Негізгі бет  /  мақалалар  /  Экономикалық аймақ дамытылуда

Экономикалық аймақ дамытылуда

Жомарт Молдахметұлы
1036
 Экономикалық аймақ дамытылуда Ақтауда алдағы уақытта 21 жоба қолға алынып, 750-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл жөнінде бізге қалалық ауылшаруашылығы, ветеринария және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанна Тоқбаева хабарлады.

Бұл іс-шара Ақтау қалалық әкімдігі талдап-жасаған 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылуда. Бөлім басшысының пікірінше, жоғарыда атап көрсетілген 21 жобаның ішінде 12 жобаны «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сөйтіп алдағы жылдан бастап Ақтау өндірістік аймағын игеру батыл қолға алынбақ.

-2015 жылы аймақта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жалпы құны 3 миллиард 774 миллион теңгелік 21 жоба жүзеге асырылып, 966 жұмыс орны құрылған болатын. Ал осы жылы мақұлданған ірі жобаларды іске асыру барысында 750-дан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп белгіленіп отыр. Қазіргі күні осы жобаларды жүзеге асыру мақсатында дайындық жұмыстары жасалуда. Бір айта кетерлігі Ақтау қаласы маңында өндірістік аймақты құру бағытндағы ауқымды жұмыстарды біз «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесе отырып жүргізудеміз. Мысалы, қазірдің өзінде жаңа жобалар үшін 30 гектар жер бөлініп берілді. Бұйыртса, алдағы жылдың алғашқы айларында қолға алынуы тиісті жобаның жобалық-сметасының барлық құжаттары толық дайын болады. Демек, экономикалық аймақта жаңа жобаларды қолға алатын мерзім де жақындап келеді. Егер қазіргі уақытта аймақта 26 мың кәсіпкер бар екенін ескерсек, онда бұл жобаларды да батыл қолға аламыз деген сенімдеміз, ­- дейді Ақтау қалалық ауылшаруашылығы, ветеринария және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанна Тоқабаева.

    Бір айта кетерлігі, ақтаулық кәсіпкерлер осы жылдың өткен уақыты аралығында жалпы самасы 300 миллиард теңгенің тауарын өндіріп, жергілікті тұрғындардың ықыласына бөленді.

­-Жалпы біздің облыста ауылшаруашылығы соншалықты дамымаған. Сондықтанда мұнда небәрі 25 шаруа қожалығы бар. Шаруа қожалықтарының басым көпшілігі осындағы Өмірзақ ауылдық округі аймағына орналасқан. Керісінше, аймақта сауда-саттық өте жақсы жолға қойылған. Кәсіпкерліктің басым бөлігі де сауда. Қазір қалада 15 базар, 634 дүкен және 31 әмбебап сауда орталығы жұмыс жасайды. Одан кейінгі орында өнеркәсіп. Бұған қоса, қалада 381 ойынсауық орталығы бар, ­- дейді Жанна Тоқабаева.     

 

 

.