Негізгі бет  /  мақалалар  /  ӘЛЕУМЕТТІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ

ӘЛЕУМЕТТІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ

Қайыржан ТӨРЕЖАН
941
ӘЛЕУМЕТТІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Орал өңіріндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға барлығын қос­қанда 300 млн доллардан астам қаржы бөлді.

Бизнес қашанда өзі жұмыс істейтін аумақтың тұрақты дамуына мүдделі. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының негізгі басымдылық берілетін бағыттарының бірі – әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Еліміздегі ең ірі мұнайгаз конденсаттық кеніштердің бірін игеріп жатқан консорциум өзінің міндеттерін бұлжытпай орындайды. ҚПО 1998 жылдан бері Орал өңірінің әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосуда. Содан бері өлкенің биографиясы әлемдік сапа стандарты деңгейінде жасалған қажетті құрылыс обектілерімен тығыз байланыста.

 – Консорциум мен Батыс Қазақстан об­лысы әкімшілігінің өзара қарым-қаты­на­сы­ның және PSA ЖШС Қарашығанаққа сал­ған инвестициясының нәтижесі облыстың әлеу­меттік дамуына жақсы ықпал жасады, – дейді ҚПО бас директорының орынбасары Марат Кәрімов. – Жыл сайын әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 20 миллион доллар қаржы бө­лінеді. Құрылысқа тек қазақстандық мер­дігерлер ғана тартылады. Мұнда жаңа мек­теп­тер, балабақшалар мен мәдениет сарайлары, спорт­тық ғимараттар салынады, жолдар мен ин­женерлік желілер жөнделеді. Әлеуметтік жауап­кершілік бойынша республикалық бай­қауда ҚПО бизнесі екі мәрте «Алтын парыз» наг­радасын жеңіп алды, сондай-ақ «Үздік әлеу­меттік жоба» номинациясы бойынша «Кү­міс парыз» марапатына ие болды. 
Жобалардың тізімі жергілікті атқару билі­гі­мен бірлесіп жасалады, бұл ең қажетті, ең өзекті мәселелерді шешуге жағдай жасайды. Ежел­гі Орал қаласының жан-жағына үйлер қосылып, көркейіп, өсіп келеді. Биылғы жы­лы жылдам өсіп жатқан шағын аудандар ор­на­ласқан қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде қала­ның жаңа орталығына айналған алаң ашылды. ҚПО қаржысына бірегей архи­тек­туралық жобалармен тұрғызылған бірнеше нысан дәл осы жерде орналасқан. Бұлар қала­ға көрік берген әдемі алқаға айналды. 
Қазіргі кезде Жастар және оқушылар са­райы құрылысының жұмыстары аяқталып қал­ды. Бұл дегенің жас ұрпақ білім алып, де­малуына лайықталып жасалған нағыз жас­тар сарайы болмақ. Жалпы аумағы бір жарым мың шаршы метр болатын бұл сарай бірнеше блоктардан тұрады. Оның құрылысын салу ҚПО-мен 17 жыл бойы бірге ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқан «Альтаир» компаниясына сеніп тапсырылды. Оның директоры Сергей По­тиченконың айтуынша, сарайда спорт залы, жеңіл атлетика манежі, жасанды мұз ай­дыны, бассейн, планетарий, интернет-ор­талық, фотостудия, электрондық тир, қыс­қы бақ, хореография студиясы, үйірме сабақ­та­рына арналған бөлмелер бар. Рио де Жаней­рода өткен Олимпиада ойындарында чем­пион атағын жеңіп алған Данияр Елеусін атын­дағы бокс орталығын ашу туралы жа­қын­да шешім қабылданды. Қазіргі кезде онда құрал-жабдықтар қойылып жатыр. 
Сарайдың құрылысының аяқталуы мер­зімі жылдың аяғында деп жоспарланғанына қарамастан, құрылысшылар жұмысты жақын арада бітірмекші. Осы жерде, жаңа алаңда тура сарайдың үлгісінде салынған Салтанат үйі орналасқан. Оның сырты да, іші де әдемі безендірілген. Оның шаңырағы, домалақ формасы қазақтың киіз үйін көзге елестетеді. Қала халқының саны өсіп келеді. Сондықтан Оралдағы бұрынғы АХАЖ бүгінгі күні отау құрып жатқандар үшін тар болып қалды. Құрылысшылардың айтуынша, оны жаңадан салу оңай болмаған, өйткені құрылыстың құрылымы мен безендірілуіне ескі типтік үлгілер қолданылмаған екен. Дегенмен олар өз­деріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындап шықты. Қазіргі кезде мұнда жастар­дың некелері ғана қиылмайды, сондай-ақ көп­теген маңызды жиындар мен басқосулар өт­кізіледі. 
Салтанатты шаралар өткізілетін сарайға жақын жерде ақын Қадыр Мырза Әли атын­дағы мәдениет және өнер орталығы орна­лас­қан. Ол да ҚПО қаржысына салынған. Оның бүкіл болмысы, көркемдігінің өзі ерекше. Оның ішінде кино, концерт және конференц-залдары, кітапхана, кітап қоймалары орна­ласқан. Ашық аспан астында өткізілетін шаралар үшін мыңнан астам адамға арналған амфитеатр бар. Ғимараттың қақ ортасында Қадыр Мырза Әлидің мұражайы орналасқан. Халық ақыны өзі дүниеге келген Орал өңі­ріне, туған еліне деген махаббатымен арты­на ізгі өнеге, естеліктер қалдырды. Экспо­зиция­лар оның жеке мүліктері, наградалары, кітап­ха­насы мен фотосуреттерінен тұрады. Мұнда­ғы 300-ден астам құнды экспонаттар, Қа­зақ­станнан тыс жерлерде танымал әдеби дүниелері ақынның өмірі мен шығарма­шы­лығы туралы баяндайды. Орталықта әртүрлі көрмелер, концерттер, танымал адамдармен, әдебиетшілермен, композиторлармен кез­десулер ұйымдастырылады. 
