Басты  /  мақалалар  /  Ленинград блокадасының жұмбақтары

Ленинград блокадасының жұмбақтары

Төреғали ТӘШЕНОВ
3349
Ленинград блокадасының жұмбақтары Жыр алыбы Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» толғауы бұрынғы Кеңес Одағына түгел мәшһүр болғаны белгілі.

900 күнге созылған  блокада кезінде арып-ашыққан ленинградтықтарға күш-қайрат берген көшеге ілінген плакаттағы қазақ ақсақалының жігерлі жыр жолдары еді. Оны тарихтан жақсы білеміз.  Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болу керек,   орыстың бард әншісі Розенбаум «Ленинградтықтар сенің балаларың емес» деп Жамбыл жәкемізге тиісіп ән шырқаған.  Айтпағымыз сол сұмдық соғыстың әлі күнге біз білмейтін құпияларының бірі тап сол Ленинград блокадасына  байланысты екендігі.

Ұлы Отан соғысы жайында бәрін білетін секілдіміз. Енді ше, мыңдаған кітап жазылған, жүздеген деректі және көркем фильмдер түсірілген. Бірақ та біздің білетініміз айсбергтің көзге көрініп тұрған беті ғана секілді. Тарихи нағыз шындық жалғанның жүзіне толық шыға қоймағандай. Ол үшін Алексей Кунгуровтың «Математика туралы және тарихи шындық» атты мақаласына назар аудартқым келіп отыр.

Автор өзінің шағындау мақаласында  тарихтағы біз білетін Ленинград блокадасының жай ғана  аңыз екеніне бірнеще деректер келтіреді. Әрине, ол қалада ұзаққа созылған ауыр ұрыстар болғанына және бейбіт тұрғындардың молынан қырылғанына шәк келтірмейді.

Бірақ ол Ленинградтың толық қоршауда қалғанын жоққа шығарады және оған көңілге қонатындай пікірлер келтіреді. Автор көпшілікке кеңінен белгілі ақпаратты логика мен арифметиканың көмегіне жүгіне отырып талдайды, оған өзінше қорытынды жасайды.

Кунгуровқа сенсек, Ленинградта тап сол жылдары болған алапаттың анық-қанығының әлі анықталмаған  тұстары көп секілді. Ақи-тақиын айғақтар мұрағат құжаттары да табылмаған.

Автордың оқиғаның беймәлім тұстарына қатысты айғақтарының бірін келтіре кетейік. Бірінші жұмбақ – Блокада термині қайдай пайда болды дегенге саяды. Себебі, Ленинград толық қоршауда қалатындай блокада болмаған. Сондықтан бұл термин қала тұрғындарының жаппай қырылуына байланысты неміс-фашистерінің күнәсін арттыру үшін ойлап табылған дейді автор.

Тарихтан белгілі ақпарат бойынша, 1941 жылы жаз айында ішінде Ленинград қаласы орналасқан  бірнеше мыңдаған шаршы шақырым елдің басқа аумағынан бөлініп қалынған. Сондай-ақ, тарихшылардың  жазуынша, Ленинград блокадасы кезінде қалаға 150 снаряд тасталыныпты. Кунгуровтың жазуынша, бұл сандардың бәрі ойдан алына салынған. Үлкен калибрлі 18 зеңбіректен  тұратын бір артеллериялық дивизион 430 сағатта 232 мың оқ шығара алады екен. Ендеше, қалаға тасталынған снаряд тарихшылар жазғандағыдан әлдеқайда көп болуы керек екен. Математикалық дәлдікпен тарихи шындықты есептеп шығарған Кунгуровтың кейбір қорытындылары даулы болғанмен, көңілге қонатын тұстары мол екенін мойындауға тура келеді. Ленинград блокадасының біз білмейтін жұмбақтары көп секілді...

Төреғали ТӘШЕНОВ