Басты  /  мақалалар  /  Мен көрген Шәмші

Мен көрген Шәмші

Төреғали ТӘШЕНОВ
1534
Мен көрген Шәмші 1988 жылдың күз айы. Ол кезде Шымкент облысы, Созақ ауданының Жартытөбе совхозындағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы (қазір Құлыншақ Кемелұлы атында) орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін.

«Шәмші Қалдаяқов келе жатыр, клубқа мұғалімдер тез жиналсын» деген хабар келді. Сол сәтте алғаш санамда жарқ ете қалғаны «Апыр-ай, Шәмші тірі ме еді» деген ой еді. Атақ-даңқы ел аузында аңыз боп айтылғанмен, ол кезде Шәмшінің ешқандай ресми насихаты жоқ. Теледидардан көрінбейтін, газет-жорналға шықпайтын. Қысқасы, білмейтін адамдардың оны Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев сынды баяғыда дүниеден өтіп кеткен деп ойлауына әбден негіз бар-ды. Ондай қара жаяу болмасақ та, жұрт жадынан ұмытыла бастаған Шәмші есімі біздің де зердемізде әбден көмескіленген екен. Енді, міне, тірі Шәмшіні көру бақытына ие болғаныма сенер-сенбесімді білмеймін. Сонымен, сабағы жоқ бір топ мұғалім тез жиналып, совхоз кеңсесіне қарай аяңдадық.

Көп ұзамай Шәмші ағамыз ескі ақ жигулиден түсіп жатты. Жалғыз. Шағын денелі, аздап қозы қарны шыққан, жылы шырайлы, ақ сары кісі екен. Жапа-тармағай қол беріп амандасып жатырмыз. Қарапайым қалпы арамызда тұрып, азды-кем әңгімелесті. Жұрттың назары жайлап «Жигулиге» ауа бастады. Ескі көліктің терезелері қырық жамау екен. Тап бір тозған құрақ көрпедей көзге бадырайып шалынады. Зейнет жасына жақындап қалған Кәрібаев Азат деген мұғалім: «Шәке, мына көлігіңіз әбден ескірген екен, жаңаламайсыз ба?» деп еді, «Бұл менің әбден үйреніскен сыралғы атым, өзіме ыстық көрінеді» деп жылы жымиды. Сол арада атқамінерлер де жетіп, Шәмшіні совхоз директорының кеңсесіне бастап алып кетті.

Оңаша қалғандар еркінсіп ақ «Жигулиді» айналдыра бастады. Ішіне үңіліп қарап едім, көліктің артқы орындығында саңлақ спорт журналисі, жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың «Арбаған мені бір сиқыр» деген кітабы жатыр екен.

Шәмшімен кездесу болатынынан құлақтанған совхоз тұрғындары кәрі-жасы аралас клубқа жиналып қапты. Аудан орталығы Шолаққорғаннан аудандық оқу бөлімінің, аудандық мәдениет үйінің бастығы дегендей, арасында екі-үш өнерпазы бар топ та келіп жетті.

Клуб үйінің төріндегі кең үстелге жайғасқан  сорпа бетке шығарлардың қақ ортасында Шәмші ағамыз отыр. Қаптаған  жұрттың алдында емін-еркін будақтатып шылым шеге бастады. Басқа біреу болса, ерсі көрінер еді, ал Шәмшіге шынымен де жарасады.

Басқосуда сөйлегендер Шәмші туралы білгендерін ортаға сап, арасында аудан өнерпаздары әндерін шырқады. Шәмші ағамыздың өзіне де сөз берілді. Шәкең мүдірмей сөйлейтін шешен екен. Өз өмір жолдарына шолу жасап, әскер өмірін көргенін айтып, жолын қуған балаларына дейін тоқталды. Қарапайым ауыл тұрғындарының алдында музыкаға тән күрделі ұғымдарды талдай жөнеліп, ара-тұра орысшалап та кетеді. Мұнысы сәл-пәл ерсілеу көрінді. Кейін байқасам, бұл да сазгердің теориялық білімінің ағыл-тегіл молдығымен қатар қарапайым ауыл жұртын өзімен тең санау, биікке қарай ұмтылдыру екен-ау.   

Жұрт әр түрлі сауал жаудырды. Бір қария «Созақтың гимніне айналған атақты «Теріскей» әнін тудырдыңыз. Қайбір жылы келгеніңізде Жартытөбеге де арнап ән шығарамын деп уәде еткенсіз, соны күтіп жүрміз» деп сұрақ қойды. Шәкең жымиып: «Ақырғы рет уәде берем, келесі келгенімше міндетті түрде шығарам» деп жауап қайтарды.

«Төлеген Айбергеновтің дәл  неден қайтыс болғанын жұрт білмейді, осыған жауап берсеңіз?» деп мен де өзімше құйтырқылау  санаған сұрағымды қойдым. «Төлегенді мен өлтіргенім жоқ» деген Шәмші ағамыз, екеуінің ақ-адал достығын, Маңғыстауға бірге барып, «Ақ ерке Ақ Жайық» әнін жазғандарын, бүгінде аты сирек естілетін Төлегеннің алапат ақын болғанын айтып өтті.

Жұрт «бір әніңізді өз аузыңыздан естиік» деп қолқалап қоймады. «Мен әнші емеспін, сахнада ән салып көрмеппін» деп басында тартыншақтаған композитор, артынан гармонмен сүйемелдеуде жергілікті әншімен қосылып Естайдың «Қорлан» әнін  шырқады. Анау айтқандай болмаса да, өзіне тән әжептәуір даусы бар екен. Кеш өте әсерлі аяқталды.

Бұл менің Шәмшіні тұңғыш әрі соңғы көруім екен.

                                

                                                     Төреғали ТӘШЕНОВ