Негізгі бет  /  мақалалар  /  ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛГЕН ДҮНИЕНІҢ КӨЛЕМІ АРТТЫ

ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛГЕН ДҮНИЕНІҢ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Айқын-ақпарат
1054
ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛГЕН ДҮНИЕНІҢ КӨЛЕМІ АРТТЫ Сырттан келетін импортты алмастыратын заманауи және бәсекеге қабілетті тауар өндіріп шығару ісін қолға алған кәсіпорындар аз емес.

Оларды нарықтың қыспағынан, сан құбылған экономика саясатының салқынынан сақтап қалу және кедергісіз сатылап дамуына жағдай жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өзімізде өндірілген тауарды тұтынсақ, бағасы қолжетімді, сапасы сын көтеретін дүние болатыны сөзсіз. «Кісідегінің кілті аспанда» дейді дана халқымыз. Сондықтан біреудің болымсыз дүниесіне беделімізді салғаннан, өзіміздегінің өзегін кеңейткен әлдеқайда абзал.

 

Елімізде құрылыс индустриясы қарқын алған шақ қазір. Сондықтан құрылысқа қажетті мате­риал­дарды сырттан тасығаннан гөрі өзіміздің өндір­геніміз жан-жақты тиімді болатыны белгілі. Сатып алуға жұмсалған қаржы да сыртқа кетпейді, сатқан адам да бөтен емес. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған қазақстандық қамту мәселесі қазіргі уақытта біртіндеп жүзеге асып ке­­леді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» де­гендей, кез келген құрылысқа өзіміздің отандық өнімді пайдаланатын болсақ, еш ұтылмайтынымыз анық. Үкімет отандық тауар өндірушілерге барын­ша қолдау көрсетіп келеді. Түрлі жеңіл­діктерді ұсы­нып та жатыр. Қаржылық мәселелерді де ше­шуге мемлекет атсалысуда. Соның нәтижесінде елі­міздің барлық облысында индустриялды аймақ­тар ашылды. Олардың бәсекеге қабілетті өнім шы­ғара алғандары өздерінің өміршеңдіктерін көр­сетіп, нарықтың тезіне төтеп беріп келеді. Әри­не, тағы да бұл жерде мемелекеттің қолдауы сеп бол­ғанын айта кету керек. Енді осы тұста ҚР Ин­вестициялар және даму министрлігінің Ин­дуст­риал­ды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік коми­теті берген нақты деректерге көз жүгірте отырсақ. 

Цемент өндіретін 6 зауыт 
салынды
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мем­­ле­кеттік бағдарламасының алғашқы бес­жыл­ды­ғында жалпы құны 295,788 млрд теңге болатын 215 жоба пайдалануға берілген екен. Соның нә­ти­жесінде 15 876 жаңа жұмыс орыны құрылып, отан­дастарымыз еңбекке жұмылдырылған. Алты жыл­дық меже үшін бұл аз шаруа емес. Осы ретте тоқ­тала кететін бір сала ол – цемент өндірісі. Це­мент құрылыстың барлық сатысында да пай­даланылады. Бізде жылына 7,1 млн тонна «құрғақ тәсіл­мен» цемент өндіретін 6 зауыт пайдалануға бе­ріліп, ел игілігіне қызмет етуде. Олар: «Қа­зақце­мент» ЖШС, «Жамбыл цемент өндіру компа­ния­сы» ЖШС, «Стандарт Цемент» ЖШС, «Каспий цемент» ЖШС, «ACIG» ЖШС және «Карцемент» АҚ. Дәл бүгінгі таңда ел аумағында жылына 11,4 млн тонна цемент өндіретін 10 цемент зауыты жұ­мыс істеп тұр. Бұл зауыттар энергия шығындарын аз жұмсай отырып, өз өнімдерін барынша үнемді «құрғақ» тәсілмен шығарады. Сондай-ақ қандай күр­делі экономикалық жағдай болса да, өнімдері бәсе­кеге қабілетті бола алады. Ресейдің арзан це­мен­тін екі орап алатын өнім өзімізден де шыға­тын­дықтан, сыртқы шығынданудың жөні жоқ. 
«Мемлекеттік индустриалды-инновациялық да­му бағдарламасына сәйкес индустриалды құры­лыс комбинаттарын құру «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй құры­лы­сын­дағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға мүм­­кіндік беретін, сондай-ақ жаңа жұмыс орын­да­рын ашатын басым бағыттардың бірі.

