Негізгі бет  /  мақалалар  /  КЕНШІЛЕР ӨҢІРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН

КЕНШІЛЕР ӨҢІРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН

Айқын-ақпарат
897
КЕНШІЛЕР ӨҢІРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН Биыл Тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес мемлекет атанғанымызға 25 жыл толып отыр.

Қарт тарих үшін қас-қағым сәт болып саналғанымен, осынау аз уақыт ішінде Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Қазіргідей жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде де елдің әлеуметтік жағдайы тек жақсарып келеді. Мұның барлығы Елбасымыздың халықтың игілігіне бағытталған бағдарламаларының жемісі. Аталған тың бастамалар өңірлерде қарқынды жүзеге асырылуда. Соның ішінде еліміз үшін ерекше орны бар Қарағанды облысында да атқарылған жұмыс нәтижелері көңіл қуантады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед кеншілер өңіріне барып, облыстағы оң өзгерістерді өз көзімен көріп қайтты.
Сапар барысында Мұхтар Абрарұлы Қарағанды облы­сындағы «Нұрлы Жол» бағдар­ламасын жүзеге асыру сапасын тексерді. Сондай-ақ индус­триалдық және агроөнер­кәсіптік салалардың даму қарқынына бағасын беріп, партия активімен кездесті. Одан бөлек, Қарағанды политехникалық колледжі мен Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды мемлекеттік универ­ситетіне барып, оқытушы және студенттер қауымымен кездесті.
«Нұр Отан» партиясының басым­дық берілген мем­лекеттік бағдарла­малардың өңірлерде жүзеге асу қарқыны мен сапасын әрдайым бақылап отыратыны белгілі. Солардың ішінде «Агробизнес-2020» бағдарла­масы партияның жіті қадағалауында. Бұл бағдарлама аясында мемлекет ауыл шаруа­шылығына 3 триллион тең­геден астам қаржы бөліп, көптеген істің қолға алынуына мұрындық болды. Олардың қатарында Қарағанды облы­сындағы «Нәтиже» сүт фаб­рикасы да бар. Мемлекет тарапынан бөлінген 180 мил­лион теңгелік инвестиция кә­сіпорынға шығаратын өнім түрлерін 30-ға дейін көбейтіп, ай сайынғы көлемді 1300 тоннаға дейін арттыруға мүм­кіндік берді. «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары алдымен аталған сүт фабрикасына келді. Мемлекеттік бағдарламалар­дың жемісін көріп отырған кәсіпорынның жұмысы қар­қынды. Фабрика дирек­торы Дулатбек Ақпаровтың сөзіне қарағанда, серіктестік өз өнім­дерін Қарағанды облысымен қатар, Ақмола және Павлодар облыстарына да шығарады екен. Бұл жөнінде ол: «Біздің өнімдеріміз Қарағанды облы­сының барлық елді мекенінде сатылады. Сон­дай-ақ Аста­наға, Ақмола облысының бірнеше ауданы мен Павлодар облысы­ның Екібастұз қала­сына да өнімдері­мізді жеткізе­міз. Алдағы уақытта өнім түр­лерін көбейтіп, нарық аясын кеңей­туді жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны 380 миллион теңгені құраса, со­ның 180 миллионын «ҚазАгро­­финанс» АҚ арқылы алдық. Мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай жағдайдың арқасында өнімдеріміздің сапасы артып келеді» деді.
Қазіргі таңда кәсіпорында 188 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәу­лігіне 80 тон­наға дейін шикізат өн­дейтін кәсіпорынның өндірістік цехы 900 шаршы метр аумақты алып жа­тыр. Барлық жұмыс авто­мат­тандырылған. Өндеу жұ­мыстары Tetra Pak компания­сының технологиясы бойын­­­ша жүргізіледі. Шикізат мәселесі де жүйелі жолға қойылған. Д.Ақпаровтың айтуынша, облыстағы шағын шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасал­ған. «Қазіргі таңда облыста 300-ге жуық шағын шаруа қожалығы бар. Солардың әрқайсысымен келісімшарт жасастық. Сол бойынша сүтті өзіміз барып, жинап аламыз. Биыл сүт қа­былдау пунктеріміздің санын 20-ға жеткіздік. Ол жерлерде қарапайым зерттеу жүргізіп, сүттің сапасын анық­таймыз. Ал цехта күрделі зерттеулер жүргізетін үлкен, толық жаб­дықталған лабораториямыз бар. Шикізат алатын қожалық­тарға ақшаны сүттің сапасына қарай төлейміз. Сондай-ақ өзіміздің де шағын фермамыз бар», – деген кә­сіпорын бас­шысы мекемеде маман тап­шылығы да толығымен ше­шілгенін жеткізді.
