Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қай қала кітапқа құмар?

Қай қала кітапқа құмар?

Айқын-ақпарат
778
Қай қала кітапқа құмар? Деректерге жүгінсек, әлемде кітап оқу жөнінен бірінші орында – ағылшындар, екінші орында – немістер, үшінші орында – америкалықтар, төртінші орында жапондар тұр екен.

Өкініштісі, біз, қазақтар кітапты ең аз оқитын халықтар санатында екенбіз. Аз уақыт бұрынғы есеп бойынша әдеби кітаптың өзін қолына алмайтын адамдардың үлесі 43 пайызға жеткен…

 

Және «Әлемнің қай құрлығын­да кітап көп оқылады?» деген сұ­рақ­қа жауап бере кетелік. Халық­аралық кітапханалар ассо­циа­циясының мәліметінше, дүниежүзі бойынша 569 600 кітапхана бар екен. Бүгінгі таңда «кітапхана континенттерінің» тізімін Еуропа бастап тұр. Бұл құрлықта әр күн сайын 440 мыңнан астам кітап­хана оқырманға есік ашуда. Ал Солтүстік Америкада бұл көр­сеткіш 125 мыңның маңайында. Кітапхананың аздығы жағынан артта қалған ел – Африка. Қара құрлықта небәрі 1200 кітапхана­лық бөлімшелер қызмет көрсете­ді екен. Ал әлем бойынша кітап­ханалардағы абонементтер 2,5 миллиард адамнан асады. Бұл орта есеппен алғандағы жұмыр жер тұрғындарының үштен бір бөлігі.

Өркениеттің дамуы кітап өнді­рісіне айтарлықтай зиян шек­тір­месе де, баспа өнімдеріне деген сұранысты азайтқаны рас. Өмірі­мізге кибертехнологиялық жетіс­тіктердің дендеп еніп, түбегейлі орнығуы оқырман үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қа­тпар­лы, қалың кітаптардың ор­нын пышақтың қырындай ғана электронды қондырғыларға енген шығармалар басты. Жалғыз бізде ғана емес, жалпы әлем елдерінде қалыптасқан жағдай осын­дай. Бұл ахуалдың дүниежүзі кітап­хана­шы­ларын алаңдатып отырған жайы бар. Бірақ, қағаз өнімдерінің өмір сүру дәуірі аяқталды деуге де әлі ерте…

– Кітапхана – білім мен мәде­ниеттің шоғырланған жері, рухани мекен. Білгір ұрпақ тәрбиелеуде кітапханалардың алатын орны ерекше. «Адам өзін кітаппен дос бола бастаған шақтан бастап қана интеллигентпін деп санауына бола­ды» деген екен қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Яғни, кітап – теңдесі жоқ асыл қазына. Ал оның мекені – кітапхана, – дей­ді Алматы қаласындағы орта­лық­тандырылған кітапхана жүйе­сі­не қарасты Жамбыл атын­дағы жа­с­өспірімдер кітапха­насы­ның меңгерушісі Ғазиза Құдайберген. Кітап­ханашы қазіргі уақытта «Кітап оқылмайды. Кітап­ханаға адам келмейді…» деген пікірге үзілді-кесілді қарсы. Оның мысалы ретінде Жам­был атындағы жасөспірім­дер кітап­ханасының өзінде ғана 160 000 оқырман тұрақты тіркеуде тұра­тындығын айтады. Тіпті, осы кі­тап­ханадағы қызмет көрсетудің есебі бойынша, жыл басынан бері із­дену­ге, оқуға келгендердің ұзын саны 584 000 адамнан асып отыр екен.

Бұл қаладағы бір ғана кітап­ханаға қатысты жағдай. Еліміздің мәдени астанасы саналатын мега­полисте жалпы қазақстандық оқыр­мандардың жартысына жуығы тұратындығын ескерсек, «Алматы – оқырман қала» деуге толық негіз бар. Арғы жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхана оқырмандары арасына сауалнама жүргізілгенде жалпы кітап оқушылардың үлесі былайша жіктеліп еді: ғалымдар – 9,5 пайыз, қызметкерлер – 5,5 пайыз, студенттер – 73 пайыз және басқа да топтар 5 пайыз шама­сында. Ал кітапханаға келу жиі­лігі тұрғысынан алғандағы көр­сеткіш: күн сайын келетіндер – 10 пайыз, аптасына келушілер – 54 пайыз, айына бас сұғатындар –29,5 пайыз және жылына бір-екі рет келетіндер 6,5 пайыз болып анықталған болатын.

Және кітапхана­шы­­­ларға деген ерекше құрмет көр­­сету үрдісі де бұл қалада дәс­түрге ай­налған. Мәселен, елі­міздегі «Кітап­ханашылар күні» ат­ты атау­лы ме­рекені тек алматы­лық­­тар ғана атап өтеді. 15 қазан Алма­ты қала­сы кі­тап­­ханашы­лары­­ның кә­сі­би мей­рамы болып саналады.

Өкініштісі, республика кітапха­на­шы­ларына бұл қуанышты сәт бұ­йыр­­май келеді. Тіпті, елі­мізде кітап­­хана ісінің қызметін толық ай­­­қын­­­дайтын арнайы заң жоқ. Қа­зір­­­гі кітапхана жүйесі «Мәде­ниет ту­ралы» Заңның шең­берінде қыз­­мет көрсетеді. Сондай-ақ, бай­тақ елі­­­­­міз­дегі 7190 ауылдың қақ жа­ры­­­­мын­­да, дәлірегінде 3106 елді ме­кен­­де кі­тап­хана тапшылығы тағы сезіледі…

Егемен Қазақстан