Үй құрылысы комбинаттары жұмысын бастады
«2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» бағ­дар­­ламасын жүзеге асыруда индустриалды құры­лыс комбинаттарының алар орыны айрықша. Со­нымен қатар «Қол жетімді баспана – 2020» бағ­­­дарламасының орындалуына да осы құрылыс ком­бинаттарының септігі тимек. «Мемлекеттік индуст­риалды-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сына сәйкес индустриалды құрылыс комбинат­та­рын құру тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік беретін ауқымды жо­ба. Бұл жоба республиканың барлық аймағында жү­зеге асып жатыр. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, тұрғын үй құрылысының кө­ле­мін кемітпеу үшін индустриалды құрылыс ком­бинаттарын одан әрі дамытуға қомақты қаржы бө­лінді. Бұл қаражатқа жалпы алаңы 1,6 млн шар­шы метр болатын 27,5 мың пәтер құрылысын жүр­гізу қарастырылған. Индустриалды карта ая­сында Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қа­зақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қа­зақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан об­лыстары мен Астана қаласында 17 комбинат іске қо­сылды. Олар жылына 1,55 млн шаршы метр пә­тер салуға қауқарлы. Бұл салаға құйылған ин­вес­тиция 30 млрд теңгеден асады. Оның 20 млрд тең­гесі мемлекеттік бағдарлама арқылы несиелеу жолымен берілді. Құрылыс-монтаждау кәсіпорын­да­рын қосқанда 3 000-нан астам жұмыс орыны құрылды. Айта кету керек, үй құрылысы ком­бина­ты кәсіпорындары шығарған материалдар мық­ты­лығымен, тиімділігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ ин­новациялық материалдары бәсекеге қабілетті. Ұлттық және халықаралық стандарт та­лаптарына да сәйкес келеді. Биыл ғана 8 өнді­рістік цехы бар «GLB» ЖШС үй құрылыс комбинаты жұмысын бас­тады. Онда үлкен панельді және құрастырмалы кар­касты құрылысқа арналған темір бетон бұйым­дары шығарылады. Комбинатта 1200 адам жұмыс істейді. 

Керамиканы көршілерге сатамыз
Бұдан бөлек, Қазақстанда теңдесі жоқ жалғыз отандық керамогранит өндіретін «Зерде-Ке­рами­ка» ЖШС бар. Зауыт өнімдерін 2015 жылдың сәуі­рінен шығара бастады. Қазіргі уақытта толық қуат­қа көшіп, жылына 2 млн шаршы метр өнім өн­діруде. Бүгінгі таңда өнімдерінің 31 пайыздан астамын Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспорттап та үлгерді. Аталмыш зауыттың Орталық Азия елдерінде баламасы жоқ. Өнімнің сапасы мен бағасы бәсекеге қабілетті және еуро­палық стандартқа сай келеді. Өндіріс италиялық «Barbieri&Tarozzi» компаниясының озық қондыр­ғыларымен жабдықталған. 
Міне, елімізде құрылысқа қатысты бұлардан бас­қа да өндіріліп жатқан дүниелер аз емес. Өз кә­сіпорындарымызды қолдап, өзімізде өндірілген тауарларды алуға талпынатын болсақ, еліміздің де эко­номикасы еселене түседі және ешкімге мұқтаж бол­маймыз. Мемлекет басшысының алға қойған маңызды мақсаттарының бірі де осы. 

А.ІЗГІЛІК