Негізгі бет  /  мақалалар  /  Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Тараз қаласының әкімі: «Біз – тараздықтармыз!»

Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Тараз қаласының әкімі: «Біз – тараздықтармыз!»

Ерман ӘБДИЕВ
1055
Нұржан КАЛЕНДЕРОВ, Тараз қаласының әкімі: «Біз – тараздықтармыз!» деген мақтаныш қаланың әр тұрғынының өмірлік кредосына айналды

Жыл сайынғы дәстүр бойынша қала тұрғындары қазан айының ортасында Қала күнін атап өтеді. Жылдан-жылға аумағы кеңейіп, тотыдай таранған көне шаһардың бүгінгі келбетіне көз тояды. Оның үстіне желтоқсан айында кең көлемде аталып өтетін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тараздықтар да толағай табыстармен жетіп отыр. Облыс орталығының бүгінгі келбеті, Тәуелсіздік тойының қарсаңында ел игілігіне берілетін әлеуметтік нысандар... Міне, қала әкімі Нұржан Календеровпен болған сұхбатымызда осы мәселелерді сөз етеміз.

– Нұржан Сәбитұлы, тәуелсіздік жылдары облыс орталығында бой кө­терген әрбір әлеуметтік нысанда мықты маман­дардың қолтаңбасы бар. Дегенмен, ел игі­лігіне ұсынылған әрбір нысанды тәуел­сіздікке тарту деп есептеген дұрыс шығар. Оның үстіне бүгінде тұрғындар күннен-күнге келбеті артып, заманауи сәулеті келіс­кен ғимараттар бой көтеріп келе жат­қан шаһарда тұрып жатқандарын мақтаныш етеді. Қала күні қалай аталып өтпек?
– Әр жыл өзіне тән жаңалықтарымен, оқиғаларымен ерекшеленеді. Биылғы 2016 жыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келді. Егемен­дігі­міздің ширек ғасырлық кезеңінде Елба­сының бастамасымен халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған сан-салалы іс-шаралар, іргелі жобалар мен маңызды бағдарламалар сәтті іске асырылып, мол табыстарға қол жеткізілді. Ендігі мақ­сатымыз – тәуелсіздігіміздің тұғы­рын биік ұстап, елімізді үздік отыздыққа енген Мәңгілік ел ету. Осы орайда, біз­дің алды­мызда болашақ бағдарымыз айқындалған Жолдауды жүзеге асыру, өңірдің эконо­микалық және инвес­тициялық әлеуетін арттырып, тұрғын­дардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту міндеті тұр. Білесіз бе, тәуелсіздік жылдары бір ғана облыс орталығында 11 мектеп, мектепке дейінгі 56 мекеме, екі мектептен тыс балалар шығар­машылығы орталығы, алты денсаулық нысаны, бір мәдениет және алты спорт кешені пайдалануға беріліпті. Бұл – білгенге үлкен жетістік. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмайды. Жоғарыда айтып өткендей, алдағы жылдары Таразда тағы да жаңа ық­шамаудандар бой көтеріп, көне шаһар тұрғындарының әлеуеті арта түседі. Қала күнін жоғары деңгейде атап өту үшін бүгінде дайындық қызу. «Біз – тараздық­тармыз!» деп кезінде осы көне шаһарды мекен еткен абыздар мақ­танған еткен. Талай таланттардың табанын қыздырған Тараз топырағы киелі. Киелі мекеннің тұрғындары мұны мақтаныш етеді.
– Білдей облыс орталығында Үдемелі индустриялы-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда Индустрияландыру картасына енген жобаларды қолдауда қандай шаралар атқарылуда?