Өз кезегінде «Нәтиженің» нәтижелі жұмысына оң баға­сын берген Мұхтар Құл-Мұ­хаммед әр қазақстандық бірінші кезекте отандық өнімді тұтыну керектігін тілге тиек етті. «Еліміздегі кейбір ірі сау­да орталықтарында са­тылатын сүт өнімдерін табиғи деп айта алмаймыз. Себебі олар арнайы ұнтақ­тардан дайындалады. Ал «Нә­тиже» сияқты қазақстан­дық кә­сіпорындарда ондайға жол берілмейді. Елбасымыз да осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, баршамызды өз өнім­дерімізді сатып алуға шақыр­ған бола­тын. Қазір мемлекет тарапынан отандық өндіру­ші­лерге барлық жағдай жасалып отыр. Енді халық сапасы да, бағасы да көңілге қонымды Қазақ­станда жасалған өнім­дерді сатып алып, өз қолдау­ларын көрсетуі тиіс», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Жалпы, Қарағанды облы­сында ауыл шаруашылығы жоғары қарқында дамып келеді. Соның жарқын бір мы­салы ретінде егін өнімін айтуға болады. Биыл Қарағандыда егін бітік шығып, облыс та­рихында алғаш рет 1 миллион тоннадан астам астық жи­налды.
Сонымен қатар «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірін­ші орын­басары облыс­тағы жетекші кәсіпорын­дардың бірі – «Имсталькон» металл конструкциясы зауы­тында болды. Зауыт жұмыс­шылары­мен кездесуінде Мұх­тар Абрарұлы мемлекеттік индус­триалдық бағдарламалар аясында соңғы бес жылда өңірде 174 миллиард теңгенің 72 жобасы жүзеге асқанын айтты. Соның арқасында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Осы ретте, индустрияландырудың екінші бесжылдығында 1 триллион 200 миллиард теңгенің 36 жобасын іске қосу жоспар­ланғанын атап өткен жөн. 
Бұл – тағы 6 жарым мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген сөз.
«Сарыарқаның қақ төрінде орналасқан Қарағанды елі­міздің ең ірі индустриалдық орталығы болып саналады. Бұл Елбасымызды шарболат­тай шыңдаған өңір. Биыл облыс Президенттің қам­қор­лығы арқасында өнеркәсіптің көптеген салалары бойынша едәуір өсуге қол жеткізген. Бұл, әрине, қуанарлық жағ­дай», – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Зауыт басшысы Нұр Нұр­ғалиев кәсіпорынның елі­міздегі темір көпір конструк­цияларын дайындайтын жал­ғыз өндіріс орны екенін айтып: «Жобаның қуаттылығы айына 2,5 мың тоннаға дейін конструкция дайындауға жетеді. Елу жылдан астам тарихы бар зауытта бүгінде 1100 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 105 мың теңге. Президенттің қамқор­лығының арқасында бұл көрсеткіштер жылдан-жылға артып келеді. Елбасы­мыздың да металлург екені біз үшін зор мақтаныш», – деді.
Бүгінде «Имстальконның» өнім­дерін еліміздің барлық өңірі тұтынады десек, қателесе қоймаспыз. Астанадағы «Ақорда», «Бәйтерек», «Хан Ша­тыр», жаңа темір жол вок­залы сияқты белгілі нысан­дармен қатар, Қызылордадағы шыны зауыты, Атырау облы­сындағы Қарабатан кен ор­нындағы зауыт құрылысына да осы кәсіпорынның металл конструкциялары пайда­ла­нылған. Осыдан-ақ Қараған­дыдағы бұл зауыттың еліміз үшін маңызы аса жоғары еке­нін аңғару қиын емес.
Сапар аясында Мұхтар Құл-Мұ­хаммед Қарағанды политехникалық колледжіне де ат басын бұрды. Техни­ка­лық және кәсіби білім беретін оқу ордасы 16 мамандық бойынша оқы­тады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов кол­леджде дуальді оқыту жүйесі кеңінен қолданылатынын айтты. «Елбасының тапсыр­масына сай дуальді оқыту жүйесін қолға алдық. Бүгінде «Борусан Макина», «Кегок» сияқты ірі компа­ниялармен ынтымақтаса жұмыс істеуде­міз. Соның арқасында студент­теріміз оқи жүріп, аталған мекемелерде тәжірибеден өтеді. Сол үшін стипен­диямен қатар, ай сайын жалақыларын да алып тұрады. Қазірдің өзінде «Борусан Макинада» – 40, «Имсталь­кон» зауытында 10 түлегіміз жұмыс істейді. «Кегок» компаниясы өзінің жұмыс сызбасын беріп, сту­денттерді сол бойынша оқы­туды ұсынды. Бүгінде бұл бас­тама сәтті жүзеге асырылуда. Кейін түлектеріміз «Кегокқа» дайын маман ретінде барады. «Нұр Отан» партиясының «Сәтті қадам» жобасы арқылы да 39 мектеп түлегі осы кол­леджде білім алуда», – деді.
Одан бөлек А.Аймағам­бетов кол­ледж студенттерінің нанотехнология саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Мұндай баста­маның берері мол екеніне назар аударған Мұхтар Құл-Мұхаммед дуальді оқыту жүйесіне Елбасы ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары: «Мемлекет басшысының тапсырма­сымен жоғары оқу орындарына және училищеге оқуға түсе алмай қалған мектеп түлектерін кәсіби даярлау мен жұмысқа орналастыру бойынша ау­қымды республикалық жоба қолға алынды. Партия еліміз­дің әр өңіріндегі жағдайды жіті зерттеп, көмекке мұқтаж 10 мыңға жуық жасты анықтады. Алдағы уақытта «Нұр Отан» олардың барлығына қолдау көрсететін болады. Атап айт­қанда, жастарды жұмысшы мамандықтары бойынша оқытып, «Нұрлы жол», жаңа индустрияландыру бағдарла­маларымен ашылған кә­сіпорындарды жұмысшы­лармен қамтамасыз етеміз», – деді.
