Басты  /  мақалалар  /  Қазіргі заманның қарақшылары

Қазіргі заманның қарақшылары

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1237
Қазіргі заманның қарақшылары Расында да қазіргі таңда компъютер қарақшылары жасарып келеді.

Хакерлер бүгінде ақыл-ойы пісіп жетілген 30-50 жас аралығындағылардан емес, жасөспірімдерден шығып отыр. Мұның себебі неде? Ал шын мәнінде хакерлік қылмыс па, жоқ әлде олардың қарақшылықпен  астасқан әрекеттері шын мәнінде бағалауға тұрарлық па? Ойланарлық іс десек те, бір мүшелге толған жасында –ақ қауіпсіздігі мықтап қорғалған әлемнің алпауыт компанияларынның компъютерлік желісін бұзып кіретін «тентектердің» ақылдылығы мойындауға тұрарлық. Алайда хакерлік тарихқа көз жіберсек, ірі банктер мен корпорацияларға орасан зор залал келтірген компъютер қарақшыларының ұзақ мерзімге сотталған бірі жоқ. Соған қарағанда, хакерлердің түрмеде күнін босқа өткізгенін мемлекеттің тиісті органдары да қаламайтын сияқты. Әлемдегі ең атақты хакердің жазасын өтеген ең ұзақ мерзімінің өзі 4-5 жылдан әрі аспайды.

15 жасар жігіт Том Вуд Австралия  үкіметі 70 миллион доллар жұмсап жасаған мемлекеттің порнофильтр қорғанысы бар интернетін 30 минутта-ақ бұзып-жарып кірген. «Қайдағы бір шетелдік программистерге 70 миллион доллар беріп жасатқан мемлекеттік қорғаныс бағдарламасы түкке тұрғысыз екен».  Өзінің жасаған әрекетіне масаттанған Том бала Австралия үкіметінің әрекетін сынға алып, БАҚ-қа осылай пікірін білдіріп жіберген. Шындығында қазіргі таңда қандай да бір сайт та, мекеме мен компаниялардың комъютерлік желісі мен банктердің есепшоттары  аса құпиялы, оған көк қобдиша арқылы ешкім ене алмайды деу қисынсыз пікір болып қалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын  хакерлер АҚШ-тың коммерциялық банкінен 20 клиенттің ақпараттық мәліметтерін ұрлаған. Аталған банк АҚШ-тың төрт штатының азаматтарына қызмет көрсетеді. Жалпы алғанда, 20 клиенттің құпия мәліметтерімен қоса, тағы банктің 3 мыңға жазбалары да қолды болған. Хакерлер ұсталған жоқ, бірақ амалдың жоғынан банк қолды болған клиенттердің  есепшоттарын, кредиттік карточка мен басқа да  ақпараттарын дереу қайта өзгертуге мәжбүр болған.

Бір байқалғаны, компъютер қарақшыларынның әрекеттері компания мен банк қызметтерінің есепшоттарын ұрлау ғана емес,  кейінгі кезде басқа реңк бере бастағандай. Атап айтқанда, хакерлердің  жұмысы соңғы уақытта саяси сипат ала бастады. Мысалы, Ливан-Израиль соғысы кезінде Ресейдегі немістің BMW автоконцерні сайтына «басып кірген» хакерлер мынадай сипатта өз пікірлерін жіберген: «АҚШ-Израйль! Балаларды өлтірмеңдер, жауыздық әрекеттеріңді тоқтатыңдар! Бейбітшілік–мәңгілік, ал соғысқа жол жоқ!».   Бұл әрекетті түрік хакерлері өз мойнына алған, жалпы әлемде түрік «тентектері» белсенділердің бірінен саналады. Тіпті олар 2007 жылдың 3 мамырында премьер-министр Реджеп Ердоғанның жеке сайтына шабуыл жасап,   елде жастар арасында жұмыссыздық өрістеп бара жатқанына налып, үкімет басшысына наразылықтарын білдірген. «Ел басшылығының исламдық бағыт ұстануы, мемлекеттің дамуын тежеп отыр» деген сипатта пікірлерін білдірген. «Қымбатты премьер-министр! Сіз біздің мұңымызды тыңдағыңыз келмейді, сондықтан осындай жолмен үнімізді білдіруге тура келіп отыр. Сіздің құрған мемлекеттік жүйеңіз халыққа қызмет етіп отырған жоқ. Жастар арасында жұмыссыздық пен бұзақылық өрістеп барады. Елді осындай жолмен тығырықтан шығару жақсылыққа апармайды».

