Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тұрғындар пайдалы кеңес алды

Тұрғындар пайдалы кеңес алды

Айқын-ақпарат
789
Тұрғындар пайдалы кеңес алды «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова бірқатар қала тұрғындарын қабылдады.

Бұл жүздесуде Минзада Ямалутдинова ол қызы, көп балалы ана Светлана Мурашкова жеңілдетілген төлем алуға көмектесуін өтінді. Әлеуметтік қамту бөлімінің мамандары өтініш білдірушінің перзенті жеңілдетілген төлем алатын азаматтардың қатарында жоқтығын айтты. Өйткені, ол ешқашан да тиісті орталыққа тіркелмеген. Сол себептен де оларға қажетті құжаттарын жинап, қаланың әлеуметтік қорғау бөліміне баруға кеңес берілді.
Сондай-ақ аталмыш қабылдауда Оксана Брынская балаларға байланысты төлемақы жөнінде өтініш білдірді. Гүлнәр Әбенова оған заң бойынша тиісті құжаттарды әлеуметтік қорғау бөліміне тапсырып, біржолғы төлемақы алуға құқығы бар екендігін айтты.
Осы арада мұндай қоғамдық қабылдауларда азаматтар жұмысқа орналасу мәселесімен де жиі келетіндігін тілге тиек еткен жөн. Бұл жолы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнәр Әбеноваға үш кісі өтініш білдірді.
Мәселен, Татьяна Беличева екінші топтағы мүгедек. Техник-бағдарламашы мамандығы бойынша орта арнаулы білімі бар. Қазіргі таңда Мәскеу университететінде осы сала бойынша білім алып жатыр. Бұл күндері оның баяндауына қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табу өте қиын. Сондықтан өздерін толғандырып жүрген өзекті жайдың шешімін табуына көмек беруін өтінді.
Арадағы әңгімеден кейін Татьянаға Қостанай қаласындағы жұмыспен қамту орталығына барып, жастар тәжірибесінен өтуге ұсыныс жасалды. Сонымен қатар қала тұрғыны Азамат Нұқышев та осындай мәселесімен келіпті. Оның құрылысшы-тас қалаушы мамандығы бар. Алайда, өзі қант диабеті сырқатымен есепте тұрады екен. Ауыр жұмысқа жарамайды. Бұған да жұмыс орнына орналасу үшін жұмыспен қамту орталығына барып, жолдама алу қажеттігі айтылды.
Оразалы ЖАҚСАНОВ