Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сатылым бойынша №1 автокөлік

Сатылым бойынша №1 автокөлік

Гүлнар ТӘЖИЕВА
980
Сатылым бойынша №1 автокөлік Қазіргі таңда елімізде автокөлік шығаратын бес өнеркәсіп орны жемісті жұмыс істеп, 16 әлемдік бренд автокөліктерін шығарады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл салада, әсіресе, ресейлік автоөнеркәсіптің тасы өрге домалап тұр. Елімізде Волжск автозауытының қатысуымен алғашқы автокөлік құрастыру кәсіпорны ашылды. Жергілікті конвейерден ең алғаш рет жол талғамайтын Lada жеңіл көлігі, ал жүк көлігінен «КамАЗ» құрастырылды. 

«ҚазАвтоӨнеркәсібі» Қазақстан авто­кө­лік кәсіпорны индустриясы одағы басқарма тө­рағасы Олег Алферовтің мәліметіне қара­ған­да, Кедендік одақ құрылғалы бері, одан кейін Еуразиялық экономикалық одақ құ­рылған 2011-2016 жылдары еліміздің тұр­ғын­дары ресейлік өндірушілердің 315 мың жеңіл және жеңіл коммерциялық автокөліктері (Lada, «УАЗ», «ГАЗ») мен басқа да шетелдік бренд көліктеріне 11,2 миллиард доллар ақша жұмсапты. 2011-2016 жылдары ресейлік автоөнеркәсібі қазақстандық нарыққа сырт­тан келген жеңіл көліктің 53 пайызына ие болды. 
Сала қауымдастығының есебінше, Қа­зақ­станның болашақ автоөнеркәсібі да­муы­ның неғұрлым ауқымды жобалары Ресей –Қазақстан серіктестігі негізінде жүзеге асады. Өскемендегі «БИПЭК Авто – Азия авто» және «АвтоВАЗ» 120 мың бірлік авто­көлік шығаратын зауыт құрылысын жүргізіп отыр. Сол алаңда компоненттер шығаратын тех­нопарк құрылады. 
Болашақ өнеркәсіп кешеніне Ресей федерациясының Сібір, Орал және Қиыр Шығыс федеральдік округінен өнімдер жеткізілетін болады. Соңғы бір жарым-екі жылда серіктестер Ресейдің 12 қаласындағы 16 автоорталығымен байланыс орнатқан. Кәсіпорын алдағы уақытта Орта Азия (Түр­кіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моң­ғолия) және Кавказ елдерінің де нарығына шығуды жоспарлап отыр. 
Қазақстандық «БИПЭК Авто – Азия авто» холдингі жобасында жоспарлау, өнер­кәсіп құрылысы, логистикалық инфра­құ­рылым тағы басқа да шаруаларға 55 мил­лион доллардан астам қаражат ба­ғытталған. Жобаны жүзеге асыруға қажет жал­пы со­маның мөлшері 380 миллион доллар ша­ма­сында. 
Өскемен қаласында автоөнеркәсіп клас­тері толық іске қосылғанда жыл сайын мем­лекеттік бюджетке 30 миллиард теңге түседі. Автоөнеркәсіп кластері жоба қуатында жұмыс істеген кезде 12 мың жаңа жұмыс ор­ны ашылады. 
Құрылыс алаңына «АвтоВАЗ» президенті Николя Мор келіп, зауыт қуаттылығы қазақ­стандықтарды 12 мың долларлық қолжетімді автокөлікпен толығымен қамтитынын айтты. Қазірдің өзінде жеті ресейлік авто­компонент өндіруші компания Шығыс Қа­зақстан облысында бой көтеріп жатқан кластерлік алаң үшін өнім өндіруге дайын. 
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Ресей ынтымақтастығының аймақ­аралық ХІІІ форумында жобаның ауқымы мен маңыздылығы жайлы атап өтті. «Ре­сейлік көптеген кәсіпкерлер Қазақстанда өз бизнесін жүргізіп келеді және оның мүм­кіндіктері мен ұзақ мерзімді болашағы барын жақсы түсінеді. Қазір бізде Ресей кә­сіп­кер­ле­рімен бірлескен 6 мыңнан астам кә­сіпорын жұмыс істейді. Оған мысалдар келтіруге болады: «АвтоВАЗ», «Азия авто» сияқты жобалардың құны жарты миллиард доллар­дан астам. Өскеменде қуаттылығы 120 мың автокөлік шығаратын өнеркәсіпті іске қосу қарастырылып жатыр. Бұл – біздің еліміздегі осы саладағы алғашқы ауқымды жоба. 
Еліміздің машина құрылысы саласы та­ри­хындағы ірі өнеркәсіптік кешен құры­лысы 523 гектар аумақты алып жатыр. Құ­рылыс шеңбері аясында инвесторлар бірінші ке­зек­те 172 мың шаршы метр өндірістік және қой­ма корпусын пайдалануға беруді жос­пар­лап отыр. 
Болашақ өнеркәсіп кешенінің ин­жи­ни­рингтік жобасын халықаралық Tebo­dіn ком­паниясы жасады. Бұл – Еуропадағы өнер­кәсіптік жобалау саласындағы көш­басшы компанияның бірі. Маркетингтік сараптама жасау бөліміндегі жоба серіктесі Prіce­WaterhouseCoopers компаниясы. 
Өндіріс 60 мың бірлік қуаттылықпен 2018­ жылы көлік шығара бастайды. Өнімді өткізу нарығы – Қазақстан, Еуразиялық экономикалық одақ елдері, сондай-ақ Орта­лық­ Азия елдері – Түркіменстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан және Моңғолия.
2015 жылдың қорытындысы бойынша «Авто­ВАЗ» Қазақстан автокөлік нары­ғын­дағы неғұрлым сәтті қатысушы. Ел тер­риториясында сатылған жеңіл авто­көлік­тердің ішінде оның өнімдері 28 пайыз­ды құрайды. Сатылу көлемі жағынан Lada Қазақстан нарығындағы №1 орнын сақтап тұр. Өткен жылы еліміз бойынша 24,5 мың ресейлік брендпен автокөлік сатылған.