– Тарихи деректер Тараз қаласының ежелден өркениет, соның ішінде өнер­кәсіп орталығы болғандығын, мұнда түрлі өндіріс бұйымдарын өндіретін шебер­ханалардың жұмыс істегендігін көрсетіп отыр. Кешегі кеңес дәуірінде Тараз одақ бойынша ең ірі химия өнеркәсібінің орталығы болды. Одақ тараған соң бұрынғы жүйенің ыдырауы, экономи­калық байланыстардың бұзылуы себе­бінен, қаланың инфра­құрылымдарында бірқатар өзгерістер пайда болып, өндіріс және өнеркәсіп орындарының жұмы­сында іркілістерге жол берілді. Республика бойынша жүргізіліп отырған ілкімді экономи­калық саясат нәтижесінде соңғы жыл­дары қалада экономикалық тұрақ­тылық орнығып, өрлеу-даму тенден­ция­лары айқын байқалуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар химия саласын жандандырумен тікелей байланысты болып отыр. Оның қатарында биыл құны 10,0 млрд теңгені құрайтын 3 индуст­риялдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, онда 95 жаңа жұмыс орны ашы­латын болады. Атап айтсақ, «Қазфосфат» ЖШС-ы «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалы экстрационды фосфор қышқылын өндіретін ЭФК-1 техно­логиялық жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтайды. Жобаның құны – 7 млрд 700 млн теңге, қуаттылығы жылына 220 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ «Жамбылгипс» АҚ құрғақ құры­лыс қоспаларын және гипс бұйым­дарын өндіретін жаңа цехтың құрылысын және қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтайды. Жобаның құны – 1 млрд 715 млн теңге, қуаттылығы жылына – 270 мың тонна. 50 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ал «Бағұл» ЖШС-ы дәне­керлеу элек­тродын шы­ғарудың өндіріс қуатты­лығын кеңейтуді жоспарлап отыр, жобаның құны – 585,5 млн теңге. Жылдық қуат­тылықты 2 мың тоннаға жеткізіп, 45 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Бұдан бөлек, қазіргі таңда «Қазфосфат» ЖШС-ы жаңа Жамбыл фосфор зауыты филиалы жеке қаражаттары есебінен құны 1 млрд 100 млн теңгені құрайтын 2 жобаны Индус­трияландыру карта­сына енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Олар – 2016 жылдың соңына дейін іске асырылатын құны 200,0 млн теңгені құрайтын түйіршікті фосфор-калий ты­ңайтқышын шығаратын өндіріс ор­нының құрылысы және 900 млн тең­гені құрайтын ауа бөлгіш қон­дырғыны қайта жаңғырту жобалары. Бұл жобалардың тиімділігі өндіріс шығындарын азайтумен және өнді­рістегі қатты қалдықтарды қайта өндеумен ерекшеленеді. Тағы бір айта кетерлігі, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамы­тудың бірыңғай бағдарламасы аясында субсидиялау тетігі бойынша 2 млрд 844 млн теңгеге 26 жобаны ай­мақтық үйлес­тіру кеңесі мақұлдап, несие берілді. Осы жобалар аясында «Сапар Транс – 2012» ЖШС-ы «Евро – 4» стандартты Dunsan маркалы 15 автобус сатып алуға 945,0 млн теңге, «Арай-логистик» ЖШС-ы қонақүй комплексі бар бизнес орталығының құрылысын жүргізуге 350,0 млн теңге, «Нұралы» ЖШС-ы сауда орталығын салуға 120,0 млн теңге және тағы басқа да бизнес өкілдері жеңілдетілген несие алды. Осы бағдарламаның аясында грант тетігі бойынша инновациялық бизнес ойлап тапқан 8 кәсіпкерге 3 млн теңгеден қайтарымсыз қаржы бөлінді. Бұдан басқа, Индустрияландыру картасына енген «Жамбылгипс» АҚ-та өндірістік ин­фрақұрылымды дамыту тетігі бойын­ша 82,1 млн теңгеге газ және электр қуаты­мен қамтамасыз ету жұ­мыстары жүр­гізілуде. Сонымен бірге, жайма шыға­ратын MARK of PERFECTION ЖШС-ы өндірістік базасын қосымша электрмен қамтамасыз ету үшін 3 млн теңгеге трансформатор орнатты. Қазіргі таңда 1 млрд 163 млн теңгені құрайтын субси­диялау тетігі бойынша тағы 9 жоба қарас­тырылуда. Осы бағдарлама аясында қаржы­ландырылған жобалар арқылы қо­сымша 169 жаңа жұмыс орны ашылып, қала тұрғындарының әлеуеті артып отыр.
– Биыл 10 ақпанда Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Елбасы тұрғын үй құрылысын жандандыру, инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар халықтың іс­керлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, аталған шараларға қомақты қаржы­лар бөлді. Осы шара­ларды іске асыру Тараз қаласында қалай жүріп жатыр? 


– Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүріп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2016 жылға жалпы 1 млрд 647,3 млн теңге бөлініп, 1200 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, есепті кезеңде 352 адам қамтылды. Бағдарлама аясында жоғарғы бюд­жеттер есебінен 523,6 млн теңге қарас­тырылып, қаладағы №7 мектеп-гимназия ғимаратына – 300,8 млн теңгеге, №56 орта мектепке – 78,4 млн теңгеге, №6 балабақшаға – 70,0 млн теңгеге және №7 балабақшаға 74,3 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджет бағ­дарлама әкімшілері арқылы 1 колледж, 13 денсаулық сақтау және 2 әлеуметтік, 1 мәдениет салала­рындағы ғимарат­тарды жөндеуге 636,3 млн теңге бөлінді. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне шағын несие беру үшін 444,0 млн теңге қарастырылған. «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы – 2020» бағдарла­масынан бөлек экономиканы ынта­ландыру шаралары аясында рес­пуб­­ли­калық бюджеттен мектеп және ба­лабақшаларды күрделі жөндеу жұмыс­тарына барлығы 699,5 млн теңге қа­растырылған. Оның ішінде №24 гим­назияға – 257,9 млн теңге, №32 орта мек­теп­ке – 211,2 млн теңге, №37 орта мек­теп­ке – 131,5 млн теңге және №21 бала­­бақшаны күрделі жөндеуге 99,0 млн теңге қарастырылды. Сөйтіп, 2016 жылдың I жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд 275 млн теңгені құрады. Оның ішінде, бюд­жеттік инвестиция есебінен 4 млрд 40 млн теңге немесе үлесі – 49%. Ағымдағы жылдың соңына дейін құрылыс жұ­мыстарының көлемін ұлғайту үшін бірқатар факторлар бар. Мысалы, жалпы қала бюджетінде құрылыс жұ­мыс­тарына 10 млрд 967 млн теңге қарастырылған, оның ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемле­кеттік бағдарламасы арқылы 7 млрд 911,4 млн теңге. Осы жерде айта кетуіміз керек, жыл басында жоғары тұрған бюд­жеттерден бөлінген трансферттер мен не­сиелердің көлемі 3 млрд 888,4 млн тең­гені құраса, бүгінгі күні бұл сома 13 млрд 692,0 млн теңгені құрап отыр немесе 3,5 есеге артқан. Осы экономиканы ынта­лан­дыру аясында бөлінген қара­жаттар инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыруға өз ықпалын тигізуде. Жыл соңына дейін «Арай» тұрғын үй аумағында 2 тұрғын үй, Сүлейменов көшесінің со­ңынан жоспарланған 15 ықшамауданын­да магистральдық ішкі кварталдық су және телефон желісі бойынша инженерлік жүйелерінің құрылысы, «Барысхан» тұрғын үй аумағында қиыршық тас жол құрылысы, сонымен қатар Жамбыл даңғылы, Б.Момышұлы, Ы.Сүлейменов, С.Сейфуллин көше­лерінде жылу магис­тралінің телімдерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал «Қайнар», «Ақжол», «Мичуринец» аумақтарын электрмен және газбен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. «Көктем» тұрғын үй аумағына газ жүргізу, Жамбыл даңғылы және Тәуке хан көшесіндегі жол өткел­дерін, Песчанная, Октябрьская көше­леріндегі су құбырын қайта жаңғырту, «Бурыл-А,Б,В» алқабының су құбыры желілерін салу жұмыстары да аяқталып отыр. Бұдан басқа жеке инвесторлар тара­пынан коммерциялық нысандардың құрылыстары аяқталып немесе жүр­гізіліп жатыр. Атап айтсақ, Жамбыл даңғы­лындағы «Магнат» сауда үйі, Төле би даңғылы бойындағы МART ойын-сауық орталығы, Ташкент көшесінің бойындағы әмбебап сауда үйі және Мәмбет батыр көшесіндегі сауда үйі сол нысандардың қатарына кіреді.
– Бүгінгі күні қала тұрғындарын толғандырып отырған жай – тұрғын үй мәселесі. Үй алу үшін кезекке тұрған аза­маттардың өтінішін қанағаттандыруда қандай жұмыстар атқарылуда?


