Басты  /  мақалалар  /  Кемпірдің көз жасы

Кемпірдің көз жасы

Жолдасбек Дуанабай
1480
Кемпірдің көз жасы Бүгінде қала түгілі, қала маңындағы ауылдардағы қарбалас тіршілікті көріп жаға ұстайсыз. Қаптаған көлік. Шұбырған жұрт.

Құлақтарында – ұялы телефон. Қара жолды кесіп өтіп бара жатып та жүйткіген көлікке қараудан қалғандар жүргізушілердің жанын көзіне көрсете жаздайды. Кіммен, не сөйлесіп жатыр? Ешкім нақты жауап бере алмайтын сұрақтар.

Біздің әңгімеміз де осы сұрақтарға қатысты болып тұр. Екі кеште қол кө­терген қартқа тоқтай қалдым. Соңымнан амалсыз тоқтаған кө­ліктер дабыл қағып, көшені басына көтеріп жатыр. Тар жол­дағы «тамаша» маған ұнамаса да, қас қарайғанда қара жол күзеткен қартты ала кетпесіме болмады.
Жасы жетпістердегі кісінің әбжілдігі сондай, көлік ішіне «қар­ғып мінгенін» сезбей де қалдым. Есесіне жасы жиыр­малардағы қызы есікті ашып қойып, қолындағы телефонын шұқылап әлі тұр. Әлі тұр...
– Қарындасым, тез мін!
Сонда ғана «орнынан қозғалған» қыз есікті сарт еткізіп жапты. Қы­зының қы­лығынан ұялған кемпір де: «Артта мә­шинелер күтіп тұр. Сен үшін тоқтап тұр­майды ғой. Көлікке тез мініп үйрену керек» деп қызына құлаққағыс жасады. Оны елең санаған қызды бай­қамадым. Құдай-ау, Шамалғаннан Алматыға жет­кенше қалта телефонынан көз алмады. Есесіне шешесі жүрегінде жүрген біраз сырды ақтарып салды.
– Осы телефон бәле болды. Біраз жұрттың түбіне де жетіп жатыр. Адам аңду, кісі өлтіру, тонау, ұрлық-қарлыққа да себепші осы – телефон. Менің үш қызым бар. Оның бірі былтыр көлік апатынан көз жұмды. Жол жағасында тұрғанда қолындағы қалта телефоны жерге түсіп кетіп, соны алғалы жатқанда көлік қағып кетті. 
Енді бір қызыма ертең ота жасал­мақшы. Миында ісік бар екен. Ком­пьютер мен соткадан көз алмаушы еді. Әй, содан ауру тапты шамасы. Менің кү­дігім сол... Мына қыздың түрі осы. Менің әңгімемді де естіп келе жатқан жоқ. Мына бір бәлені құлағына тығып алады да, аяғының астында адам өліп жат­са да қарамайды. Сұмдық жағдай бол­ды. Қалта телефоны қазақтың жауына айналды, – деп күрсінді қарт.
Бұл – бір шаңырақтың қасіреті. Ал өзге отбасыларында не болып жатыр? Миды ашытқан мил­лиондаған теле­фонның иелері өміріне қаншалықты риза? Мұны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Алайда пайдасынан гөрі зияны басым қалта телефоны қазақ қоғамына қасірет әкеле бастағаны анық. Қазір әлеу­меттік желілерде жарыстың көкесі «лайк» басумен танысу болып тұр. «Лайк» үшін жанын салғандардың жандауысы тыныш отырғандарды да шошытатын болды. Тіпті бір-бірінен «лайк» сұрайтындар қарызға ақша сұрайтындардан көп. Бұл – шындық.
Енді танысу төңірегінде сөз қозғасақ, әлеуметтік желілер арқылы танысудың соңы адам өліміне, зорлау мен қорлау оқиғаларына ұрындырап жатқанын қазір ауыл­дағы ағайын да жақсы біледі. Бірақ қорытынды шығарып жатқан ешкім жоқ. 
Селфи дегеніңіз – сор. «Қара жолда қасқайып тұрып суретке түсеміз» деп, соның салдарынан жол апатына ұшырап, көпірден немесе үй шатырынан құлап мүгедек болып жатқандар да бар. Сол себепті болар, мамандар селфиді «сәт­сіздік емес, бақытсыздықтың бастауына айналды» деп отыр.
Интернетке тәуелділік жүйкені жүндей түтіп барады. Макмастер универ­ситетінің сарапшылары 254 студентке жүргізген зерттеулер барысында тәуел­діліктің тағдырға әсер ететінін анық­таған. Интернетте ұзақ отыру депрессия деңгейін көтереді. Ондай жағдайда адамдар күнделікті жұмысына үлгере алмай, уақытын дұрыс пайдалана алмайды. Суонси және Милан универ­ситетінің мамандары болса, интернетке тәуелділік иммунитетті бұзатынын дәлелдеген. Осылайша, әлеуметтік желілер жастарға кері әсер етеді. 
Ал телефонның арқасында көз бен сөзден қалғандар қаншама... Кейуа­наның күрсінетін жөні бар. Отба­сының қамын күйттеп, тілазар балаларының ба­ғы жанбағанына жылап жүрген қа­рттар көбейіп барады. Расында да қа­зақтың жауы қалта телефоны болып тұр.