Оралдықтар сол ауданда орналасқан ҚПО-ның тағы бір жобасымен мақтанады. Ол – осы өңірдегі ең ірі спорттық нысан бо­лып саналатын теннис корты. Демалыс аума­ғы, баскетбол, волейбол және балалар алаңы, автоматты жүйемен суғарылатын көгалдан­ды­рылған аумақтар да халықаралық стандарт­тарға сай жасалған. Тапсырыс беруші жұмыс­тың сапасына мұқият бақылау жасаумен қатар, оның атқарылу мерзімінің уақытылы болуын қадағалап отыр. Барлық нормалар мен қауіп­сіздік ережелері қатаң сақталады. 
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» консорциумы Орал қаласында және об­лыс аудандарындағы бірнеше мектептің құрылыстарын қаржыландырып отыр. Биыл­ғы жылы Орал қаласындағы және Бөкейорда ауданындағы Ұялы ауылындағы екі мектептің күрделі жөндеуіне қаржы бөлді. Оралдағы №2 орта білім беретін мектептің оқытушысы Әли­ма Төреғалиеваның айтуынша, ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген мектептің бұрынғы қабырғасы ғана қалған, басқасын тұтастай құрылысшылар ауыстырып қайта салыпты. «Домостроитель» компаниясы айтқан уәдесінде тұрды, жұмыстың қыруар көлеміне қарамастан, қысқа мерзімнің ішінде құрылысты бітіріп берді. Ата-аналар комитеті мен ұстаздар басынан бастап аяғына дейін жұмыстың сапасын өздері бақылап, құры­лыс­шылардың ісіне дән риза болды. Жаңартылып салынған мектеп жаңа құралдармен жабдық­талды. Директордың пікірінше, мұндай мек­тепте сабақты жаман оқу мүмкін емес. Әлима Төреғалиева жергілікті билікке, құрылыс­шы­ларға, әрине, балаларға іс жүзінде жаңа ғи­марат сыйлаған инвесторларға ризашы­лығын білдіреді. Оның ішіне тіпті мектепке дейінгі дайындық тобы мен бүлдіршіндерге арналған мини-орталық та жайғасты. 
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Оралдағы қалалық парктегі Шаған өзенінің арғы бетіне өтетін жаяу жүр­гіншілер көпірінің құрылысын да қаржы­лан­дырды. Ол жерде Қарашығанақ инвесторла­ры­ның қаржысына қосымша демалыс орны са­лынбақшы. Сондай-ақ спортпен ай­на­лысу­ға да жақсы жағдайлар жасалуда, ересектерге бір бөлек, балаларға бір бөлек велосипед жол­дары салынуда.   
Өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – жол жағдайы. Ол да ҚПО араласуымен шешіліп жа­тыр. Биылғы жылы Оралдағы жол салу жә­не жөндеу жұмыстарын консорциум қар­жы­ландырып отырған бірнеше құрылыс ком­паниясы жүргізуде. Қаладағы орталық кө­шелердің бірі Еуразия даңғылында кешенді жөн­деу жұмыстары жасалды. Алдымен авто­көлік жолының астындағы құбырлық кол­лек­торларға жөндеу жүргізілді, содан кейін ин­женерлік желілер ауыстырылды. Содан кейін ба­рып жолдың беті тегістеліп, асфальт төсел­ді. Қазіргі кезде жолдардың жиектеріне тастар қойы­лып, соңғы жұмыстар атқарылып жатыр. 
Бөрлі ауданындағы жолдарында да жөн­деу жұмыстары «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қаржы­сы­на жасалып жатыр. Айта кететін нәрсе, бұл аудандағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, Қарашығанақ тұрған аумаққа, соңғы үш жыл бойы қосымша 10 млн доллар жы­лына бөлініп отырады. Өткен жылы астана күні қарсаңында Бөрлі ауылында 140 орындық балабақша пайдалануға берілді. Ауданның әкімшілік орталығы болып сана­латын Ақсай қаласында денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің, жолдардың, «Сары Арқа» спорт клубының құрылыстары және екі бірдей ықшамауданды жылытатын авто­номды қазандықтың құрылыстары жүріп жатыр. 
Жоба бойынша газ құбырын, су құбырын және канализациялық желілер тарту қарасты­рыл­ған. Қазандықты биыл пайдалануға бер­мекші. Соңғы келісімдегі өнім жөніндегі бөлім­де көзделгеннен тыс, Ақсай қаласы мен Бөрлі ауылының арасына қатынайтын жол­дың 40 шақырымын жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлінді. Бұл жерде де жұмыстың сапа­сы мұқият қадағаланады. 
– Мердігерлерді таңдаған кезде біз жер­гі­лік­ті өндірушілерді қолдау және қазақ­стан­дық үлесті ұлғайту принциптерін ұстанамыз, – дейді ҚПО әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Самат Сәрсенғалиев. – Құрылыс компанияларымен өзара түсіністік ортаны қалыптастыратын серіктестік қарым-қаты­нас­тамыз. Сапа параметрлері жобалау кезінде де, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда да сақталуы тиіс. Міндетті түрде сапалы ма­териалдар қолданылуын қадағалаймыз. Бірақ қазақстандыққа басымдық береміз. Бүгінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының Орал өңіріндегі әлеуметтік са­лаға салған жалпы қаржысы 300 млн дол­лар­дан асып кетті. 

Батыс Қазақстан облысы