– Қазіргі таңда қалада 1235 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Жалпы, қалада 13 ықшамаудан және «Арай» аума­ғындағы көпқабатты тұрғын үй кешені орналасқан. Тәуелсіздік жылдары алғашқы бой көтерген тұрғын аумақ – «Астана» ықшамауданы болды, оның құрылысы 2007 жылы басталды. Екі жылға жуық мерзімде қаланың шеткі бөлігіндегі бос жерге инфрақұры­лы­мымен және әлеуметтік нысандарымен жаңа үлгідегі көпқабатты үйлер тұрғы­зылды. 2008 жылдан бастап жалпы көлемі 40 гектар аумақта «Бәйтерек» ықшамауданының құрылысы басталды. Бүгінде 6 қабатты 70 пәтерлі бір үй, барлығы 1460 пәтерді құ­райтын 5 қабатты жиырма үш үй, әрқай­сысы 200 төсектік екі аурухана, 280 және 75 орындық екі балабақша пайдалануға берілді. Жеке қаржылары есебінен «Арайстроймаркет» ЖШС-ы 5 қабатты 75 пәтерлі екі үйдің, «Сенім» ЖШС-ы 9 қабатты 240 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Қалалық бюджет есебінен 1200 орынға арналған мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде, жобаны 2018 жылы іске асырамыз деп жос­парладық. Сондай-ақ 2014 жылы 14 гектар «Арай» тұрғын үй аумағында көпқабатты үйлердің құрылысы басталды. 2015 жылы «Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» желісімен әрқайсысы 65 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, қолданысқа берілді. Осы жылы қосымша тағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Аталған үйлердің құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек және қазан айларында аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен бірге, «Бином» ЖШС-ы ірі панельді 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Өздеріңізге белгілі Сүлейменов көшесінің соңынан жалпы көлемі 362 гектар 15-ықшам­ауданын, «Автобекет» аумағынан жалпы көлемі 100 гектар 14-ықша­мауданын тұрғызу – алдағы жылдардағы негізгі бағыт­тары­мыздың бірі. Бүгінде Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта ин­женерлік-комму­никациялық инфра­құрылым желілерін тарту жұмыстары жалғасуда, ал «Автобекет» аумағында бұл жұмыстар биыл басталды.
Тұрғын үй құрылысын ынталандыру – экономикалық өсімді қамтамасыз ететін негізгі шаралардың бірі. Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында шілде айында «Арай» аумағында әрқай­сысы 80 пәтерлі 6 үйдің құрылысына облыстық бюджеттің ішкі резерві есебінен 3 млрд теңге несие бөлінді. Бұл үйлердің құрылысы айналымы екі жылға арналған облигациялар шығару және оларды «Бәйтерек девелопмент» АҚ иеленіп, жеке құрылысшыларға құрылыс жүргізуге тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Арай» аумағында барлығы 470 пәтерлік тағы 6 үйдің жобалық құжаттары мен жер телімдері «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталына беріліп, одан әрі «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы жеке құрылысшыларға тапсырыс беру жолы­мен құрылыс жұмыстары баста­лады. Аталған 12 үйдің құрылысын 2017 жылдың І жартыжылдығында аяқтау жос­пар­лануда. Жеке құрылысшыларды ынталан­дыру мақсатында, «Бәйтерек» ықшамау­данында бір подъезді үйлер салу үшін аукцион арқылы әрқайсысы 0,027 гектар 8 жер телімдерін беру қарас­тырылуда.
– Жеке тұрғын үй құрылысын жүр­гі­зу үшін жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттанды­руда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– 2016 жылғы 1 тамыздағы жағдай бо­й­ынша қалада жеке тұрғын үй құры­лысы үшін жер телімдерін алуға 62305 адам кезекте тұр. Жыл соңына дейін Сабалақов көшесінің бойынан 800 және «Көлтоған» алқабынан 200-дей жер телімдерін беру жоспарлануда. Сонымен қатар алдағы жылдарға Асқаров көшесінің соңынан 312 га, «Хамукат» 125 га, «Қарасай» 126,6 га ал­қап­тарын электрмен, сумен қамта­масыз ету желілері мен қиыршық тас жол төсеу құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. 
– Алдағы жылдары қала аумағында тағы да бірнеше ықшамаудандар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар тұрғын­дардың игілігіне берілетіні белгілі. Дегенмен Тараз – Ұлы Жібек жолы бойына орна­ласқан тарихи қалалардың бірі. Туризмді дамыту бойынша қала аумағында қандай шаралар жүзеге асты?
– Тараз қаласы Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи маңызы бар ірі қалалардың бірі болғандықтан қазіргі кезде шетел сәулетшілерінің қаты­суымен көне Тараз қаласының қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан бұрынғы орталық базардың аумағына ескі қала стиліне сәйкестендірілген тарихи-мәдени ошақ­тарды, туристік, сауда, ойын-сауық нысандарын орналастыру бойынша қайта құру жоспары да­йындалуда. Бұл келе­шекте қаламызды бірегей тарихи-мәдени және туристік аймаққа айналдыру жоспары болып саналады. Оның үстіне келесі жылы Астана төрінде ЕХPO – 2017 халық­аралық көрмесі өтеді. Көрмені тамашалауға келген туристердің дені ел аумағын аралап, тамашалауға ниет білдіріп отыр. Оның қатарында көне қала Таразды да бетке алған туристер үшін барлық қолайлы жағдай жасау мақсатында көптеген жұмыстар жүр­гізілуде. Өткен жылы Қазақ ханды­ғының 550 жылдығы тойында қайта жаңғыртылып, тіпті жаңадан бой көтерген тарихи кешендерде туристер үшін сервистік қызмет түрін арттыру жолдары бүгінде күн тәртібінен түспей отыр.
