Басты  /  мақалалар  /  ОҢАШАДА ОЙЛАНҒАНДА...

ОҢАШАДА ОЙЛАНҒАНДА...

Айқын-ақпарат
1236
ОҢАШАДА ОЙЛАНҒАНДА... Иә, бір қарағанда бұл оңашадағы қарапайым ойлар секілді. Бірақ оның тым қарапайым емес, терең екендігін оқыған жан бірден сезеді.

Әрине, мұның көбі онлайнда айтылған, жария болған, кейбірі оқырманға таныс ойлар болуы бек мүмкін. Дегенмен «Оңашадағы онлайн ойлар» белгілі публицист Шархан Қазығұлдың жаңа леп, жаңа тыныспен жазылған дүниесі. Оңашадағы ойлар не дейді? Үзік-үзік ойларынан үзінді беріп көрейік. 

Барлық адамдардың комменттерінде ақиқат болады. Бірақ мұның бәрі субъек­тивтік ақиқат деген категорияға келің­кірейді. Ортадағы ойды айту да қашан да қиын. Өйткені нағыз ақиқат сонда жатыр. 
Бірақ оны айтуға көп адамның батылы бармайды. Өйткені ақиқатты айту – барлық уақытта да тиімсіз. Мәсе­ленің бар мәнісі осында. Иә, тобырлық психологиядан ада пікір білдіру қашанда ауыр. 

***
Біздің қазақ журналистикасының ең осал тұсы – ақын-жазушылар мен әншілерден қайта-қайта сұхбат алғанға шебер. Ал қазақтың техника мен жара­тылыс төңірегіндегі әлемдік деңгейге көтеріліп жүрген ғалымдарымен сұхбаттасуға тісіміз батпайды. Өте өкі­нішті! Қарап отырсаңыз, өзге елдерде ұлтымыздың беделін асқақтатып жүрген солар емес пе?!

***


Құнанбайды жақсы деп те, жаман деп те айтқың келмейді. Өйткені, ол «нор­мальный» адам болған. Жақсы немесе жаман адам деген түсініктерді большевиктер ойлап тапты. Осыны біздің санамызға соцреалист жазушылар әбден сіңірді. Жағымды және жағымсыз кейіпкерлері арқылы. Ең үлкен қателік. Тобырлық психологияны қалып­тасты­руымызға да себеп осы болды. Адам­дарды сортқа бөлу түбірімен логикаға қайшы келетіні көзге ұрып тұр.
Екі мысал. Далада жүрген «бич» те жанынан өтіп бара жатқан адамдарға кейде мейірімділікпен көз тастайды. Бұған керісінше, ІІ Елизаветаның да кейбір қылықтары Королеваның стату­сына сәйкес келмей қалады. Мұның бір дәлелі, принцесса Диананы жерлеуге байланысты мәселенің британ қо­ғамында наразылық тудыруы болды.
Шынында да, бәріміз – пендеміз. Кейде жақсы ойлаймыз. Кейде жаман ойлаймыз. Сондықтан да «Мен – мінім жоқ адаммын» деп айту – күнәнің ең ауыры. Дәл қазір осындай ой келді. Неге? Бүгін – Төлен ағаның туған күні. Психикалық әңгімеден «двуличиенің» табиғатын ашқан романға дейінгі жолда ол бізді дұрыс ойлауға үйретті. Өрке­ниеттің басты міндеті ойлануға үйрету екенін тағы да бір еске алсақ, онда біз ағамызға алғыс айтуымыз керек.

***
«Бәрі де өтеді де кетеді. Бұл да!» деген өзінің аталы сөзін жүзігіне ойып жаз­дырған Сүлеймен патша ақылсыз ба?! Қарапайым шындықты екі ауыз сөздің қауызына сыйдырып қойған. Айтары жоқ ақиқат, кез келген нәрсе бара-бара санадан сызылады. Мына жалған өмірді айтпағанда, әрбір қолдан жасалған «қуанышыңның» өзі бір аптадан кейін көңіліңнен ғайып болады. 
Қарапайым мысал. Бетіңе дейін қосып жүріп алған темір, тақтай немесе қағаз формасындағы наградаңның өзін бес-алты сағат ғана «жуасың». Сол атақты иеленгеніңді екі күннен кейін айналаң ұмыта бастайды. Бір айдан кейін өзіңнің де ыстық-суығың басы­лады. Бірақ ең үлкен трагедия – енді келесі атаққа кезекке тұрасың. Құлқын деген осы!

***
Талант астамшылығының ең сора­қысы – дарынға малданып, білімге ұмтылмау. Талант не бар, не жоқ. Ол қолдан жасап ала қоятын ойыншық емес. Білім де солай. Бірақ білімді болуға болады. Өмір бойы оқысаң...
...Ойлар осылай жалғасып кете береді. Бастысы, Шархан Қазығұлдың бұл кітабынан ұлттың ақыл-ойдың қайнарынан нәр алған өсиет сөздің үздік үлгілерін табасыз. Бұл кітапты оқыған оқырман өзіне қажетті жан азығын табары хақ. Онлайн ойлардан тәлім алған жастардың ойы тереңдейді, өмірі мазмұндана түседі. Бұл кітап әрбір жастардың таным баспалдағы болары сөзсіз. Ендеше, қазақ әдебиетіне соны үлгідегі тағы бір рухани дүние қосылды. Ғұмыры ұзақ болсын дейміз!

Гүл БЕКЗАТ