Сондай-ақ Мұхтар Абрарұлы партияның «Нұр Интекс» атты байқау жария­лағанын, соның қорытындысы бойынша жеңімпаз жас өнер­тапқыштарға гранттар бері­летінін айтып, колледж сту­денттерін өз бақтарын сынауға шақырды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасының жүзеге асырылуы әрдайым «Нұр Отан» партиясының бақы­лауын­да екені белгілі. Мұхтар Құл-Мұхаммед осы бағдарлама аясында облыс орта­лығында салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде абаттандыру және инженерлік-коммуни­кациялық желілерін тарту жұмыстары ғана қалған мектеп 1200 оқушыға арналған. Осы құрылыста жұмыс істеген көптеген жұмысшылар мұнда облыстық жұмыспен қамту орта­лығы арқылы келген. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдар­ламасы шеңберінде Қараған­дыда осы жылдың өзінде құны 41 миллиард теңге болатын 20 нысан қолданысқа берілуі тиіс.
Партияның облыстық активімен кездесуде де «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Нұрлы жол» бағдарламасының орын­далу барысы құзырлы қыз­меттер мен ведомстволар­ды жұмылдыру арқылы күн сайын бақылауға алынуы қажет екенін атап өтті. Мұхтар Құл-Мұ­хаммед «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасының тиімділігін айтып: «Нұрлы жол» эконо­миканың барлық саласына мультипли­кативті әсер береді. Біріншіден, елімізде инфра­құрылым жаңғырты­лады. Екіншіден, отандық компа­ниялар тұрақты түрде тап­сырыстар алады. Үшіншіден, кәсіби-техникалық білім беретін мекемелерді ынталан­дырып, сол оқу орындарын бі­тірген түлектердің қызығу­шы­лығын оятады және жаңа жұмыс орындары ашылады. Осылайша ауқымды прези­денттік бағдарламаның игі­лігін әрбір қазақ­стандық көретін болады», – деді. Сондықтан партияның облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспановаға осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сон­дай-ақ партия фракциялары мен барлық деңгейдегі мәс­лихаттар жа­нындағы қаржыны жұмсауды бақылау жөніндегі комиссия жұмысының тиім­ділігін арттыруды тапсырды. Одан бөлек Мұхтар Абрарұлы осы жылдың басынан бастап әлеуметтік-эконо­микалық дамудың негізгі көрсеткіш­теріне жүргізілген мониторинг нәти­жесінде Орталық Қазақ­станда оң өзгерістер байқа­латынына тоқталып: «Облыста жалпы аймақтық өнім 0,8 пайызға өсіп, республикада 4-орынға табан тіреген. Өнім көлемі – 1 трлн. 21 млрд-тан астам теңгені немесе 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстыр­ғанда 138 пайызды құрады. Сондай-ақ өткен жыл­дың осы мерзімімен салыс­тырғанда, жез, марганец, алтынды, темір және қорға­сын-мырыш кенін өндіру де артқан. Өндеу өнеркәсібінде шығарылатын өнімнің көлемі де 5,5 пайызға көбейген. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 30 мың доллардан асып, өткен жылға қарағанда, 4,7 пайызға өсті. Бұл – республика бойын­ша ең жоғары көрсеткіш» – деді.
Сонымен қатар кездесу ба­рысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынба­сары Қарағанды облысының республикамыз бойынша айрықша маңыздылығын атап өтіп, атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Партияның сайлауалды бағдар­ламасын жүзеге асыру, партиялық жо­балардың жұмысы, партияіші­лік тәртіпті күшейту, қоғам­дық-саяси ахуалға тұрақты мониторинг жасау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед Е.Бөкетов атындағы Қа­рағанды Мемле­кеттік университетіне барды. ЖОО-ның профессор-оқыту­шылар құрамымен және студенттерімен кездесу Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына, еліміздің негізін қалаған Елбасының қайрат­керлігіне арналды. Өз сөзінде, «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орын­басары барша қарағандылықтарды еліміздің ең ұлық мерекесімен құттықтап, Прези­дентіміз берген тапсырмаларды бірле­сіп орындауға шақырды.
Еламан ҚОҢЫР, Қарағанды облысы,
Суреттерді түсірген Рустам АМАНТАЙ


