Негізгі бет  /  мақалалар  /  Полиция парызын қалай өтеп жүр?

Полиция парызын қалай өтеп жүр?

Айқын-ақпарат
764
Полиция парызын қалай өтеп жүр? Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында қылмыс өршіп тұр. Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 3 миллионға жуық халық тұрады. Соның 1 миллионға жуығы Шымкент қаласын мекендейді деген дерек бар.

Яғни, облыс халқының үштен бірін шымкенттіктер құрайды деген сөз. Өңірде тіркелген қылмыстың 65 пайызы облыс орталығына тиесілі екен. Алысқа бармай-ақ, соңғы 5 жылды алатын болсақ, 2010 жылы Шымкентте жалпы 5498 қылмыс тіркелсе, 2011 жылы оның көлемі екі есеге артып, 11426-ға бірден секірген. Бұл дерек 2014 жылы тіпті 19457-ге жетті. Ал былтыр Шымкент қаласында тіркелген жалпы қылмыс саны 23332 болып тіркелген. Шаһарда жаңа Қаратау ауданы құрылғанымен тіркелген қылмыс саны өзін-өзі айғақтап тұр десек, қатты қателеспейтін шығармыз. 

Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстікте тіркелген алаяқтықтың 75 пайызын, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың – 72, бұзақылықтың 55 және пәтер ұрлығының – 63, жалпы ұрлықтың 65 пайызы Шымкент деп айдар таққан шаһарымызда орын алуын­да не гәп бар? Бұл дәйектерді көріп отырып Шымкент қаласы аты атал­ған қылмыс түрлерінің орда­сына айналғаны ма, дерсіз?! 
Облыс прокурорының аға көмекшісі Ж. Әділбайұлы жоға­рыдағы жаға ұстатар деректерден бөлек қала полицейлерінің орташа дәрежедегі қылмыстарға мән бер­мей, күштің бәрін аса ауыр қылмыс жасағандармен күрес жүргізуге жұмсап жатқанын атап өтті. Бұған дәлел, облыс орталығында тіркел­ген ауыр және аса ауыр қылмыс­тардың 70 пайызы ашылыпты. Керісінше, қоғамның тынышты­ғын қамтамасыз ететін сақшы­ла­рымыз орта дәрежедегі қылмыс­тардың 23 пайызын ғана ашқан. Демек, онша ауыр емес қылмыс­тардың 77 пайызына көңіл бөлін­беді деген сөз. 
Мұнымен олар қоғамның өздеріне деген сенімсіздігін кү­шейтті. Екіншіден, Елбасы тап­сыр­масына жүрдім-бардым қарады демеске лажымыз жоқ. Өйткені Президент Н.Назарбаев «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы» Жол­дауында мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік қағидасын ұстануға тиіс деген-ді. Сонымен қатар «Біз ең ұсақ құқық­бұзу­шылықпен, бұзақылықпен, мәде­ниетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіп­сіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады» деп атап өтті. 
Міне, біздің шымкенттік көк­жағалылар менсінбей жүрген майда қылмыстардың соңы неге апаратынын Елбасы өз сөзінде осылайша, нықтап берген-ді. Ендеше, тәртіп сақшылары аса ауыр қылмыс жасағандармен ғана біржақты жұмыс істеп жүргенде бергі жақта қаншама ұсақ құқық­бұзушылық әрекеттерге бой ал­дырып жүргендер елеулі қыл­мыстарға ентелеп барады. 
Сондай-ақ айта кететін тағы бір жайт облыстық прокуратураның мамандары қаланың қылмыстылық деңгейіне, әлеуметтік ахуалына сараптама-талдау жүргізген. Талдау қорытындысында қылмыстың ба­сым бөлігін жұмыссыздар мен қаңғыбастар жасағаны белгілі болыпты. Яғни, жыл басынан бері орын алған заңбұзушылықтың 6269-ын осы санаттағы адамдар істеген. Қылмыскерлердің 90 пайызы жұмыссыздар мен қаңғы­бастар екен. Маскүнемдік пен нашақорлық та заңбұзушылардың қатарын көбейтіп отыр. Аймақта орын алған 222 қылмыс осы алко­гольдік ішімдік және есірткі пай­даланған адамдардың қолымен жасалынған. Сонда дейміз-ау, бұл санаттағы адамдар, негізінен, полицейлердің есебінде тұрып, үнемі бақылауда болуы тиіс емес пе? Учаскелік полицейлер өздері­нің халықтың әлеуметтік төмен тобымен жұмыс жүргізу, қылмыс­тың алдын алу сияқты міндеттерін білмейді дей алмаймыз. Алайда мына деректерді көргенде басқаша ойлау мүмкін емес. 
Ерекше тоқталатын мәселе, тіркелген қылмыстың 40 пайызы түнгі уақытта және қоғамдық орын­дарда орын алыпты. Мұны про­куратура органдарының қыз­мет­керлері облыс орталығы Шым­кент қаласындағы бейберекет­сіздіктің, яғни, арнайы емес жерде және белгіленген уақыттан тыс спирттік ішімдіктердің сатылуы, ойын-сауық орындар мен түнгі клубтар­дың бақылаусыз жұмыс жасауы салдарынан болған деп есептейді. 
Талдау нәтижесі кәмелетке тол­маған жасөспірімдердің құқықтық мәдениетінің төмендігін көрсет­кен. Себебі, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу шаралары жер-жерде ұдайы жүр­гізілетініне қарамастан, Шым­ша­һарда жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 154 заң­бұзу­шылық орын алып, был­тырғыдан 13 пайызға көбейіпті.
Ұлт жоспарындағы – «100 нақ­ты қадам» бойынша жыл басында барлық өңірде халыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Алайда шыны керек бүгінде сол әмбебап сақ­шымыз басқа міндеттерінен гөрі жол торуылдауға көбірек жұмыс істейді. Ал тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасайтын учас­келік полицейлердің бүгінгі бей­несі азаматтармен сауал жүргізу барысында белгілі болды.

