Негізгі бет  /  мақалалар  /  Дизель отыны неге қымбаттады?

Дизель отыны неге қымбаттады?

Жадыра Аққайыр
1455
Дизель отыны неге қымбаттады? Қыркүйекте дизель отыны АИ-92 маркалы бензин бағасымен теңесіп, кей жерлерде тіпті одан да қымбатқа сатылды.

 Жанар-жағармай бағасының аяқасты шарықтап кетуін көпшілік күтпеген еді. «Қалтаны қатты соқпайды» деп дизель қозғалтқышы бар көлікке көптен бері көшкен жұртқа бұл ауыр тиді. Десе де, Энергетика министрлігі бұл мәселенің қазан айында ретке келетінін айтып отыр. Себебі, астық жиналып біткен соң, сұраныс та азаяды. Сәйкесінше, бағасы да арзандайтын болады.  

Жанармай бағасының көтерілетіндігі алдын ала ескертілген еді. Бұрын бағасын мемлекет реттеп отыратын отын түрі та­мыз­дан бастап еркін  айналымға кетті. Ен­дігі жерде сұранысқа байланысты бағасы да өзгеріп отыратын болады. Министрліктің бұл шешімінен соң дизель отынының бір литрі 99 теңгеден 120 теңгеге бір-ақ секірді. Біздің ел мұндай қадамға амалсыздан бар­ды. Өйткені көршілес Ресей, Қырғыз­стан елдеріне өте көп мөлшерде жанармай экс­портталып кетті. Оның ішінде заңсыз түрде жіберілгені қаншама?! Мәселен, айыр қалпақ ағайындар бір литріне 160 теңге, ресейліктер 180 теңге шығындайды. Пайда көруді көздегендер дизельді бұл елдерге «есепсіз» сатқан. Нәтижесінде, өзі­міз отын­ға тапшы болып отырмыз. Баға өс­кен соң барып, экспорттың да көлемі күрт азай­ды.  
«Дизель отынының маусымдық тапшы­лы­ғы жыл сайын болады. Бізде баға бел­гі­леуде бірізді жүйе әлі ретке келтіріл­ме­ген. Мы­са­лы, бензин бағасы Ресейдегідей ли­трі­не 150-160 теңге болса, ішкі нарықта тапшылық болмас еді. Сондай-ақ жанар-жағармайдың бағасы арзан болса, салықтан түсетін пайда да азаяды. Сол себепті, бұл мә­се­лені шешу үшін бағаларды Ресеймен теңес­тіру керек деп ойлаймын» дейді мұ­най-газ саласының сарапшы-маманы Жас­ұ­лан Көжеков. 
Дизель бағасын мемлекет реттеген кез­де «ең арзан жанармай» деген стереотип қа­лып­тасқан еді. Бірақ Энергетика минис­тр­лі­гінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, мүл­дем олай емес екендігін аңғаруға болады. Яғни, АИ-92 бензиніне кететін шығын мен дизель шығынының көлемі бірдей. Тек бензинге салық жоғары, ал дизельге мұнай көбірек кетеді. Кестеге көз салсақ, ақыр соңында көрсеткіштер теңеседі. 
«Тапшылыққа қатысты мынадай кера­ғар жағдай орын алып тұр. Зауыттар нағыз қажет кезде жанармаймен қамтама­сыз ете алмайды. Айталық, дизель көктем мен күзде керек болса, бензиннің мезгілі – жаз­да. Жыл бойы жанар-жағармай өндірісінің көле­мі бірдей. Бірақ сақтайтын орын жоқ­тың қасы. Сол себепті, маусымдық тапшы­лық болмас үшін солярканы көп мөлшерде артқа ұстай алмайды»  дейді BRB Invest  консалтингтік компаниясының директоры Ғалым Құсайынов. 
Жанармай жетпей қалмас үшін мемле­кет астық жинау жұмыстарына литрін 79 тең­­­геден беріп, 391 600 тонна дизель отыны бө­лінді. 
«Осыдан екі ай бұрын жанар-жағар­май­ға қатысты шешім шығарған едік. Қазір ба­ға­сы нарыққа байланысты реттеледі. Ди­зель бізде де өндіріледі, Ресейден де әке­лі­неді. Биыл егін бітік шыққанын айта кету керек. Түсім жақсы болды деген сөз – сұра­ныстың да артатынын білдіреді. Қазан ай­ын­­да жағдай тұрақталады деп ойлаймын. Се­бебі, астық жинау тоқтап, қажеттілік азаяды» дейді Энергетика министрі Қанат Бо­зымбаев. 
Министрдің орынбасары Мағзұм Мыр­за­­ғалиев болса, Қазақстан өзін мұнай өнім­дерімен қамтамасыз етуге дайын емес дей­ді. «Еліміздегі мұнай өндіретін зауыттардың жаңғырту жұмыстары аяқталмайынша, мұнай өнімдерін шығару туралы айта ал­май­­мыз. Себебі, біз бензинді де, дизель оты­­нын да сырттан әкелуге мәжбүрміз. Өзі­­­міздің шығарғанымыз әзірге жеткіліксіз. Тапшылық еліміздің көптеген аймақ­та­рында сезілгені рас. Бірақ ірі желілерде, яғни, ҚМГ, Гелиос және Sinooil орта­лықтарында мұндай мәселе туындаған жоқ. Олар дизель отынымен қамтамасыз етілген. Біз негізі осы желідегі басшылармен кез­де­сіп, отын жетіспеушілігі орын алуы мүмкін екендігін ескерткен едік. Ресейден сатып алуға кеңес бердік. Бірақ бұл ескертпеге көпшілігі назар аудармады. Нәтижесінде, жанар­май құю стансалары дизельге зәру болды. Барлық қиын-қыстау кезең артта қалған секілді, Қазақстан тығырықтан шығып келеді» дейді вице-министр.