 


Пікірлер


 

Дулатбек АҚПАРОВ, 
«Нәтиже» сүт фабрикасының директоры:

– «Нәтиже» сүт фабрикасы 2003 жылы құрылған. Бүгінде тәулігіне 80 тоннаға дейін сүт өндейміз. «Агробизнес-2020», «Бизнестің жол картасы», «Даму» сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады. Соның арқасында бүгінгідей нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Осындай қолдау көрсетіп отырғаны үшін Елбасымызға зор алғысымызды білдіреміз.
Алдағы уақытта өнім түрлерінің сапасы мен санын арттыру жоспарымызда бар. Соның ішінде келесі жылы ірімшік өнімінің түрлерін көбейтуге күш жұмсаудамыз. Өнімдерімізді сақтау мерзімі жеті тәуліктен аспайтындықтан тек Қазақстан нарығымен ғана шектелуге мәжбүрміз. Біздің өзгелерден басты ерекшелігіміз де сақтау мерзімінің қысқалығында деп білемін.
Біздің нарықта тек қазақстандық емес, Ресейден және басқа да шетелдерден сүт өнімдері бар екені белгілі. Сондықтан бұл салада бәсекелестік жоғары. Дегенмен соңғы кездері біздің өндірісіміздің ұлғаюына қарағанда, отандық өнімдерге сұраныс артып келе жатқанын аңғарамыз. Бұған өнім сапасының жақсы болуы да айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз.

Ксения ОМЕЛЬЧЕНКО, 
«Нәтиже» сүт фабрикасының лаборанты:

– Менің «Нәтиже» сүт фабрикасында жұмыс істеп жүр­геніме бес жыл болды. Міндетім – арнайы лабораториялық зертханада өнімнің сапасын, яғни қышқылдығын, майлылығын және қоюлығын тексеру. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымымыз да өте ұйымшыл. Жалақымыз тұрақты әрі уақытылы төленеді. Одан бөлек тоқсандық сыйақылар да бар. Елімізде осындай игі істердің жүзеге асуына біріншіден, Мемлекет басшысының сара саясаты себеп екені анық. Сондықтан Президентімізге қа­ра­пайым жұмысшы ретінде өз ризалығымды жеткізгім келеді.
Жұмысқа алғаш келген кезде мен орта білімді маман едім. Кейін жоғары оқу орнына түстім. Сол кезде кәсіпорын оқуымның ақысын төлеп, үлкен көмегін тигізді. Сол үшін басшылыққа да шексіз алғысымды білдіремін.
Біздің фабрикамыздың басты ерекшелігі өнімнің сапасына айрықша көңіл бөлуінде деп білемін. Барлық жұмыс жоғары деңгейдегі технологиялар арқылы жасалады. Лабораториямызда шикізат келгеннен бастап, дайын өнім болып тұтынушыға жеткенге дейін зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Соның арқасында сапасыз өнімге ешқандай жол берілмейді.

Ирина МАМОНОВА, 
«Нәтиже» сүт фабрикасының ауысымды шебері:

– Біз 2011 жылға дейін қондырғыларды ескі технология бойынша жуып келдік. Яғни ішіне түсіп, өзіміз қолмен жуатынбыз. Ал бүгінде Tetra Pak технология арқылы бұл жұмыс айтарлықтай жеңілдеді. Барлығы автоматтандырылғандықтан осынша қондырғыны бір ғана адам басқарады.
Технология еуропалық стандартқа сай. Сондықтан температура, уақыт, қысым сияқты нәрселер өздігінен реттеліп отырады. Қондырғының металына дейін өнімнің сапасын жоғалтпауға лайықталған. Заманауи қондырғыларды алғаш алып келгенде Tetra Pak компаниясынан мамандар келіп, осы технология бойынша қалай жұмыс істеу керектігін үйретті.

