Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жапонияда жарқыраған жұлдыздар

Жапонияда жарқыраған жұлдыздар

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
812
Жапонияда жарқыраған жұлдыздар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев спорттың бұқаралық сипат алуы үшін көптеген мүмкіндіктер жасап келеді.

Халықтың кем дегенде 30 пайызының бұқаралық спортпен айналысуын тапсырма еткені де бар. Ал ірі халықаралық жарыстарда топжарған спортшылар Президенттің саясатын өз жеңістері арқылы қолдап келеді. Осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1994 жылдың 16 қазанында Жапонияның Хиросима қаласында XXII жазғы Азия ойындары аяқталған еді. Бұл – Қазақстан спорты тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі әрі бірегейі екені даусыз. Себебі, сары құрлықтың барлық саңлақтарының басын қосып, төрт жылда бір рет қана ұйымдастырылатын кешенді жарысқа біздің елдің өрендері тұңғыш рет қатысты. Соған қарамастан жарыс жолында жасындай жарқыраған жерлестеріміз Күн шығыс елі сапарынан олжалы оралды.

Егер Хиросимаға дейінгі жаз­ғы Азия ойындары жайында әңгімелейтін болсақ, бұл жарыс­тың тұсауы 1951 жылы кесілді. Алғашқы жарыс Үндістанның Дели қаласында ұйымдас­ты­рыл­ды. Ол кезде небәрі 11 мем­лекеттен келген 500-ге жуық өрен 8 спорт түрі бойынша 57 жүлделер жиынтығын сарапқа салған еді. Уақыт оза қатысушы елдер мен спортшылардың қатары күрт артып, жарыстың мерейі мен мәртебесі де өсті. Бұл күндері Азия ойындары әлемдегі ең белді спорттық сайыстардың біріне айналып отыр. 1951 – 1994 жыл­дар аралығында өткен айтулы жарыстың жалпы командалық есебінде мына мемлекеттің өкіл­дері үздік бестіктің қатарынан көрінген еді:

1951 жыл. Нью-Дели (Үндістан): 1. Жапония – 60 (24 алтын+21 күміс+15 қола), 
2. Үндістан – 51 (15+16+20), 3. Иран – 16 (8+2+6), 
4. Сингапур – 14 (5+7+2) және Филиппин – 19 (5+6+8). 

1956 жыл. Манила (Филиппин): 
1. Жапония – 98 (38 +36+24 қола), 2. Филиппин – 45 (14+14+17), 3. Оңтүстік Корея – 19 (8+6+5), 
4. Пәкістан – 9 (4+5+0) және Үндістан – 13 (4+4+5). 

1958 жыл. Токио (Жапония): 
1. Жапония – 139 (67 +42 +30), 2. Филиппин – 49 (9+19+21), 3. Оңтүстік Корея – 27 (8+7+12), 4. Иран – 32 (7+14+11) және Қытай – 34 (6+11+17). 

1962 жыл. Джакарта (Индонезия): 1. Жапония – 161(73 +65 +23), 2. Индонезия – 77 (21+26+30), 3. Үндістан – 52 (12+13+27), 4. Филиппин – 27 (7+4+16+21) және Оңтүстік Корея – 15 (4+4+7). 

1966 жыл. Бангкок (Тайланд): 
1. Жапония – 164 (78 +53 +33), 2. Оңтүстік Корея – 51 (12+18+21), 3. Тайланд – 37 (12+14+11), 4. Малайзия – 18 (7+5+6) және 5. Үндістан – 21 (7+3+11). 

1970 жыл. Бангкок (Тайланд): 
1. Жапония – 164 (78 +53 +33), 2. Оңтүстік Корея – 51 (12+18+21), 3. Тайланд – 37 (12+14+11), 4. Малайзия – 18 (7+5+6) және 5. Үндістан – 21 (7+3+11). 
1974 жыл. Теһран (Иран): 
1. Жапония – 144 (74 +47 +23), 2. Оңтүстік Корея – 54 (18+13+23), 3. Тайланд – 39 (9+17+13), 4. Иран – 23 (9+7+7) және 5. Үндістан – 25 (6+9+10). 

