Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жарқын жүздесу

Жарқын жүздесу

Айқын-ақпарат
753
Жарқын жүздесу «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында Мүгедектер күніне орай қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесу өтті.

Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткізілген отырысқа мүмкіндіктері шектеулі азаматтар, қоғамның әлжуаз топтарына әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдар өкілдері, түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттары қатысты.

 

Меймандар үшін партия филиалының кіші залында дастархан жайылып, кездесу еркін сұхбат форматында өткізілді. Қонақтар өздерін қызықтырған мәселелер жөнінде сауалдарын қойып, мұң-мұқтаждарымен бөлісті. Қоғамдық көліктің уақтылы қатынауы, кейбір қоғамдық орындарда мәдениеттіліктің сақталмауы мәселелері сөз болды. Қоғамдық қабылдау бөлімінің мамандары барлық сауалды бақылауға алуға уәде етті.

– Осындай игі шараға қатысқаныма қуаныштымын. Партия өкілдерінің көмегі нәтижесінде жұмысқа орналасып, табысты еңбек етіп жүрмін. Сонымен қатар, қоғамдық шараларға қатысудан бас тартпаймын. «Нұротандықтармен» бірге түрлі рейдтерге шығып, облыстың тыныс-тіршілігінен хабардар боламын.  Мүмкіндігі шектеулі өзге де жандарды белсенділік танытуға шақырамын, – децді І топ мүгедегі Ерлан Құрманғазин.

Кездесу соңында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы жұмысқа белсенді түрде қатысқан қоғамдық ұйымдар өкілдеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды табыс етті. Басқосу жас әнші Алексей Лодочников бастаған «Жас Отан» жастар қанаты белсенділері ұйымдастырған концертке ұласты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА