қалай айтқанда да бір құдіреттің барын ешкім де жоққа шығара алмайды. 

Әлемде осындай қауіпті жердің бірі – Сейбл аралы ықы­лым заманнан бері мамандар мен зерттеушілердің назарын ау­дарған. Бұл аралға әлі күнге дейін ешкім қоныс аударған жоқ. Ат­лант мұхитының ортасына қарай жылжып бара жатқан бұл мекен­нің құпия сыры неде? Ешкім қоныс теппеген жерде кім өмір сүреді? Бір анығы, Сейбл Жаңа Шотландияның оңтүстік шы­ғысына орналасқан. Мұхиттың ішінде жағалай созылып жатқан аралдың аумағы да соншалықты үлкен емес. Оның ұзындығы – 42 шақырым, ал ені – 1,5 шақырым шамасында. Жоғары жағымен ұшып бара жатып суретке түсір­сеңіз, ол созылып жатқан жауын­құртқа ұқсайды. Ең алаңдатар­лығы, осы «жауынқұрт арал» бірнеше ғасырдан бері талай кемелерді жалмап, өзіне жұтып келеді. Бір қызығы, зерттеуші географтар Сейбл аралының тірі организм екенін жақтары талмай айтады. Өйткені мұнда тіршілік, қозғалыс бар. Таңданудың қажеті жоқ, арал бірнеше ғасырдан бері алға жылжып мұхитқа сұғына еніп келеді. Үнемі қозғалыста тұратын аралдың құпия сыры неде? XVI-XVII ғасырдағы теңізшілердің картасына қарайтын болсаңыз, оның көлемі бүгінгіден бірнеше есе үлкен болғанын байқайсыз. Шамамен оның ұзындығы 270 -380 шақырым шамасында болған. Ал қазіргі ұзындығы жоғарыда айтып өткендей, 42 шақырым ғана. Бірақ оның кішірейіп, үлкейіп немесе қозға­лыспен алға жылжығаны ештеңе емес. Зерттеушілер мен теңізге жүзушілер тарапынан бұл жер «өлім қоймасы», «елестер мекені», «мыңдаған кемелерді жұтқан арал» деп аталып кеткен. Бұл жерде қазір тіршілік бар. Мұнда метеорологиялық станса жұмыс істейді, олар дабыл жарығымен (маяк) осы жерде алып арал жатқанын меңзеп, жүзіп келе жатқан кемелер мен корабльдерге ескерту жасап тұрады. Алғашында стансада 15 адам жұмыс істеген, маяк орнатылып, алайда аралдың көлемі кішіреюіне байланысты бұрынғыдай тосын апаттар азайған. Қазір 5 адамның ғана елдімекені болып отыр. Бірақ бәрібір Сейбл аралы жұмбақ сырын ішіне бүккен. Оны «қарғыс атқан мекен» деп атауының да сыры бар. Өйткені зерттеушілер бұл жерде қанша кеме апатқа ұшырады, оның санын толық­қанды айта алмайды. Біреулер 350 десе, екінші бір дерек 500 деп көрсетеді. Бірақ қалай айтқанда да, кейбір теңізшілер үшін бұл жер – өлім алдындағы соңғы көрген көрініс болып қала береді. Сондықтан да болар, мұны мамандар «Атлант мұхитының өлім қоймасы» атап кеткен. Сонда Сейблдің қорқынышты тұсы қай жерде? Оның өзінде. Алыстан қатты жылдамдықпен келе жатқан кемелер – алдындағы алып, көлемі 42 шақырымдық арал жатқанын еш байқаған емес. Өйткені аралдың жағалауындағы құмдар көкпеңбек болып, теңіз толқынының түсін береді. Аралды «алып су мұхитының жалғасы» деп ойлаған теңіз капитандары оны аңғармайды. Сөйтіп, кеме жылдамдықпен келіп, аралға соғылады да апатқа ұшырайды. Осы уақытқа дейін мыңдаған теңізшілердің өмірін жалмаған құм жағалауы келе жатқан кемеге теңіздің беті сияқты эффект береді. Әсіресе ауа райы бұзылып, айналаны тұман басқан сәтте, алдында арал бар екенін айыра алмай талай кеменің тас-талқаны шыққан. 
Негізі тарихшылар мен гео­графтардың айтуына қарағанда, алғаш рет бұл аралды француз саяхатшысы Лери ашқан делінеді. Ол 1508 жылдары Еуропадан жүзіп шығып, осы аралға тап болған. Жан-жағы барлығы құм болғандықтан оны Sable деп атап кеткен. Sable сөзін француз тілінен аударғанда «құм» деген мағынаны білдіреді. Шынды­ғында да аралдың 90 пайызы құмдауыт болып келеді. Маман­дардың айтуына қарағанда, Сейбл аралының пайда болуының да тағы бір сыры бар. Арктиканың мұзды суы арқылы Атлант мұхи­тына келетін суық су мен Голь­ф­стрим жылы ағысының соқ­тығысынан пайда болған құмды қос ағыс осылай жағалауға шығарып тастап отырады. Арал­дың тірі организм аталуы да бекер емес. Геологтардың зерттеуінше, қазіргі уақытта аралдағы құм таудың ең биігі – 34 метр. Сейбл­дің батыс жағы мұхит толқы­нының әсерінен үнемі шайылып, жойылып бара жатыр. Ал шығыс жағы екі ағыстың соқтығысынан құмды жағалауға шығарып, ұлғаю үстінде. Сөйтіп арал Жаңа Шот­ландиядан бірте-бірте қашықтап барады. Ғалымдардың есепте­уінше, соңғы 200 жылда Сейбл ара­лы Атлант мұхитына сұғына еніп, жылына 230 метр жылдам­дықпен қашықтықтаған. 
