Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Нұр Отан» партиясы: барлық саладағы баяндылық жолында

«Нұр Отан» партиясы: барлық саладағы баяндылық жолында

Қанат МАХАМБЕТ
744
«Нұр Отан» партиясы:  барлық саладағы баяндылық жолында Бәсекеге қабілетті ұрпақ қана сапалы ұлт қалыптастырады

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партиялық куратор Әбдіманап Бектұрғановтың бас болуымен білім саласындағы маңызды мәселелер талқыланды.

 

Күн тәртібіне 12 жылдық білім беру жүйе­сіне көшу мен апатты және үш ауы­сым­мен оқитын мектептердің орнына жаңа ғимарат салу кезінде бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға қатысты сұрақ­тар қойылды. Сонымен қатар мұнда би­лік партиясына азаматтардан білім са­ласына қатысты көп сауал келіп жатқаны жа­рияланып, олардың ең өзектілері ой еле­гінен өткізілді.
Ә.Бектұрғанов 12 жылдық білім беру жүйе­сіне ауысу мен апатты және үш ауы­сым­мен оқитын мектептердің орнын ал­мас­тыратын нысандарға жұмсалатын қа­зына қаржысын қадағалау партияның сай­лауалды бағдарламасындағы білім ба­ғыты бойынша құрылған комиссия мүше­ле­ріне жүктелгенін баяндады. Оның сөзін­ше, комиссия орталық, аймақтық деңгейде тиімді жұмыс істеп жатыр.
«Мемлекет басшысы бізге нақты тап­сырма берді. Қазір біз олқылықтардың ор­нын толтыру, кемшіліктердің алдын алу ба­ғытында әрекеттеніп жатырмыз. Себебі, бі­лім аса маңызды сала. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қана сапалы ұлт қалыптастыра ала­ды» деді партиялық куратор.
Жиында Білім және ғылым вице-ми­нистрі Эльмира Суханбердиева баяндама жа­са­ды. Ол 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу идеясын ең алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2001 жылы білім беру қыз­меткерлерінің съезінде ұсынғанын тіл­ге тиек ете келіп: «2011 жылы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент 2020 жылы 12 жылдық мектеп толық жұмыс іс­теуі қажет екенін атап айтты. Осы тап­сыр­маны орындау үшін «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 76-қадамында 12 жылдық білім беруге көшу қарастырылған.
Мектепке 6 жастан бару әлем елдері бойын­ша қалыптасқан және жүріп жатқан үде­ріс. Ол өзінің тиімділігін әлдеқашан дә­лелдеп қойған» деді.
Бұдан кейін министрдің орынбасары 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу елі­мізде тәжірибе жүзінде 2002 жылдан бас­тал­ғанын айтты.
«Мақсатқа жету үшін құқықтық-нор­мативтік база әзірленді. 2003-2004 жылдар ара­лығында еліміздің барлық аймағынан 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіру үшін 51 мектеп анықталды. 2004-2005 жыл­дарда бұл мектептердің саны 104-ке жетті. Нәтижесінде біз балаларды 6 жастан бастап оқыту, білім жүйесіне тереңдетілген ағыл­шын тілін енгізу, информатика пәніне ба­сымдық беру сынды жаңашылдықтарды қол­дану дұрыс екендігіне көз жеткіздік» деп түйді сөзін Э.Суханбердиева.