Нұр НҰРҒАЛИЕВ, 
«Имсталькон – Қарағанды металлконструкция зауыты» ЖШС-ның директоры:

– Қарағанды металлконструкциясы зауыты – еліміз бойынша осы саладағы ең ірі кәсіпорын болып саналады. Бұл жерде өндірістік және азаматтық нысандардың қаңқасы, эстакадалар, галлереялар, бункерлер сынды металлконструк­цияның барлық түрлері дайындалады. Қазақстанның барлық өңірінде біздің қолтаңбамыз бар. Астананың салынуына да алғашқы күннен бастап ат салыстық. Елордамыздағы «Бәйтерек», «Хан Шатыр» сынды сәулеті тасыған нысандардың құрылысына біздің металлконструкцияларымызды пай­даланылды. Маусым айында Астанадағы жаңа темір жол вокзалының құрылысын аяқтадық. Ол жерге сапасы өте жоғары 23 мың тонна темір өнімдері жіберілді. Сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында 2 павильон мен қонақ үй құрылысын жүргізудеміз.
Осы ретте Елбасымыздың да металлург екенін біздер мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы бұл саланың қаншалықты ауыр және көп қажыр-қайратты қажет ететінін білгендіктен, бізге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біздің қазіргідей тұрақты әрі табысты жұмыс істеуіміз Президентіміз жасап отырған жағдайдың арқасы. Алдағы уақытта да зауытымыз еліміздің кемел келешегі үшін жұмыс істей береді.

Максим ХАДЖАЕВ, 
«Имсталькон – Қарағанды металлконструкция зауыты» ЖШС-ның жұмысшысы:

– Мен 20 жастамын. Бұл зауытта жұмыс істеп жүргеніме екі жыл болды. Өзімнің осындай тұрақты, болашағы жарқын кәсіпорында істейтінімді мақтан тұтамын. Қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде тұрақты дамудың маңызы жоғары. Жаңалықтардан әлемдегі ірі кәсіпорындардың да жабылып жатқанын, жұмысшыларының қысқартуға ұшырағанын жиі естиміз. Біздің елімізде және кәсіпорында ондай келеңсіздіктер жоқ.
Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз жұмыспен және тұрақты жалақымен қамтылып отырмыз. Сондықтан ертеңгі күнімізге деген сеніміміз жоғары.

Төлеген ӘШІМОВ, 
«Аспап» өндірістік кооперативінің директоры:

– Мектеп «Нұрлы жол» президенттік бағдарламасы бойынша салынды. Ауданы 18 мың шаршы метр болатын білім ордасы 1200 оқушыға арналған. Бұл жерде 600 орындық акт залы, кең спорт залы және заманауи үлгідегі еңбек пәні каби­неті сияқты артықшылықтар бар. Мұның бәрі Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынған еуропалық стандарттарға көшу бастамасы аясында жүзеге асуда.
Құрылыс жұмыстарының уақытылы жүргізілуіне «Нұр Отан» партиясының ықпалы өте мол болды. Қазір мектеп ауласын абаттандыру, инженерлік желілерді тарту сынды жұмыстар істелуде. Бәрі ойдағыдай болса, мектеп жаңа жылдан бастап оқушыларды қабылдайды. Сол кезде екі ауысыммен оқитын және апаттық жағдайда тұрған мектептер мәселесі толық шешіледі деп ойлаймын. Себебі аталған нысан орналасқан ауданда халық тығыз шоғырланған. Сондықтан бұл ауданда мектептің жетіспеушілігі айқын сезіледі. Енді ол олқылықтың орны толады деп сенемін.

Ерболат НҰРМАНҒАЛИЕВ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты:
– Еліміздің негізін қалаған басты тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені Президентіміз мемлекетімізді барлық салада алдыңғы қатарға шығарып, әлем мойындайтын қуатты елге айналдырды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Қазақстан бас айналдырарлық жетістіктерге қол жеткізді. Соның бәрі Елбасымыздың кемеңгерлігінің, көрегенділігінің арқасы.
Әрине, бұл жетістіктермен тоқмейілсіп қалуға болмайды. Алдымызда әлі талай биік белестер тұр. Сондай мақсат-мүдде жолында еліміздің барлық жастары Елбасымыздың жанына топтасып, игі істердің жүзеге асуына өз үлестерін қосуы тиіс. Солай боларына сенемін.