 

Сонымен, сіз учаскелік полицейіңізді білесіз бе? 

 

Иманәлі БАЙДӘУЛЕТОВ, 
профессор, медицина ғылымының докторы, еңбек ардагері: 

– Бұрынғының адамымыз ғой. Бұрынырақтағы учаскелік полицей мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазір бұл санаттағы тәртіп сақшысын танымаймын, көрген де емеспін. Өзім бүгінгі таңда Шымкент қа­ласындағы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ клиникасында менеджер болып жұмыс істеймін. Өзім тұратын аумақ тұрмақ осы клиника территориясына қарайтын учаскелік полицияны көрмегенмін. Мәселен, бізде түрлі науқастар емделеді, полиция деген келіп жағдайды біліп, хабар алып тұрмаушы ма еді?! Жуырда клиника территориясында бір адам кетіп бара жатып өліп қалыпты. Өзімізге қарасты полицияны танымағандықтан хабарласа алмай, оны ауруханаға жөнелттік. Негізінен, Елбасының идеясы дұрыс. Жергілікті полицияны құрды, халыққа есеп берсін деді. Ендеше, полицейлер халықпен қарым-қатынасты күшейтуі керек қой. 

Қалима ИЖАНОВА, Шымкент қаласы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің директоры: 
– Учаскелік полициядан гөрі мектеп инспекторы туралы айтқым келіп тұр. Өзім басшылық жасайтын мектеп күре жолдың үстінде Шымкент – Ленгір тас жолының бойында орналасқан. Біз мектепке балалардың аман келіп, үйлеріне аман кетуін тілеп отырамыз. Өйткені жолдан автокөліктер зырғып өтіп жатады. Сол үшін бұрынғының тәсілі­мен күн сайын бір мұғалімді кезекшілікке қойып, қызыл жалау ұстатып жол бойынан оқушыларды өткізіп алуын міндеттегенмін. Ал форма киіп көліктерге сес көрсетіп тұратын мектеп инспекторы дегеннің аты бар да заты жоқ. Мектепте 11 ұлттың өкілі, жалпы 1500 бала білім алады. Ұлттық құрамы әртүрлі оқушылардан құралған мектеп болғандықтан бізге полиция тарапынан бақылау күштірек болуы тиіс деп ойлаймын. Мектеп инспекторын ауыстырып беруін сұрап, талай мәрте аудандық полиция бөліміне, прокуратураға да бардым. Алайда әлі нәтиже жоқ. Бір жағдай болса инспекторымызды таппаймыз. Телефоны үнемі жабық немесе облыста жиналыста жүреді. Біздің мектепке бекітілген мектеп инспек­торына үш білім ордасы қарайды екен. Кейде сонда жүрмін дейді. Ал онда хабарлассақ жоқ болып шығады. Мәселен, оқу жылының соңында бір оқушым емтиханға келмей қалды. Өзіне хабарлассам «үйдемін, бармаймын» дейді. Енді не істеймін? Полицияны алып баруым керек емес пе? Осындай қиын сәтте таба алмадық. Соңында өзім жүгіріп жүріп алып келдім. Міне, біздің мектеп инспекторының халі осы. Балалармен де бізбен де байланыс жоқ. Қауқиып аптасына екі рет болса да форма­сымен төбе көрсетіп қойса, оқушылар да аяғын тартып жүрер еді... 
Айназат ҚҰРБАН, 
Оңтүстік Қазақстан облысы