Негізі мұсылмандық пен еуропашыл  сипатты қатар ұстанғандықтан болса керек, түрік хакерлерінің саяси белсенділігі жоғарырақ дейді сарапшылар. Израйль-Ливан соғысы кезінде БҰҰ-ның сайтына  да шабуыл жасаған «түрік тентектері» Таяу Шығыстағы соғысты дерек тоқтатуға шақырған.  Ал ТМД көлемінде хакерлік әрекеттер дәл шетелдегідей белсенді емес. Мұны компъютердің өмірімізге дендеп енгеніне 15-20 жылдың көлемі ғана болғанымен өлшеу дұрыс сияқты.

Десек те,  мамандардың бағалауынша, әлемде шабуылға ең көп ұшырайтын Microsoft.com  сайты. Жыл сайын хакерлер сайтқа 100 мыңға жуық шабуыл жасап отырады екен.

Ағылшын полицейлерінің есептеуінше, хакерлердің қарақшылық әрекетінен Ұлыбритания экономикасы 3 миллиард доллар зиян шеккен.

Әлемде интернеттегі қарақшылық жөнінен АҚШ бірінші орында, Екінші –Қытай, ал  үшінші орында интернет арқылы қаржылық айла-шарғы жасау жөнінен неміс хакерлері тұр.

  1. Кевин Метник. Ол –нағыз хакер. Ең алғашқы жұмысын қоғамдық көліктердегі аппараттарға сым қыстыру арқылы тегін билет алудан бастаған. Кейін телефон жүйесін терең зерттеп, халықаралық байланыста тегін сөйлесу процесін жүзеге асырған. Артынан оны місе тұтпай, елдің корпоративтік құпияларына еркін кіріп, АҚШ-тың қорғаныс жүйесіне шабуыл жасаған. Атақты операцияларынан кейін 5 жыл түрмеде отырып, қазір компъютерлік қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметінде.
  2. Адриан Ламо. Ламо  «Microsoft» компаниясы мен және «Нью-Иорк таймс» газетіне зор шығын келтірген адам. Бір қызығы, ол қандай да бір компанияның сайтына бұзып кірсе де, «хакерліктен қалай қорғануға болады?» деген сауалдың жауабын сол залал шеккен сайтқа қалдырып, қателерін көрсетіп  отырған.
  3. Джонатан Джеймс. 16 жасында хакерлік операциясы үшін аз уақыт түрмеде отырып шыққан. Джеймстің ең үлкен табысы, АҚШ Ұлттық ғарыш агенттігінің сайтына шабуыл жасап, 1,5 миллион долларға татитын  құпия мәліметтерді алған. 
  4. Роберт Таппан Моррис. Ол университетте оқып жүргенде, компъютер вирусын ойлап тауып, үлкен жылдамдықпен оны әлемнің бірқатар компъютерлік желілеріне жіберген. Соның салдарына 6000 компъютер істен шыққан. Роберт одан кейін 6 жылға сотталып, 10 мың АҚШ долларын айып ретінде төледі. Қазір бір университетте – профессор. 
  5. Кевин Полсен. Ол телефон стансаларын істен шығарумен аты шыққан. Полсен телефон әңгімелерін тыңдаумен айналысқан. АҚШ-тағы Лос-Анжелес радиостансаның жиілігін бұзғаннан кейін, 5 жыл түрмеге қамалды.  Қазір журналист.
  6. Ричард Столмэн. Ол хакерлерге тегін бағдарлама жасап берудің  шебері ретінде тиісті органдардың назарын аударған.
  7. Джон Дрейпер. Ол өзінің ысқырық аспабы арқылы телефон желісін бұзып отырған. Қазір хакерлер шабуылынан қорғанатын бағдарлама жасайтын өз компаниясы бар.
  8. Владимр Левин. Атақты орыс хакері. «Ситибанктің» желісін бұзып, банктен 10 миллион доллар ұрлаған. Ол 1995 жылы Ұлыбританияда қолға түсті. Левин 24 мың АҚШ долларын төлеп, 3 жылға сотталған.
  9. Цутому Симамура. Атақты хакер Кевин Метник Сан-Диогодағы суперкомпъютерлік орталықтың желісін бұзып, құпия құжатттарды ұрлап алғанда, Цутому оның ізіне түсіп, полицияға ұстап берген.
  10. Джастин Питерсен. Ол кредиттік карталарды ұрлаудың шебері. Питерсен де тиісті органдардың тапсырысымен атақты хакер Кевин Метниктің ізіне түскен. Ол телеарналар мен компаниялардың құпия құжаттары тұратын желісіне түсіп, қандай қымбат сыйлықтардың ойналатыны және оның нөмірлері қандай екенін алдын ала біліп, оларды ұтып алып отырған. Ақырында оны ФБР біліп қойып, 3,5 жылға соттаған.