 «Елестер аралы» атанған Сейблдің құмынан неше түрлі көне жәдігерлерді, кеменің қал­дықтарын, пароходтың құбыр­лары мен басқа да жабдықтарды, әр жерде жатқан монеталарды кездестіруге болады. Мұның барлығы да апатқа ұшыраған кемеден қалған қалдықтар. 1760 жылы із кесушілер құмдауыт жерден екі миллион фунт стер­линг тапқан. Кейбір деректерге қарағанда, Сейбл аралының құмында бүгінгі күнде 4-5 мил­лион фунт стерлинг жабулы күйінде жатыр делінеді. Расында да теңіз жолымен жүк тасымалдап, айшылық жерге бара жатқан кеменің бортында талай құнды дүниелер болды ғой. 
Із кесушілер Сейбл аралында алғаш рет апат 1583 жылы болды деген дерек келтіреді. Хамфи Гилберт жетекшілік еткен экс­педиция «Восторг» деп аталатын ағылшын кемесімен осы жерде апатқа ұшыраған. Ауа райының қолайсыздығынан алда көсіліп жатқан аралды көрмей Гилберттің ондаған теңізшілері осылай ба­қилық болған. Жаңа Шотлан­дияның тұрғындары «қарғыс атқан мекен» деп атап кеткен арал, тіпті кезінде қылмыскерлерді «итжеккенге айдайтын жер» де болған. 1598 жылы бортына 48 қылмыскерді тиеген француз кемесі Сейблдің тұсынан өте бергенде істен шығады. Амалдың жоғынан аралға қылмыскерлерді тастап кетуге мәжбүр болады. Қылмыскерлер аштан өлмес үшін аралға жүздеген жылқылар мен жиырма шақты қойды тастап кетеді. Кеме капитаны бірнеше теңізшісімен қайықпен зорға дегенде Еуропа жағалауына оралады. Ал қылмыскерлердің «өлім аралында» қалып кеткендігі жеті жылдан кейін еске түседі. Франция королі қылмыскерлерге рақымшылық жасайды.1605 жылы корабль аралға тасталған қылмыскерлерді алып кетуге келгенде «қой терісін жамылып, өмір сүріп жүрген 11 батырды» ғана көреді. Оларды елге алып келгенде 11 қылмыскердің төртеуі Франция короліне хат жазып, қайтадан аралға апарып тастауын өтінген көрінеді. IV Генрих олар­ды барлық қажетті жабдық­та­рымен қайтадан Сейблге апарып тастауды бұйырады. 1635 жылы Англиядан шығып келе жатқан кеме осы аралдың тұсында апатқа ұшыраған кезде, теңізшілердің аман қалуына осында қайта апарылған қылмыскер «француз Робинзондарының» септігі тиген деседі. 
Кейіннен ағылшындар қауіпті аралда құтқару стансасын, ар­найы жарқыл-сәуле беретін мұ­нара орнатқан. Қазір бұрынғы­дай емес, құтқару стансасының да­был көмегімен талай алып кемелер апаттан аман қалды. Дерек­намалар тізбегі бойынша, ең соңғы тосын оқиға 1879 жылдың 15 маусымда орын алған. Құра­мында 129 жолаушысы бар, ұзындығы – 110 метр, салмағы – 2500 тонна болатын АҚШ-тың «Штат Виргиния» кемесі қалың тұманның кесірінен жүре алмай, аралдың оңтүстік жағалауы­на келіп тоқтаған. Әзірге одан ке­йін оқыс жағдай орын алған жоқ.1893 жылдары америкалықтар арал жағалауына дабыл ескертуін бе­ретін тағы бірнеше мұнара ор­натқан. Алайда жаңадан орнатыл­ған ондаған мұнара қайта-қайта істен шығып қала берген. Мұның сыры да көмусіз қалып, аралда өлім құшқан әруақтардың маза­сыздануында болса керек. «Елестер мекені», «Қарғыс атқан жер», «Атлант мұхитының өлім қой­масы» деп аталып кеткен арал­да қазіргі заманғы құрал­дармен жабдықталған құтқару стансасы әлі жұмыс істеп тұр. Мұнара өзінің көз жауын алар дабыл жарқылымен алыста келе жатқан кемелерге алдында аралдың барын білдіріп, ескерту жасап отырады. Сондықтан да болар, Сейбл аралының маңа­йында қазір апат азайған. Сейбл бүгінде Канаданың қарамағына өткен. Мұнда Канаданың арнайы департаментінің 5-10 адамы кезекті ауысымда жұмыс істеп, ауа райын бақылып, теңіз жолы қауіпсіздігін қадағалап әрі сақтандырып отырады. 
Атлант мұхитындағы Сейбл қарама-қарсы келген қос ағыстан пайда болған арал деп аталса да, тосын құбылыстарды зерттейтін ғалымдардың кейбір пікіріне таңқалуға да болады. Мысалы, уфологтар Джордж Пейбл мен Уоррен Лайнес аралды «ғарыш­тық биоробот» деп атап отыр. Олар «ықылым заманда өркениеті ерекше дамыған бөгде планета­лық­тар жер шарындағы болып жатқан өзгерістерді ұдайы бақы­лап тұру үшін аралды әдейі қолдан жасап кеткен» деген болжам айтады. Алайда бұл пікірдің ақиқатқа жақын екендігі күмән тудырады. Қазіргі күні Сейбл аралы жағалаудан 40 шақырымға ұзап кеткені шындық. Сондықтан табиғатта тылсым күштің барына сенуге тура келер. Бірақ неге осы уақытқа дейін аралдағы сары құмдар келе жатқан кемеге теңіз суы іспетті түс береді. 
... Енді мұның сыры осы уақытқа дейін мәлімсіз.