1978 жыл. Бангкок (Тайланд): 
1. Жапония – 175 (75 +49 +51), 2. Иран – 81 (36+28+17), 3. Қытай – 106 (33+46+27), 
4. Оңтүстік Корея – 57 (16+26+15) және 5. Солтүстік Корея – 46 (15+14+17). 

1982 жыл. Нью-Дели (Үндістан): 
1. Жапония – 144 (74 +47 +23), 2. Оңтүстік Корея – 54 (18+13+23), 3. Тайланд – 39 (9+17+13), 4. Иран – 23 (9+7+7) және 5. Үндістан – 25 (6+9+10). 
1986 жыл. Сеул (Оңтүстік Корея): 1. Қытай – 153 (61+51+41), 
2. Жапония – 153 (57+52+44), 3. Оңтүстік Корея – 93 (28+28+37), 
4. Солтүстік Корея – 56 (17+19+20) және 5. Үндістан – 57 (13+19+25).

1990 жыл. Бейжің (Қытай): 
1. Қытай – 153 (61+51+41), 
2. Жапония – 153 (57+52+44), 3. Оңтүстік Корея – 93 (28+28+37), 
4. Солтүстік Корея – 56 (17+19+20) және 5. Үндістан – 57 (13+19+25). 
Міне, бұрындары жазғы Азия ойындары осындай нәтижелермен аяқталған. 1994 жылы бақ сынау­шылар қатарына бұрын КСРО құрамында болған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркі­менстан және Тәжікстан сынды Орталық Азияда орналасқан бес мемлекет қосылды. Күн шығыс елінде олар шама-шарқыларына қарай көсіліп, түрлі-түсті медаль­дарға иелік етті. Мысалы, 40 (10+11+19) медальді қоржынға салған Өзбекстан командалық есепте 5 орынға жайғасса, 7 (1+3+3) жүлдесі бар Түркіменстан 17 сатыға табан тіреді. 9 (0+4+5) жүлдені иеленген Қырғызстан 23 орын алса, 2 (0+0+2) медальді еншілеген Тәжікстан 32 сатыға орналасты. 
Хиросимада өткен дүбірлі додада 42 мемлекеттен келген 6 828 үміткер спорттың 34 түрі бойынша 335 жүлде жиынты­ғын сарапқа салды. Бұл жарыста Қазақ елі намысын 210 спортшы қорғады. Жарыс жолында жа­сындай жарқыраған біздің өрен­дер өздерінің алғашқы Азиа­дасында өте тамаша өнер көрсетті. Сары құрлық мықтыларының денін жолынан ығыстырған жер­лес­теріміз жалпы есепте 4 орынды иеленді. Тек Қытай (125+83+58), Жапония (64+75+79) және Оң­түс­тік Корея (63+56+64) секілді алпауыттарға ғана шамамыз жетпеді. Ал қалған 38 мемлекеттің өкілдері артымыздан сығалап қалды. Жапониядағы жарыста Қазақстан құрамасы 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медальді қоржынға салды. 
Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан жеңіл атлети­ка, ескек есу және нысана көздеу спортының шеберлері ең зор нәтижеге қол жеткізді. Бұл спорт түрінің өкілдері Қазақ елі әнұра­нын 4 реттен шырқатты. Жеңіл атлеттер сайысында Сергей Коре­панов (50 шақырымдық спорттық жүріс), Игорь Потапович (сы­рықпен секіру), Олег Сакиркин (үш қарғып секіру), Ольга Ши­шигина (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру) шашаларына шаң жұқтырмаса, ескекшілер дода­сында Константин Негодяев (С-1, 500 метр), Константин Него­дяев пен Сергей Сергеев (С-2, 500 метр және С-2, 1000 метр), Дмитрий Исаак пен Сергей Скри­пник (К-2, 1 000 метр) алдарына жан салмады. Мергендердің бәсе­кесінде Сергей Беляев (мыл­тық­пен 50 метрден жатып ату, 50 метр­ден тізерлеп ату), Владимир Вохмянин (25 метр, тапанша), Сергей Колос, Сергей Шахво­рос­тов және Иван Стручаев (ко­ман­далық скит) теңдессіз деп танылды. 
Ауыр атлеттер мен велошабан­доздар үш реттен жеңіс тұғыры­ның ең биік сатыларына көтерілді. Олар – Вячеслав Ню (83 келі), Андрей Макаров (91 келі), Сергей Копытов (99 келі), Андрей Ки­вилёв (шоссе), Вадим Кравченко (жеке сайыс) және Сергей Лаври­ненко, Андрей Мизуров, Михаил Тетерюк, Александр Винокуров (команда). 
Боксшылар бәсекесінде Нұр­жан Сманов (67 келі) пен Қа­натбек Шағатаевтың (71 келі) шоқтығы биік болды. Грек-рим күресінен өткен жарыста даңқты Дәулет Тұрлыханов (82 келі) пен оның шәкірті Юрий Мельниченко (57 келі) қарсылас шыдатпай, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Еркін күрес сайысында Мәулен Мамыровтың қарқынына ешкім шыдай алған жоқ. Аса жеңіл салмақта белдескен қазақтың ал­тын асықтай ұлы қарсы келген­дердің барлығын ары да, бері де лақтырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Бір айта кетерлігі, арада табаны күректей 22 жыл өтсе де, Мәуленнің сол ерлігін қайталауға жарайтын елімізден бірде-бір еркін күрес шебері шыққан жоқ. Сонымен қатар семсерлесу, қазіргі бессайыс, жүзу және су добынан да бір-бір алтыннан еншіледік. Ал оған жерлестері­міздің жеңіп алған тағы 26 күмісі мен 26 қола медалін қоссаңыз, Күн шығыс елінде қаншалықты табысты өнер көрсеткенімізді аңғаруға болады. 
Отандастарымыздың Хиро­симадағы табысы Атлантадағы жеңісіміздің алтын бастауы болды деп айтуға толық негіз бар. Себебі, Азия ойындары арқылы біз өзіміздің шынайы әлеуетімізді байқап көрдік. Олқы тұстары­мызды түзеп, 1996 жылы АҚШ-та алауы тұтанған Олимпиада ойын­дарына сақадай сай әзірлікпен аттандық. Хиросимада жүлде ал­ған өрендеріміздің біразы Атлан­тада да жеңіс тұғырына көтерілді. Мәселен, Жапонияда қарсылас шыдатпаған Юрий Мельниченко Америкада да алысқандардың барлығын алып ұрды. Азия ойын­дарының жеңімпаздары Сергей Беляев (2 рет) пен Владимир Вохмянин Олимпиада жүлде­герлер санатына қосылды. Мәу­лен Мамыров төрт жылдықтың басты додасын қола медальмен қорытындылады. Күн шығыс елінде жүлде алған бессайысшы Александр Парыгин мен боксшы Василий Жировқа Атлантада тең келер ешкім табылмады. Ауыр атлет Анатолий Храпатый мен былғары қолғап шебері Болат Ниязымбетов те ғаламдық додада жүлдегерлер санатына қосылды. 
1994 жылғы Азия ойындары­нан олжалы оралған спортшыла­рымыздың біразы ғасырлар тоғы­сында алауы тұтанған Олимпиада ойындарында да олжа салды. Солардың қатарында Ольга Ши­шигина, Александр Винокуров және Ислам Байрамуков сынды саңлақтар бар. Басқа да маңызды жарыстарда жасындай жарқы­раған жерлестеріміздің де қатары қалың. Ол аз десеңіз, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада айды аспанға шығарып, Қазақ елінің әнұранын шырқатқан даңқты велошабандоз Александр Винокуровтың да жеңісті жолы дәл сол Хиросимадағы Азия ойын­­дарынан басталған.