– Нұржан Сәбитұлы, өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында жаңаша түрленген көне шаһардағы көп­шілік тамашалайтын нысандардың қата­рына тағы бір нысан қосылды. Ол Төле би даңғылы бойындағы «Гүлденген Қазақстан» монументі. Расында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тараздықтар үшін бұл үлкен сый болып тұр.
– Иә, соңғы жылдары облыс орта­лығында бой көтерген әлеуметтік нысан­дардың барлығы – тәуелсіздіктің жемісі. Алдағы желтоқсан айында бүкіл ел болып Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы республика аумағында кең көлемде аталып өтпек. «Гүлденген Қазақстан» архитектуралық монументін көне шаһар тұрғындарының сыйы деп түсінген жөн шығар. Оның үстіне, соңғы жылдары қала аумағы кеңейіп, бой кө­терген заманауи архи­тектуралық нысан­дармен бұрында да атақ-даңқы талай жерге жеткен Тараз тотыдай таранып келеді. Енді «Гүл­денген Қазақстан» монументалды-архитек­туралық кешенін қаламыздағы ең бір сәулетті орындарға қосуға да толық негіз бар. Айта кетерлігі, құрылыс жұмыстарын «Визарт НТ» ЖШС-ы бас мердігері жүргізді. Архи­тектуралық монументтің жарқын келбеті – бұл композицияның басты символы. Қазақ халқының ежелгі тарихы түрік сақтарынан бастау алған. Шығыста арка мәңгілік махаббат пен бақыттың символы, шаңырақ – мемлекеттің түп негізі отбасының бей­несі, сегіз бұ­рышты жұл­дыз Қазақстан­ның бола­шаққа бастар жолы іспетті жобаның мағынасын аша түседі. Оның биіктігі – 15,8 метр, көлемі – 3,5 метр. Сондай-ақ осы монументтің жобасын жасап, сәулетін келістірген азаматтардың да есімдерін атап кеткен жөн болар. Яғни, суретші-монументші Аманат Назар­құлов және сәулетшілер: Асқар Рыспаев, Ильяс Бекежанов, Жүсіп Суанбектердің шығармашылық ком­позициясы бойынша Тәуелсіз Қа­зақстанның бүгінгі жеткен жетіс­тіктері суреттермен айшықталған, ешқандай артық атрибуттар қарас­тырылмаған.
– Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін Қала күні қарсаңында да игі істер бастау алған сыңайлы. Талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан Құм­шағал аумағындағы аспалы көпірдің құрылысына жан біткендей...
– Рас айтасыз. Құмшағал аума­ғындағы көпір мәселесі талай жыл бойы халық алдындағы есепті кездесу­лерде де айты­лып жүрді. Міне, бүгінгі күні реті келіп, жұмыстар қолға алынды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарла­масының аясында Айша бибі көше­сіндегі жол өткелі қайта жаңғыртылуда. Жұмысты жүргізуші мердігер компания – «Арай­строймаркет – 2003» ЖШС-ы. Биылғы жылы облыс­тық бюджеттен 16,958 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстары бастал­ды. Айша бибі көше­сінің бойымен «Құмшағал» елді мекенін «Шалғай Қарасу», Қырғызстан Республикасын жалғастыратын көпір құрылысына 30 адам тартылып отыр. Амандық болса, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ тағы бір мәселе, ол қаланың қақ орта­сын­дағы көлік көп қатынайтын аумақ­тардағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті көпірі. №12 Керімбай атындағы орта мектеп жанындағы жерүсті жүргіншілер өткелінің құрылысы да басталды. Құрылысты жүргі­зуші мердігер компания – «Строители века» ЖШС-ы. Бұл да – жа­ғымды жаңалық. Өйткені тұр­ғындар­дың талап-тілегін орындауда жергілікті би­лік хал-қарекетінше жұмыс­тар жүргізіп отыр. Осылайша, көп түйінді мәселелер рет ретімен шешіле­тіндігіне сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ
Тараз қаласы